Сағыныш
Сағыныш

Уа, Әз Елші, асқақ сенің құрметің,

Сен жымисаң жасырушы еді күн бетін.

Байқайсың ба, сағынышын жас қылып

Сені аңсаумен күн кешіп жүр үмметің.

Сағынбаса  айып санап бұл ісін,
Жүрек тулап үдетеді дыбысын.
Жер бетінде тірі жүрсе бір мүмін
Өлген жоқсың, сен де барсың, тірісің.
 
Сеземісің, айналамыз кіл мүмін?!
Хаққа арнауда мақтан тұтып құлдығын.
Өкініш-ай, Әбу Жаһил, Үбайлар
Әлі күнге жасап келеді сұмдығын.
Жалған емес, уа, Сұлтаным, шындығым.
 
Құрайыштың бектеріндей "бағалы"
Мүміндерге күн көрсеткен қаралы.
Дұшпаның бар Әбу Лаһаб залымдай
Ақты айыптап, қадір тұтқан қараны.
 
Өксігімді сенсіз қалай баса алам?!
Қатігездер қолдан аштық жасаған.
Тайфтықтар табылады қоғамнан
Пәк тәніңе тас ататын тасадан.
 
Бірақ, бірақ Зәйдтер бар жүздеген,
Тас жаудырып тек тұрмаймыз біз деген.
Мың Біләлді, жүз Сәлманды өсірдік
Өзің жүріп гүл бітірген ізбенен.
 
Хадишадай аналар бар ары ұлық,
Айшалар бар жетелеген әр үміт.
Үммі Гүлсім, Руқайялар, Зейнептер
Сарғайып жүр мейіріміңді сағынып.
 
Арамызда мың Абдолла мың Қасым,
Ибраһим көп енді сағың сынбасын.
Аналар бар бөлшегіңдей бейнебір
Фатимаңның салып жүрген сұлбасын.
 
Әбу Бәкір, Омарлар бар әлі де,
Қызықпаған дүниенің дәміне.
Хаббабтар бар Сені сүйген, шыдаған
темір шоқтар басылса да тәніне.
 
Мен Осман деп сипат бердім біріне,
Дүниесін төккен Алла дініне.
Бала Әли деп ат қойдым да, тебірендім
Дінім, дінім деген титтей ініме.
 
Алаламас алыс пенен жақынды,
Көрдім және Халид сынды батырды.
Мұғаздар бар Мұсғабтар жүр шалғайда
Басқа жұртқа жеткізсем деп атыңды.
 
Десем дағы махаббатым толық тым,
Жүрегіме үңілдім де қорықтым.
Сені сүйген асхабыңның тіпті біз
Тырнағына татымаймыз соны ұқтым.
 
Көзімді ілсем келетіндей дыбысың,
Қақ жарардай аппақ бейнең түн ішін.
Уа, Сұлтаным, Сені сүйген жандар бар,
Демек, Сен де барсың, әлі тірісің.
Артық айтсам айыбымды кеш Аллам
Өзің ғана білесің ең дұрысын.
Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
8 лет назад 10060
3 комментария
О блоге
0
29830 200 345 261 209