Неліктен оқимыз?
Неліктен оқимыз?

Жоғарыда айтып өткеніміздей тарих дегенде өткен дәуірлерде болып өткен оқиғалар ойға орала кетеді. Ал, өткен ғасырлардың қойнауында болып-біткен оқиғаларды айна-қатесіз баяндаудың басында әлбетте, Құран қиссалары тұрары хақ. Құрандағы ешбір аят мақсатсыз, мағынасыз емес дейтін болсақ, Құранның үштен бірін қамтыған қиссалардың да өзіндік мақсаты, белгілі мұраты бар. Алла Тағала Құран Кәрімде «...Ендеше, ғибратқа толы осы мысалды оларға айтып бергін, бәлкім, ойланып сабақ алар»[1] деп бұйырған. Бұл жерде айтылуы керек болған мысал – пайғамбарлар қиссасы. Ендеше тарихтың жазылуы және Құран қиссаларының ауыздан-ауызға таралып баяндалуының ар жағында өткеннен ғибрат алып, бой түзеу, мәнді сөзі мен мағыналы жырын жаттап ой түзеу жатыр. Болмаса кейбір жандардың дегеніндей таңды-таңға ұрып, бей-берекет құлақ қыздыруға арналған құрғақ әңгімелер емес. Қазақ даласында, қазақ баласына аңыз болып, жыр-дастан болып өткен хан-сұлтандар мен бек-батырлардың ғұмырнамалары да тарих екендігі даусыз. Бұл адам баласының тарихтан тататын тәлейінің бірі.

Өзіміз өмір сүріп жатқан бұл ғалам жаратылған кезде,  қиямет күніне дейін еш өзгермейтін, ешқашан өзініне жүктелген міндетінен ауытқымайтын мызғымас ережелер мен тұрақты заңдар қоса жаратылған. Өйткені, адам баласының қолайлы өмір сүріп, қоршаған ортасының заңдарын жақсы білумен қатар сол заңдарға бейімделіп кетуіне ұзақ уақыттар мен терең тәжірибелер талап етілері сөзсіз. Егер бұл заңдар қысқа мерзім арасында немесе белгілі бір уақыттан соң өзгеріп кете беретін болса, адамзаттың өмір сүруі тым қиындап, жер бетінде тұрақты өмір сүру мүмкін болмас  еді. Алайда, Алла Тағала қасиетті Құранда «...Сендерге ол жерде тұрақтылық және белгілі бір мерзімге дейін пайдалану бар»[2],- деген.  Яғни, адам баласы үшін бесік болып жайылған жер бетінде оның ажалы келіп, талқаны таусылғанша ешбір өзгермейтін заңдарға негізделеген белігілі бір тұрақтылық, өмір сүру салты бар. Пенде баласының салмақты да,салиқалы ғұмыр кешуі осы заңдар мен ережелерді жақсы ұғуыменен жүзеге асары хақ. Сондықтан да, жер бетіне Алла Тағала қойған қағидалар еш өзгермейді де, ауытқымайды. Алла Тағала Құран Кәрімде «...Алланың заңынан ешқандай өзгеріс таппайсың! Алланың заңынан ешқандай өзгертушілік те таппайсың!»[3] Яғни, Алла тағаланың пенделерінің қай сенімі мен қай қылығына қалай қарайтындығы әрі қарымталарын қалай қайтаратындығы иләһи заң түрінде белгілі әрі, әсте, өзгермейді делінген. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімнің бір әріпінің өзін қияметке дейін өзгермейтін етіп сақтап қойғаны сықылды, жаратылыс кітабының аясына да қисаймайтын қағидалар орнатқан. Бұл ережелерді әркім өзінің шама-шарқына, қабілет-қарымына қарай түсінуге тырысып бағады. Мәселен, тіршілік көзі болып табылатын су жүз градустық ыстық температурада бұрқылдап қайнай бастайды, ал, температура нөлге жетіп, одан төмен түскен сайын мұз болып қату процесі жүреді. Судың бұл қасиеті қиямет күніне дейін еш өзгеріссіз жалғаса бермек. Егер су бүгін отыз градуста қайнап, келесі күні жетпіс, одан кейінгі күні елу градауста қайнайтын болса, адам баласының өмір сүруі қиынға соғар еді. Өйткені, күн сайын өзгеріп жатқан заңдар мен қағидалар, кешегі күннің талаптары мен ережелерінің ізі де қалмай ауытқи бергендіктен адамзат келер күннен ешқандай рахат күтпей, тек қана қорқыныш пен үрейден көз ашпайтындығы ақиқат. Алайда, Алла Тағала жер жүзінің халифасы болған адамзат баласына осындай ескірмес ереже мен қасаң қағиданы тарту еткен. Дәл осы сияқты отқа тән күйдіру, өртеу сынды қасиеттер де қияметке дейін бір қалыпты жалғаса бермек. Дегенмен, бұл ережелердің тысында орын алған оқиғалар тарихта көптеп кездескен. Мысалы, жалыны жақындағанды жағып жіберетін отқа Ибраһим пайғамбар тасталған кезде қылын да күйдірмеді. Осы сияқты суға салғанда батпай, отқа салғанда күймей Құдай қойған ережеден тыс болып жатқан оқиғаларды Ислам терминінде мұғжизалар деп атаймыз. Бұндай мұғжизалар пайғамбарларға ғана тән, ерекше қасиет. Ақылды адам ережеден тыс орын алған осындай оқиғалардың мұғжиза екендігіне иланып, оны әдеттегі жағдайдан өзгеше, Алла Тағаланың қалауымен болған ғажайып іс екеніне көңілін орнықтырады. Болмаса қатардағы қарапайым адам қолын жалындаған оттың ішіне сұғып «Ибраһим пайғамбарды от өртеген жоқ, мен де жанбаймын» деп отқа түсе алмайды. Себебі, отқа берілген міндет – күйдіру, өртеп күлге айналдыру. Міне Алла Тағала жаратып адамзатқа ұсынған бұл ғаламның аясында осындай бұлжымас ережелер жыртылып-айырылады. Бұл ережелер арқылы ілім қарыштай дамып, ғылыми жаңалықтар ашыла береді.

Тағы бір мысал: Кез-келген тіршілік иесі азықтанбай тұра алмайды. Бұл оның әу бастан осындай бір қағидаға қарата жаратылғанын көрсетеді. Егер қандай да бір адамға немесе кез-келген хайуанның біріне тамақ бермей ұзақ мерзім ұстайтын болсаңыз, ақыры оның жан тапсыруымен аяқталады. Себебі, физикалық жаратылысына қойылған ережеге сай оның тамақтануы, тәнінің хақысын беріп азықтануы ләзім. Ендеше, Адам Атадан бастау алған осындай қағидалар қиямет-қайымға дейін жалғаса берері хақ.

Жер жүзіндегі қауымдар мен келіп-кетіп жатқан үмметтердің өзгеруі, олардың арасында жақсылар мен жамандардың болуы, сатқындар мен қаншерлердің өмір сүруі, әділет іздеп әлек болған әлсіздердің басына әңгіртаяқ ойнатқан «әлділердің» болуы да – заңдылық. Ең маңыздысы сол – біз ол топтардың қайсысында екендігіміз. Мазлұмдардың[4] еңіреген үнін сыбызғының сазындай құлақ құрыштары қана тыңдаған залымдардың арасындамыз ба, болмаса Алтын ғасырды орнатуға ат салысып, ақиқаттың ауыр жүгін арқаласуға ар-намысымен атойлаған жандардың жанындамыз ба?! Қауымдар мен мемлекеттердің аттарының ауысқаны ғана болмаса Алла Тағаланың иләһи режелерінде ауытқу мен өзгеру атымен жоқ. Мейлі үметтің өзгеруі кереметтей өркениеттен жабайылыққа қарай құлдыраса да, керісінше настыққа басталған надандықтан бас айналдырып, таңдай қаққызған мәдениеттің шыңына шықса да иләһи қағидаға сай ғана болады. Бейне бір театрдағы қойылым тәрізді. Жазылған пьесса сол, оқиға желісі белгілі, тек қана актерлар әртүрлі.

Абыз тарихтың парақтарын ақтарып отырып үметтердің басы мен соңының, тіпті мыңдаған жылдар бұрын болып кеткен оқиғаның әне-міне ғана орын алғанына куә болған кезде жағаңызды ұстап таң қаласыз. Мың жыл бұрын болған оқиға дәл сол, тек қана адамдардың аттары бөлек, заттары әртүрлі. Сонау ғасырларда күн кешкен перғауын Әбу Жәһил деген атпен ардақты сахабалардың кезінде өмір сүрсе,[5] бәлкім, қазіргі таңда да аты бөлек, заты сол, арамызда өмір сүріп жатуы да ғажап емес. Болашақта да жалғанды жалпағынан басқан перғауындар өмір сүре береді...Алайда үміт үзу жоқ, себебі, әр дәуірдің перғауынына сай, Мұсасы да бар. Сондықтан да, тарихты оқып отырған кезде бейне бір болашақта орын алатын жағдайларды да жобалап жатқандай күй кешесіз. Мөңке бидің «...Бұқараны құм алады, Төрткүлді су алады...» деп болашақ жайлы ұзағынан толғауы өткенді саумалап отырып саралаған санасынан төгіліп түскен сәуле болса керек. Себебі, жоғарыда айтып кеткеніміздей әрбір оқиға мен қауымдардың ауысуы белгілі бір ережелерге сай жүзеге асып отырады. Осының барлығына дұрыс талдау жасай білген парасатты мұсылман кез-келген істі бастағанда өткен қауымдардың жүрген жолына үңіліп, нендей іс арқылы қайсысы құтылды, қандай істі жасап қайсысы тұтылды осыдан үлгі алып, қадам жасайды.  Халық даналығында «Өткенді білмей, болашақты болжау мүмкін емес» деген сөз де осының айғағы екені даусыз.



[1] Ағраф сүресі,176-аят

[2] Бақара сүресі, 3-аят

[3] Фатыр сүресі, 43-аят

[4] Зұлымдыққа ұшыраған кісі

[5] Ахмад ибн Ханбал «Мүснәд» 2\3824-3825

Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
8 лет назад 4127
2 комментария
  • демеулік шылаудан кейін (егер ол бірыңғай сөйлем болмаса) үтір қойылмайды, екіншіден "ұғыну" емес -"ұғу", т.б.
    8 лет назад
    • Алла разы болсын, аға! Сын түзелмей, мiн түзелмейді ғой. Кеңестеріңiзге мұқтажбыз. Сiзден əлі үйренерiміз көп...
      8 лет назад
О блоге
0
29830 200 345 261 209