Ұнатпадым...
Ұнатпадым...

Нөсерлетсе сұр аспан күз келеді, 

Жазда туған жас арман күзде өледі. 
Сұр қашады, көңілді мұң басады, 
Бұл емес еді жанымның іздегені.
 
 Сап-сары боп сарғайып күз келеді,
 Сары дала ұқтырады бізге нені?
 Қайтқан құстар, сарғайған жапырақтар, 
Сағындырған жандардың іздері еді. 
 
Ұнатпадым мен күзді, бұл ағат па? 
Ұмтылмаңдар себебін сұрамаққа. 
Күлкі отын сөндіріп кейбір жанның, 
Үгіттей ме кей жанды жыламаққа?!
 
 Әкеле ме қарт қыстан батыл ақпар, 
Тон тонатып қалады қақырап тал.
 Бәрі өтпелі екенін дәлелдейді 
Табанымда тапталған жапырақтар.
 
 Мұң екен деп халықтың күз дегені. 
Талай жандар үмітін үзген еді.
 Көктем келер, жаз жетер жадыратар, 
Жүрек тулар, жібітер мұз денені. 
Өксік толған кеуделер шипа тапсын, 
Келсе келсін, мұны тек күз береді ...
 
...Шипа еді ғой пенденің іздегені...
Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
8 лет назад 6248
16 комментариев
  • күз маған қатты ұнайды, тіпті асыға күтемін осы мезгілді
    8 лет назад
  • сіз күзді ұнатамын дедіңіз бе,
    біз сізді ұнатамыз, сізді ғана (Гүлнәр Салықбаева)
    8 лет назад
    • Кешіріңіз, түсінбедім. Гүлнәр Салықбаевамен шатастырған секілдісіз
      8 лет назад
  • дөңайбат бұл, дөң асқан жол, дөкір күз.
    үнсіз ойда отырмыз...
    иығыма үнсіз басын сүйейді,
    жетім күз... (есенғали раушан)
    8 лет назад
  • Әр мезгілдің өз әдемілігі бар. Байқасақ әрине.
    8 лет назад
  • Жылағым келмейді, мұңайғым келмейді күзбенен,
    Сүймеймін содан, "сүймеңiз" демен сізге мен.
    Қалтырап тұрар Қараша дейтін шал
    Жылатып жанды, естеліктерімен жүздеген...
    8 лет назад
  • Қолыңыз талмасын.
    8 лет назад
  • Көретін өңінен түсі көп,
    Күледі біреуі кісінеп
    Мен - жарты, ай - жарты аспанда,
    Көршінің үйінде кісі көп (Гүлнәр Салықбаева)
    8 лет назад
  • Қаздар қайтып барады мекеніне,
    (Қанаты бар мақұлық кетеді де).
    Қаз-қаз басып, қалтырап қария тұр
    Дәрмені жоқ таяғын көтеруге.
    Қарашаның қалықтап желіменен,
    Қаздар кетті қоштасып көліменен,
    Қайтқан құстың қария қанатына
    Қарайды көзін сүртіп жеңіменен.
    Қаздар қайтып барады тізбектеліп,
    Іздеп кетті көктемді, іздеп келіп.
    Қарашада қалтырап қария тұр
    Тағы да бір сұп-сұрғылт күзді өткеріп.
    Қаздар кетті, құлақта үні қалды,
    Жазды әкетті. Әкетті тұнық әнді,
    Қайтқан құстан қара үзіп қалса-дағы,
    Қалтылдаған қария, тұрып алды.
    Қарашаның ұлыса желі гулеп,
    Түсіне бер қаңтардың желігі деп.
    (Мұқағали Мақатаев)

    Аға, өлеңдеріңде Мұқағалидың ізі жатады, Алла береке берсін!
    8 лет назад
    • ...Жүрегім бар жақпайды жай қараған,
      Тілім бар тіліп түсіп сайрамаған.
      Ақын демен ешқашан өзімді мен,
      Әйтсе де бір арман бар аймалаған...
      Мұқағали Мұз таудың мұзбалағы
      Ондай болу қалқатай, қайда маған)))
      8 лет назад
  • Қайда бәрі, қайдалап,
    Ағаштар тұр ай қарап,
    Табанымды тас тілген
    Тағдырым бар тайғанақ
    8 лет назад
  • Бұл өлең шумағы да Гүлнәр Салықбаеванікі. Авторын көрсетуді ұмытып кетіппін
    8 лет назад
  • Сағындым сені, сағындым сені, сағындым,
    Айтар сөзім бар-ды, айтар сөзімнен жаңылдым
    Жылы сезімнен барады көзім ілініп,
    Суығын мүлдем ұмытып келген жағымның

    Сағындым сені, сағындым сені, сағындым... (Гүлнәр Салықбаева)
    8 лет назад
  • Тойланбай қалған көп қызық,
    Жаңбыр боп қайта жауды кеп
    Кереңдеу күнді өткізіп,
    Жүрем деп қоям жәудіреп (Гүлнәр Салықбаева)

    Суретің ғана қолымда жансыз елесің,
    Сен мені көрсең, қайғырған Асан көресің
    Көзіңе көкті сыйғызар үндемесім-ау,
    Көркіңе көзім тойғызып қашан келесің

    Алыстасың ғой, алыста, келесің енді...
    Түсіме бүгін тым жүдеу елесің енді

    (Гүлнәр Салықбаева)
    8 лет назад
  • Күз еді... бүгін көктемді көрдім түсімде (Өзім)

    Мұқым әлем мөлдіреп көрінетін...(негізі көрінеді)
    Бақытты адам көріп қалдым айнадан (Гүлнәр Салықбаева)
    8 лет назад
  • Күн болып кеткім кеп еді
    Күнім де түнге айналды
    Түн болып кеткім кеп еді
    Бөлмемнің ішін қайғы алды
    Ай болып кеткім кеп еді
    Келмеді көкте жай тапқым
    Жұлдыз боп кеткім кеп еді
    Жұлдыз боп жерге қайта ақтым

    (Гүлнәр Салықбаева)

    8 лет назад
О блоге
0
29830 200 345 261 209
Прямой эфир