Алып ағаш (астарлы ертегі)
Алып ағаш (астарлы ертегі)
Ерте, ерте, ертеде, мынау ғажап өлкеде, жер-жаһанға әйгілі алып ағаш болыпты. Ағаштың кереметтілігі сол - кез-келген жан қалаған жемісін осы ағаштан алады екен. Жер бетінде жақсы саналып, адамның бүкіл дертіне дауа деп табылған жемістің барлығы осы ағашта бар екен. Себебі, бұл ағашты небір кереметтей бағбандар ғасырлар бойы баптап, жеміс беретін шаққа дейін тыным таппай еңбек еткен екен. Көлеңкесі арып-ашқан адамға сая, шырынды жемісі шөліркеген жанға сусын болыпты. Алып ағаштың мәңгі жемісті болуы үшін жүздеген ғұламалар мыңдаған жас бағбандарды оқытып-тоқытып ағаштың жемісін қалай алудың жолдарын үйретеді екен. Себебі, бұл адамзаттың дертіне шипа, жанына рахат сыйлайтын жалғыз ағаш тұғын. Ұрпақ ауысқан сайын небір бағбандар келіп, ағаштың бір жапырағы сарғаймасын, мәңгі бақи жап-жасыл болып тұрсын деп күндіз-түні ұйқы көрмейді екен. Себебі, ол қуанған жанның құлдыраңдап асыр салатын алаңы, мұңайған жанның бір сәт тыным тауып, шер тарқататын шипалы жайы болыпты. Сол үшін де, бұл мекенді "мейірім мекені", ол аймақты басқаратын патшаны "мейірім патшасы" деп атапты. 
 
Қай жерде жақсылық бас көтеріп, адамзат жарыққа қадам жасай бастаған тұста қараңғылықты қалайтын қарақшылар да тыныш жатпайтыны жазылмаған заң деп жатады. Солай ма, кім білісін, алып ағаштан алыс аймақта өздері үнемі құламалы құздар мен жаман жартастарды мекендейтін жауыз пенделер өмір сүріпті. Олар бұл ағаштың осыншалықты кереметтілігі мен саясына топталып келіп жемісінен барынша пайдаланған мейірімді жандардың мерейінің үстем болғанына іштері күйіп, қызғанады екен. Қалай да бұл ағашты құлатып, бүкіл адамдардың назарын өзімізге аударамыз. Мейілінше мейірімді ұмыттырып, ондағы адамдарды қандыкөз қатыгезге айналдырсақ деп армандайды екен. Осылайша күңкіл-күңкіл сөз болып басталған қызғаныш, күннен-күнге іске айнала бастады. Бұлар да жатпай-тұрмай алып ағашты құлату үшін небір кеңестер жасап, дымдарын шығармай дос болып келіп, дегендерін істемек болыпты. Сол үшін терең құз жартастардың арасындағы "өлім" атты үңгірдің ішіне тамшылап тұратын "өлім" деп аталатын суды ағаштың өзегіне құйып, мәңгі құртпақ болады. Сөйтіп, үңгірдегі бұл суды алып шығу үшін құзғындар патшалығынан көмектесулерін өтінді. Алып ағаштың аясындағы мейірімді жандарға жаны қас құзғындар патшасы бұл өтінішке қуана келісіп, ең қиын жорықтарға жұмсайтын жас құзғынға бұл істі тапсырды. Құздан құлдилап барып судан бір тамшы аузына алып алған құзғын, қарапайым қарға құсап ұшып отырып Алып ағаштың басына келіп қонады да, аузындағы суды ағаштың өзегіне тамызып тайып тұрады. Сөйлеуге тілі жоқ, бір қарағанға ешқандай міні жоқ болып көрінген алып ағаш, өзегі өртеніп іштей шіри бастайды. Бір-екі жыл өткен соң жемістері нәрсіз, жеген адамға құнарсыз тартты. Мұны байқаған бағбандар қайтсек те бұрынғы жемісті алуымыз керек деп барын салды. Ағаштың жапырақтарын сылап-сипап, шіріген бұтақтарын аралап, айналып-толғанып бақты. Алайда, ешқайсысы ол ағаштың ауруы өзегінде екенін бағамдай алмады. Әрбір жапырағына, әрбір бұтағына небір ем-домдарды жасап ұйқы бетін көрмеді. Бірақ, алып ағаштың беті бері қарамай, кетеуі кете берді. Бірнеше жылдардан кейін алыстан менмұндалап жайқалып тұратын алып ағаш, жапырайған жалғыз терекке айналды. Жасағаны жүзеге аса бастағанын барлап-байқап жүрген жауыздар Алып ағаш аймағының патшасына "ағашты емдеу жұмысына көмек көрсеткіміз келеді" деп жанашырлық танытқан болып келді де, мейірім мекеніне мықтап орналаса бастады. Уақыт өте келе "Бұлар ағашқа дұрыс қарай алмайды" деген сылтаумен бұрыннан ағаш өсіруде аты әйгілі қарт бағбандардың басын алдырып, орындарына өздері қонжиды. Сөйтті де, алып ағашты құлату мақсаттарына еркін кірісті. Жанашыр бағбандарды жалған жалалармен аяусыз қырды. Кейбіреулерін зындандарға тастап қор қылды. Зынданда жатқан қарт бағбанның бірі бұл ағаштың құлауға айналғанын іштей сезді. Ағаштың ауруы өзегінде жатқанын, іштей шіріп құрығанын кеш түсінді. Өзегі өртеніп жатқан бейшара ағаштың жапырағын емдеумен өткізіп алған уақыттарына іші ашып, зар жылады. "Құласа құласын" деді қарт жүзіндегі жасты сүртіп. "Енді осы қапастан шықсам, бұл ағаштың тамырын бүкіл жер бетіне отырғызамын деп өз-өзіне серт берді...
 
"Ағаш жайқалғанша ешкім жанына жақындамасын" деп жауыздар жар салды. Енді, алып ағаштың жанына жан баласы жақындамайтын болды. Кезінде жемісін жеп, саясында әңгіме-дүкен құрған мейірім мекеннің тұрғындары ағаштың кейпіне алыстан көз тастап, жанарлары жасқа толып, кеңсіріктері сыздап өтетін болды. "Қайран дәурен-ай" деп мейірімді жандар зар қақты. Күндердің күнінде алып ағаш толықтай жапырақтарын төгіп, қайтып көктемес болды. Ақыры бір күні гүрс етіп құлады...Жауыздар ғасыры туды... Мейірімділіктің аты ғана қалды...
 
 ...Қарт бағбан алып ағаштың тамырына сенді. Ауыр азаптарды артына тастап, зынданнан шыққан күні өзіне шәкірт болған бірнеше жас бағбандарды жиып алды да: "Бұл сендерге аманат, көктетіңдер! Қайран ағаштың ешқашан солуға қақысы жоқ. Тамырынан үзіп-үзіп алып, бүкіл жер бетіне егіңдер. Тамыры мықты болған ағаш ешқашан солмайды. Мен тамырының мықты екеніне сенімдімін. Алайда, бұл қасиетті ағашты қайта көктетіп, жайқалған қалпына куә болу үшін бірнеше ғасыр өтуі мүмкін. Асықпаңдар, алып ағаштың аясын аңсаған жұрт ең алдымен өздеріңдей жанашыр бағбандарды баптап шығулары қажет. Ол бағбандар бір-бірін ыммен-ақ түсініп, алып ағашты қайта тұрғызу жолында барын салсын. Сол кезде өзіміздің ғасырымыз туады, "мейірім патшалығы" қалпына келеді, ағашымыз жемісін береді. Алып ағаштың жемісі деп алдап берген арзанқол нәрсеге арбалып, мақсаттарыңнан ажырамаңдар. Қанекей, қырандарым жолдарың болсын! - деп қарт бағбан көз жұмыпты...
 
...Шын болса сол өсиетті арқалап жүрген қарт бағбанның қырандары әлі күнге дейін алып ағаштың тамырын жер бетінде егіп жүр деседі. Кейбір жерлерде көшеттері көктеп, қайта жанданып келе жатыр екен. Шіркін-ай, біз де қарт бағбанның қырандарына кез болып, сол ағаштың тамырыннан бір үзіп алып, адамзатқа сая болатын алып ағаш өсіруге атсалыссақ қой!.. 
Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
9 лет назад 14782
4 комментария
О блоге
0
29830 200 345 261 209