Тарих дегеніміз тілдік терминологияда уақыттың белгілі болуы деген мағынаға саяды. Жәуһари[1] атты ғалым тарихты «уақытты білу» деп түсіндіреді.[2] Әсмағидың[3] айтуы бойынша тарих сөзі баз бір ғалымдардың айтып жүргеніндей парсы тілінен араб тіліне енген сөз емес, араб тілінің төл сөзі.[4] Бір қызығы тарих сөзінің түп тамыры «мәһ руз» деген сөзден туындайды деушілер де бар. Бұл жердегі «мәһ» сөзі «ай» деген мағынаны білдірсе, «руз» сөзі «күн» дегенді білдіреді.[5] Яғни, сырылдап сырғыған ай мен жылыстай жылжыған күнді бір сөзбенен тарих деп атаса керек. Ал, кейбір ғалымдардың пікірінше тарих сөзі ай деген мағынаны білдіретін, ассириялықтарға[6] тән сөз.[7]
Бұл пікірлердің барлығы да тарих сөзінің тілдік жағынан қандай мағынаға саятындығынан келіп шыққан, ал, терминдік тұрғыдан нақтылай анықтама беруде мұсылман ғалымдарының пікірлері әртүрлі. Оның бір себебі, тарихтың аясына бірнеше мәселелер қамтылғандығынан болса керек.
Хижри жыл санауы бойынша алғашқы үш ғасырда өмір сүрген ғалымдар тарих ғылымына нақтылай анықтама мен толық түсініктеме бермей, тарихтың зерттеу объектісі туралы және оны оқудың пайдасы мен мақсаты турасында сөз қозғауменен шектелген. Өйткені, қандай да бір ғылым соған қатысты келтірілген мысалдармен, оны оқытудың мақсаты мен кейбір түрлеріне байланысты белгілі болады. Халифату ибн Хият[8] атты ғалым тарих анықтамасына қатысты былай деген: «Бұл тарих кітабы. Тарих арқылы адамдар атқаратын қажылықтары жайлы, әйелдерінің иддет мерзімдерін анықтау жолдарын және келісім шарт жасаудың жөн-жосығын білетін болады».[9] Атақты Табари да өзінің тарих жайлы жазған көлемді еңбегінде осы мағынаға жақын анықтама берген.[10] Алайда, тарих ғылымына ең алғаш терең бойлап, нақты, әрі түсінікті етіп анықтама беруге талпыныс жасаған – Абдуррахман ибн Халдун.[11] Ол өз еңбегінің кіріспе бөлімінде тарихқа былай деп анықтама береді: «Тарих ғылымын жалпы алар болсақ, аттай желіп өткен ғасырлар мен сынаптай сырғыған күндер жайлы баяндайтын, атағы алыстарға жеткен, бес үйден басталып бес құрлықты билеуге дейін барған, сөйте тұра, күні жетіп, шөгіп біткен мемлекеттер туралы баяндайтын ақпараттар. Олар жайлы сөзден-сөз туып, көбейе береді, жақсы мен жаманын елеп-екшеп мысалдар келтіріледі. Қандай да бір атаулы күндер мен жұрттар жиналып той қылған айтулы күндеріне аса назар аудартады. Ал, біздерге мынау жаратылыстың ішінде сәт сайынғы қал-қарекеттердің қалай құбылып жатқандығын ұғындырады. Мемлекеттер шегарасын кеңейіп, мекендерінің межесін белгілегенін, «айт, айт» деген көштің хабарын алып жететін «қорқынышты қиқиу» келгенге дейін сол жерді мекендеп, өсіп-өнгені турасында мәлімет беріп, уақыты жеткенде жермен-жексен болып жоқ болғандықтарын баяндайды. Ал, олар туралы бүге-шігесіне дейінге ақпараттарда небір зерттеулер мен көзқарастар бар. Оның ішінде ғаламның жаратылуы мен қай кезеңнен бастап тіршілік қыбырлай бастағаны турасында нақты, әрі айдай анық дәлелдер бар. Сондай-ақ, тарих – жер шарында орын алған оқиғалардың себебі мен олардың қалай жүзеге асқандығы жайлы зерттейтін тұңғиық ілім. Сол себепті тарих – абыз, қойыны толы хикмет, қадірлі әрі құрметті ғылым. Талмай оқып, телміре зерттеуге тұрарлық теңіздей терең сала».[12] Ибн Халдунның бұл анықтамасынан оқиғалардың себебі мен салдарына қарай отырып, ғаламға қойылған мызғымас ережелердің сырларын ашуға тырысқандығын байқауға болады. Сондай-ақ, оқиғалардың қалай басталып, қалайша өрбігеніне, мемлекеттердің қалай құрылып, неліктен құлдырағанына ден қояды. Ал, Мақризи[13] атты ғалым болса, «Тарих – аты айтып тұрғандай өткен замандарда болып-біткен оқиғалар туралы хабарлар»[14] деп түсіндірсе, белгілі тарихшы, өз заманының әйгілі ғұламасы болып өмір сүрген Мұхаммад ибн Абдуррахман әс Сахауи[15] тарихқа былай деп анықтама береді: «Тарих – жағдайлар мен нақты оқиғалар орын алған уақыттарды білумен қатар, риуаятшылар мен имамдардың туылған уақыттарын, өмір сүрген және дүниеден өткен кезеңдерін, әртүрлі сапарлары мен қажылық жасаған сәттерін анықтау. Сондай-ақ, олардың жаттау қабілеттері мен өздерін ғапылдықтан ада ұстауларын, саналарының сергек екендігін, сенімділіктері мен оларға ғалымдар тарапынан нендей айыптар таңылғанынан хабардар болу, және осыған ұқсас кешегісі мен бүгінгісі, ертеңі мен болашағы жайлы зерттелген, сондай-ақ, бұл зерттеулердің шынайы оқиғалармен үндесуін айтамыз. Тек ол ғана емес бастарына қандай ауыр азаптар мен, бәле-жаланың келгендігін, қызметтерімен қоса, ел билеген патшалар мен уәзірлердің қалай ауысқандықтарын, небір қанды қырғындар мен жорықтарды, елді-мекендердің ашылуларын, тіпті кейбіреулерінде жаратылыс бастауының айтылып, пайғамбарлар қиссасы мен өзге де қауымдардың жай-күйлері мен қатар, қауым болудағы іс-әрекеттерінің басы мен соңы кеңінен баяндалуы да ғажап емес», - дей келе: «Қысқаша айтқанда, тарих дегеніміз соғыстар мен шайқастардың дәл уақыты мен кезеңдері жайлы зерттейтін ғылым. Былайша айтқанда, әлемде орын алған оқиғаларды зерттейтін сала. Ал, бұл саланың тақырыбы – адам мен заман»[16],- деп түйіндейді. Сахауидің бұл анықтамасы басқа ғалымдардың тарих жайлы айтқан анықтамаларымен сәйкес келеді. Дегенмен, ол тарихқа анықтама беру барысында хадис ілімін зерттеуші-мұхаддис ғалымдардың түсінігін қамти отыра тоқталып өткен. Яғни, тарихты жеткізушінің, немесе қандай да бір ақпаратты баяндаушы адамның жағдайы хадис ғылымы саласында бекітілген ережелерге сай болуына, риуаятшының тарихи хабарларды жеткізуде сана сергектігінің қаншалықты дәрежеде екендігіне мән берілетіндігін білдірумен қатар, риуаят етуші кісінің қай уақытта туылып және қашан қайтыс болғаны туралы ақпараттар беретін ғылым саласы деген пікірді қоса айтқан.
Қысқасы, тарих - теориялық, әрі гуманитарлы ғылым. Бұл сала дәуірлер қойнауында болып өткен оқиғалардың дәл, әрі қай уақытта орын алғандығын, оның анық-қанығын, сондай-ақ, ол оқиғаларды түсіну мен олардың себеп-салдарын зерттейді.
[1] Толық аты-жөні: Исмағил ибн Хаммад әл Жәуһәри әл Фараби. Өз ғасырының парасатты да, зерек ғұламасы. Көптеген салаларда еңбектер жазып қалдырған. Солардың ішіндегі ең танымалы араб тілі саласында жазылған «Сихах» атты еңбегі. Өмірінің соңғы жылдарында ақылын шайтанның уәсуәсі жеңіп, Нисабурдағы бір мешіттің күмбезіне шығып қос қолына ыңғайлап жасап алған қанатпен ұшуға әрекет жасаған сәтте жерге құлап мерт болды. Бұл хижри жыл санауы бойынша 398-жылы болған оқиға.
[2]Әл Жәуһәри «Әс Сихах» Әрахә тарауы, 1\418
[3] Толық аты-жөні: Абдул Мәлік әл Әсмағи. Басра қаласында хижри 121-жылы дүниеге келіп, 216-жылы сол жерде дүние салған. Араб халқының белгілі ғұламасы, араб тілі ғылымының білгірі, атақты шайыр.
[4] Сахауи, «Әл Иғләм бит Тәубих» 6-бет
[5] Мұхаммад ибн Самил әс Сәлми «Мәнһәжу китәбәтит Тәрихил Исләми» 49- бет
[6] Ассириялықтар негізінен Иракта, Иранда, Түркияда, Ресей Федерациясында, Сирияда, Иорданияда, Ливанда, АҚШ-та, және Грузияда мемлекеттерін мекендейтін халық. Тілі семит-хамит тілдер шоғырына жатады. Өздерін б.з.б. 2 – б.з. 7 ғасырларда өмір сүрген Ассирия империясының мұрагеріміз деп санайды. Ассириялықтардың Иранның, Араб Халифатының, Моғолдардың, Осман империясының қол астында болуы себепті басқа халықтармен сіңісіп кетсе де, ғасырлар бойы өзіндік ерекшеліктерін сақтап қалған. Сирия жазуының негізінде қалыптасқан төл әліпбиі бар, христиан (несториан) дінін ұстанады. Несториандар 7-8-ғасырларда қазақ жеріне келіп, Жетісуда, жергілікті тайпалар арасында өз діндерін таратпақшы болғаны тарихтан белгілі. Негізгі шаруашылығы егіншілік пен бағбаншылық.
[7] Абдул Хамид әл Ъибәди «Ъилмут Тәрих ъиндал Араб» 34-бет
[8] Толық аты-жөні: Халифату ибн Хият әл Әхбәри әл Усфури, халық арасында «Шәбәб» деген лақаб атпен танымал болған, атақты тарихшы ғалым. Басра қаласында дүниеге келіп, хижри жыл санауы бойынша 240-жылы дүние салған.
[9] «Тәриху Халифату ибн Хият» 49-бет
[10] Тәрихут Табари 1\4-5-беттер
[11] Толық аты-жөні: Абдуррахман ибн Мұхаммад ибн Халдун әбу Зәйд Уәлиуддин әл Хадрами әл Ишбили. Солтүстік Африкада өмір сүрген әйгілі тарихшы. Түп негізі Әндәлусия, Хадрами аймақтарынан болса да, өзі Тунисте дүниеге келген. Миләди жыл санауы бойынша 1406-жылы 76 жасында дүние салды да, Каир қаласының солтүстігіндегі Бәбун Нәср деген жерге жақын маңға жерленген.
[12] «Муқаддимату ибни Халдун» 3-4-беттер
[13] Толық аты-жөні: Ахмад ибн Әли әл Мақризи. Әйгілі тарихшы, тіпті Мысырлық тарихшылардың шейхы деген атқа ие болған үлкен ғалым. Бұл кісі халық арасында Тақюддин әл Мәқризи деген атпен танымал. Каир қаласында, хижри 764-жылы дүниеге келіп, сол жерде 845-жылы қайтыс болған. Бұл кісі тарихтың жілігін шағып, майын ішкен майталман маман.
[14] Франц Рузнсал «Ъилмут Тәрих ъиндәл муслимин» 26-бет
[15] Толық аты-жөні: Шәмсуддин Әбул Хайр Мұхаммад ибн Абдуррахман ибн Мұхаммад ибн Әбу Бәкір ибн Осман ибн Мұхаммад әс Сахауи. Шафиғи мазһабын ұстанған ұлы ғұлама. Хиржри 831-жылы Каир қаласында дүниеге келіп, 902-жылы Мәдинә қаласында дүниеден озған. Бұл кісі ғылымның әрбір саласына қалам тартқан теңіздей терең ілім дарыған ғалым. Тарих, хадис ілімі, тәпсір, әдеп сынды салаларда екі жүзге жуық кітаптар жазып қалдырған.
[16] Абдуррахман ибн әс Сәхәуи «Әл ъиғләм биттәубих ли мән зәммәт тәриих» 7-бет