Өңім бе әлде, кейде деймін түсім бе?
Көтеріліп тұла бойдың қызуы.
Теңдесі жоқ ғажап ғалам ішінде,
Адам болып жаралыппыз қызығы.
Адам болып міндет алдық мойынға,
Сан жыл бұрын бұл әлемде жоқ болдық.
Су боп ағып әкеміздің бойында,
Анамыздың құрсағында ет болдық.
Салсақ егер терең бойлап ақылға,
Бейімдеуміз қиындыққа көнуге.
Жаппар Құдай жан берді де жатырда,
Аяқ бастық мынау жарық өмірге.
Өсе бердік ақ бесікте тербеліп,
Ата-анаға әр қылығың бір басқа.
Сәл ұмтылсақ ата-анамыз дем беріп,
Тәй-тәй басып келіп жеттік бір жасқа.
Тәй-тәй бастық, шапқыладық,жүгірдік,
Күннен-күнге бола бердік қылықты.
Құммен ойнап, топыраққа жуындық,
Беске келдік ат қып мініп шыбықты.
Онға келдік бойға қонып тектілік,
Ата-ананың көмегіне жарадық.
Кей күндері жүрдік сыртта доп қуып,
Бойымызда әлі де бар балалық.
Көңіліміз кіршіксіз ақ, пәк, нәзік,
Он беске кеп жасап үлкен дайындық,
Сыныптағы кей қыздарға хат жазып,
Сулап-сулап шашымызды қайырдық.
Буын бекіп бала дауыс бұзылып,
Жиырмаға кеп жараулы аттай жұлқындық.
Білген сайын білгіміз кеп қызығып,
Білім атты алып көлге ұмтылдық.
Сана сергіп саңқ-саңқ етіп көмекей,
Талайлар жүр таңдай қағып, таңдана.
Жиырма бестен асып кеттік мінекей,
Сансыз шүкір, сансыз мақтау Аллаға!
Көктем келіп, бақ береке құйған соң.
Бойдақ күнім ала қашты бөстегiн.
Қайрат ағам ақ некемдi қиған соң
Бойдақтыққа "хош, қалқатай, хош" дедім