Құтыласың ба, құтқарасың ба?
Құтыласың ба, құтқарасың ба?

Ислам діні ғибадат діні емес, убудиет діні. Ғибадат - белгілі бір рәсімдерді белгілі бір уақытта дене арқылы атқару. Убудиет -  жан-жүйесін, сана-сезімін, ақыл-ойын, таным-түсінігінің Құдай жолына сай болуын қадағалау һәм соған сай күніне 24сағатын, айына 30күнін, жылына 365күнін, өмірін өрнектеу.  Ғибадат дін деп танылған күллі сенім атаулыда бар. Ал убудиет тек Исламда ғана. Адамның санасына сілкініс беретін нәрсе құрғақ ғибадаттар емес, терең убудиет. Мұсылман үмметінің басына келген қасіреттің басты себебі убудиет дінін ғибадат дініне айналдырудан деп білем. Мұса əкелген Ислам яһудилікке, Иса əкелген Ислам христиандыққа айналғанындай, Мұхаммед əкелген убудиет Исламы, ғибадат Исламына айналғандай. Яғни, белгілі бір рәсімдерді атқару арқылы, мойнымнан міндетім түсті деп санап, мінезі мен ойдағы тереңдік бәз баяғы қалпында сайран салып жүре бермек. Мəселен, Айт намаздарына қатысып, яки құрбан сойып, немесе ораза, зекет сынды белгілі құлшылықтарды атқарумен міндеттен құтылдым деп, болмаса, мəуліт кешінде пағамбарға арналған бес шумақ өлең яки діни мəтінде жазылған əнді шырқауменен мұсылмандық міндетімнен құтылдым санап, өмірінің басқа салаларында қалағанынша өмір сүру осы түсініктің кең өріс алғанын білдірсе керек. Алла жолында қызмет атқару белгілі бір діни қызметкерлердің мойнындағы борыш емес еді. Ал яһудилік пен христиандықта солай, дін қызметіне тағайындалған белгілі рухбандар бар... Ал Ислам дінінде ғалымдар бар, бірақ, жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю мəселесінде барша мұсылман жауапкер. Осы жауапкершілікті арқалай алғандар ғибадат түсінігінен арылып, убудиет пәлсапасына қарай құлаш ұрған жандар деп білем. Дінге қызмет жасау Исламды құтқару деп түсінілмегені жөн. Керісінше Исламға келіп өзіңді өзің құтқару.  Мұны әрдайым бес уақыт намазға шақырылған азан сөздерінен анық ұғынамыз. "Құтқаруға асығыңдар" демейді, "Құтылуға асығыңдар" дейді. "Діннің іші бүлінді құтқарайық" деу "абсолбютті ақиқатқа мен ғана иемін, басқалары да осыған келсін" деген түсінікке саяды. Мұндай түсініктердің зиянын бүгінгі Ислам әлемі деген атауды арқалаған елдерден байқауға болады. Әр мазһаб пен сансыз жамағат ақиқатты өздерінің қолында деп түсінген һәм түсіндіргендіктен, "үммет" деген атаудың ізі де қалған жоқ. (Бұл басқа тақырып, басқа жерде қозғалсын) Ақиқатты өзінің қолында деп ұққан "дін құтқарушылары" тілді де, гүлді де, түрді де, түсті де әртүрлі етіп жаратқан Алланың аяттарын (жаратылыс та бір аят) оқымағандықтан, дұрысы, оқи алмағандықтан, барлығын бір ғана қауыздың ішіне сыйғызғысы келетіндей. Бір қауыздың ішіне сыйдыруға тырысу буквализмге ұрыну деген сөз. Буквализм тек сәләфилік көзқарастағыларға ғана тән нәрсе емес, адам баласы кез-келген идеологияның қағидаларын өзінің ақылынан жоғары қойып, қазақша айтсақ "айтқанға көнгіш, айдауға жүргіш" һәм "көштің соңынан итше ілесе беретін" болса, сол идеологиямен келіспейтін барша адамзаттың апшысын қуырып бітеді. Буквализм осы. Бұл кеңес дәуірінде де болған. Кеңес үкіметінің идеологиясынан басқаны қабылдамай, соны ғана абсолютті ақиқат деп білу де буквализмге ұрыну. Абсолютті ақиқат - қолыңыздағы Құран. Көп оқылатын, алайда (өкінішке орай) аз түсініліп жатқан жалғандағы жалғыз кітап - Құран. Құран ақиқаттарынан алыс қалған ағайындар бүгінгі таңда ақпараттық соғыстың соққыларына шыдай алмай көпшілігі (барлығы емес) психологтар мен философтарды жағалап, жансауғалап жатқандығы жасырын емес. Мұсылманның басына келген мұндай пәлекеттің көп себептерінің бірі һәм бірегейі убудиет дінін, ғибадат дініне айналдыру. Намазы бар - жауапкершілігі жоқ, оразасы бар - аманаты жоқ, тақиясы бар -ақылы жоқ, тасбиығы бар - өмірде Алла белгілеп берген орында жоқ, мыңдаған салауаты бар тілінде - пайғамбар дағуатын арқалайын деген дерті жоқ. Рухсыз ғибадаттардан соң ешбір адамның өзгерейінші деген құлқы жоқ. Әйтеуір, ақыретте бір пайдасы тиер деген үмітпен жығылып, сүрініп жасап жатқаны. Ал дүниесіне бұл ғибадаттардан келіп жатқан пайда шамалы. Дүниеге жіберілгенін аңғарғандар Құранды тек сауап үшін оқығандықтан дүниесіне жарарлық ешнәрсе таба алмай дал болып, тілі шешен, "ойы көсем", дінің мен дәстүріңді қысқа мерзім аралығында қатар меңгеріп алып ақша табудың жолын көрсете қояйын дейтіндерге ерудің соңында. Несі бар, намазы түгел, оразасы бүтін, құрбаны шалынған, мешіті салынған. Тапқан дүниесінің екі жарым пайызын жыл сайын беріп отыр. Не зиян? Зияны ма? Зияны - рухсыз. Дүниесінде батыстық психологтар мен философтар, ақыретінде кейін біреу бағыштайтын Құран яки өзі зырылдатып оқып шыққан аяттар. Осы Ислам ба? Адамның сақалы мен балағын өлшеп бақыт күтетін, намаздағы жыбырлаған ерні мен қыбырлаған саусағын аңдып шаттыққа кенелетін, пайғамбар қалдырған Құран атты ұлы мұрадан мұратын іздеудің орнына, пайғамбардың шапаны, аяқ киімі, су ішкен табағы, ұстаған садағы деген заттарынан Құдайды іздейтін адамдар қалайша әлемге бейбіт ғұмыр орнатпақ. Мұндай Исламды өзіме де, жақындарыма да қаламаймын! Енді не істейміз, қазынаның үстінде отырып аштан өлеміз бе? 

Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
6 лет назад 5484
0 комментариев
О блоге
0
29830 200 345 261 209
Прямой эфир