Құрбан айт
Құрбан айт

Құрбан айттың таңы атты таңды оқыдық тізіліп

 Жүйкемізді жұлмалайды желден жүйрік жүз үміт.
 
 Кейбіріміз осы жерден Жамараттың ап тасын, 
Ақ шатырлы ақ қалаға қайта бұрдық ат басын. 
 
Ақ шатырда сәл аялдап, алғаннан соң тынығып, 
Жерден жеті тас жинадық жеті мәрте бүгіліп. 
 
Ихрамды да шешпегенбіз шетімізден аппақпыз, 
Ақабаға апарып-ап жеті тасты атпақпыз. 
 
Бұлай жасау болғанымен Ибраһимнің сүннеті, 
Жамаратқа тас төпелеу Қажылықтың міндеті. 
 
Аппақ қудай, аппақ түсті абыз тарих кешегі, 
Жамараттың жайы былай болған екен деседі. 
 
Ибраһимге жетіп бір күн Жаратқанның сынағы, 
Төсегінен түртінектеп түрі қашып тұрады. 
 
«Ысмайылды құрбан ет» деп Аллаһ әмір қылады, 
Бұл не деген ауыр сынақ... мүлт кетті ме құлағы?
 
 Жо-жоқ... құлақ мүлт кетуі ешбір мүмкін емес-ті,
 Деді дағы Ысмайылмен кең отырып кеңесті.
 
«Балапаным, мен өзіңді құрбанғыппын түсімде, 
Қимастықтың көшеттері көктегендей ішімде...» 
 
«Әкетайым пайғамбарлар пенделерге үлгі емес пе ісінде, 
Жаратқанның жарлығын қыл ұнжырғаңды түсірме.
 
 Жәрдемдесем, атқарайық Хақтан келген әмірді, 
Тартынба әке»- деді Ысмайыл «бола түсем сабырлы» 
 
Қос пайғамбар қауқылдасып...ақырында не керек, 
Қарт Ибраһим Ысмайылды келе жатты жетелеп. 
 
Осы сәтте жанұшыра жасап шайтан кең қадам, 
«Тоқта, Ибраһим, аясаңшы, емес пе еді бел балаң?»
 
Дегендей бір кейіппенен азғырыпты асығып, 
Қос пайғамбар қуған екен әзәзілді тас ұрып. 
 
Содан бері барлық қажы кеше, ертең, бүгін де,
 Жамаратқа тас атады тәкбірі бар тілінде.
 
 «Шайтан саған енді ермеспін» деген серт қой баяғы, 
Былай бітті біз бастаған оқиғаның аяғы. 
 
Ысмайылды жатқызды да тартып еді тамақтан, 
Қайран қалды, пышақ кеспей, із көрінбей қан аққан. 
 
Хақ Тағала қос пендесін өзі сүйіп ұнатқан, 
Сүйіншілеп уахи етті «өттіңдер» деп «сынақтан». 
 
Құрбан үшін түсірді де «көк қошқарды» аспаннан,
 Жер бетінде құрбан шалу міне, осылай басталған.
 
Міне, бізде осы салтпен қарт-кәріні жетелеп,
 Жеті таспен Жамаратты қайтып келдік төпелеп.
 
 Содан кейін шашты алып, құрбан шалып, күлісіп, 
Тауап қылдық, сағи еттік шекемізден бу ұшып.
 
 Ақ қалаға қайтып келдік үкіммен ой астасып, 
Ақ шатырда үш күн жаттық Жамаратқа тас тасып. 
 
Уақыт бітті, Ақ шатырмен кетсек тағы достасып, 
Қонақ үйге қайтып келдік Минаменен қоштасып.
 
Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
9 лет назад 4298
2 комментария
  • Құрбан айт қабыл болсын, Ермек аға. Қаламыңыз жазудан талмасын. Шығармаларыңызбен бірінші танысуым, өте әсерлі. Дәл сол Минада болғандай күй кештім...Алла қуат берсін!
    9 лет назад
  • Әмин
    9 лет назад
О блоге
0
29830 200 345 261 209