Муздалифада
Муздалифада

Оң жағым тау, жазық дала сол жағым, 

Мынау жұртты қамап қойған торға кім? 
Десем осы Муздалифа екен ғой, 
Жамбас – төсек, азық болар қолдағың. 
 
Қос намазды қосып оқып тағы да, 
Қанағат қып қолымдағы барыма,
 Түлкі құрсақ күйімменен бүк түстім, 
Ұйықтап жатқан бір мүміннің жанына. 
 
Қиқымдай боп қирап жатыр қанша адам, 
Бәлкім бәрі Арафатта шаршаған. 
Аспан - шатыр, жер төсегің, ал шамың-
 Көгіңдегі көп жұлдыздар самсаған. 
 
Тәлейіме төсек болып дөңес кеп, 
Көз ілгенше көңіл мен ой кеңеспек. 
Ой үрей сап, көңіл сезіп қорқады, 
Көз алдыма мақшар таңы елестеп. 
 
Шыныменен азығы бар адамдар, 
Тойынуда «бізде аштық емес» деп. 
Азығы жоқ жалқау жандар сұлауда,
 Аш пенен тоқ енді қалай теңеспек?!
 
 Бас қайғымен елемес боп қыз ұлды,
 Бірі жастан, бірі аштан үзілді. 
Мұздалифа майданынан бейне бір
Қияметтен көріп тұрмын үзінді.
 
 Бәрі теңдей, қос шүберек тек қана, 
Кедей-кепшік, бай-мырза мен текті аға.
 Атақ пен даңқ, шен-шекпенді ұмытып, 
Зар жылап жүр «Алла, Алла» деп қана.
 
 Естен шықса ертеңгі күн еленбей, 
Дүниені сүйсең бірге көмердей. 
Қажылыққа бар деп айтар білгендер
 Қияметті есіңе ал дегендей.
 
 Жүрегіңді тазала деп ластанған, 
Деп тұрғандай сендік арман басқа арман. 
Содан болар «Хаж» сүресі Құранда 
Ақыретті еске алудан басталған.
 
 Алдымызда ақыреттік бар тамақ, 
Сүр үрілсе сауап базар тарқамақ.
 Жан азықпен аттанбасақ ар жаққа,
 Тозақ тегі әкетпей ме арқалап. 
 
Деп көңілді қорқытады келте ой, 
Қой, қорқытпа, көңіл қорқақ, ерке ғой. 
Ертең Құрбан, ертең мейрам, одан да 
Көңілдегі мейрам күйін шерте ғой.
 
 «Пау, шіркін-ай, сол күйді өзім бастар ма ем, 
Бақытпенен шаттық шығар басты әурем.
 Бақыттымын төсек болды тәніме
 Пайғамбарлар Падишасы (с.ғ.с.) басқан жер.
 
Жамалғандай боп қалды ғой жыртығым...»
 Деп жатқанда ілініпті кірпігім, 
Тау етегін төсей ұйықтап жатқанда, 
Жылмаң етіп жоқ болыпты түлкі күн. 
Таң атыпты... қой алайын қолыма 
Дәрет кілтін намаз дейтін құлпының...
Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
9 лет назад 4675
0 комментариев
О блоге
0
29830 200 345 261 209
Прямой эфир