Құранда құстар жайлы не делінген?
Құранда құстар жайлы не делінген?

Құстар Алла Тағаланың ерекше жаратылған мақұлықтары, аспан әлемінің көркін кіргізуші ғажайып туындыларының бірі. Алла Тағала бұл ғаламды ешбір нұқсансыз, ешқандай ақаусыз жаратқаны секілді, таңғажайып ғаламның ішінде өз алдына өмір сүріп, көктен жерге суылдай сорғалап, бауырымен жер сыза отырып қайта көкке көкірегін кере қалықтаған әсем жаратылыс құстарды да белгілі бір мақсатпен жаратқан. Олардың физикалық құрылыстары, мекен ауыстырып топ-топ болып көшіп-қонып жүрулері, тіпті күннің суытатынын да алдын-ала біліп, соған қам жасап жатулары Алла Тағаланың құдіретіне дәлел болатын керметтер. Кейбірі, арландар мен бөлтіріктерді екі бүктеп тастайтындай қуатты жаратылыс болса, ителігі, қаршыға, сұңқар сынды сұлу құстар айдын көлдің үстімен ағып өткен кезде қаз, үйректердің үрейін алатындай айбынды, ал, басқалары болса бақшаларда сұлу үндерімен сайраған кезде құлақ құрышын қандырып, көңіліңді жадыратындай ғажап. Осылай кете берсеңіз алуан-түрлі құстардың ерекшеліктері мен қасиеттерін үздік-создық күні-түні тоқтамай жырлай беруге болады. Алайда, біздің айтайын дегеніміз ол емес... Құран мен ғаламның арасында бір-бірінен ажыратуға келмейтін керемет үйлесімділік бар десек, осынау ғажап жаратылыстың ішінде өзінің ерекше орны бар құстардың Құрандағы орны қандай екен? Құс атаулының миллиондаған түрі бар, осылардың қаншасына Құдай Тағаланың Құранында орын берілді екен? Бұлар жайлы қасиетті аяттарда не делінген? Ендеше келіңіз, бірге зерделеп көрейік...

 

Жалпы құстар туралы Құранда не делінген?

Алла Тағала Нәхл сүресінің 79-шы аятында: «Олар аспан кеңістігінде Алланың әміріне, орнатқан заңдылықтарына толық бағынған күйде самғап ұшқан құстарға зер салып қарамай ма? Оларды сол кеңістікте Алладан басқа ешкім құлатпай ұстап тұрған жоқ. Әлбетте, осының өзінде иман ететін қауым үшін көптеген белгілер, дәлелдер бар» деген. Шынымен-ақ, көк жүзінде еркін самғаған құстарға көз салсаңыз Құдай Тағаланың құдіретіне еріксіз таңдай қағасыз. Суылдай көкке көтерілген көк еркесі жерге құлап кетпей, немесе аспанға шығып алып түсе алмай жатқанын байқамайсыз. Қалағанынша көкті көкірегімен тілімдеп, суылдай жерге қарай ағызып келіп қонса, кейде зау көкке шығып алып, қанатын бір қақпай самғап жүреді де қояды. Негізі кез-келген құсты физикалық жағынан алып қарағанда әжептәуір салмағы бар екендігін байқайсыз. Ең кішткентай құс болып табылатын колибридің салмағы 20 грамм болатын көрінеді.  Ал, құстардың патшасы болған қырандар мен құмайлар қасқыр, түлкі сынды аңдардың омыртқасын теуіп сындыратындай салмағы бар екендігін ескерсек, әжептәуір салмақ берілген жаратылыс екендіктерін байқаймыз. Осыншалықты салмаққа ие бола тұра оларды аспаннан құлатпай ұстап тұрған нендей күш? Әрине, ол Алла Тағаланың құдіреті. Құранда бұл ақиқат «Төбелерінде қаз-қатар тізіліп, қанат қағып ұшқан құстарға зер салып қарамай ма? Оларды әуеде Рахманнан басқа ешкім ұстап тұрған жоқ. Күмәнсіз, Ол барлық нәрсені толық көріп тұрады»[1] деп баян етілген.

 

Құстардың жаратылудағы хикметі не? 

Ұлы Жаратушы әу баста адамды айналасына қарап Ұлы Иесін тапсын, танысын, иман етсін, Жаратушысының құдіретінің, ұлылығының,  шеберлігінің алдында таң қалып бас исін деп мына дүниеге жіберген.[2] Жіті қадағалаған кісі әрбір жаратылыс өз хал тіліменен Раббысы үйреткендей құлшылықтарын жасап жатқандығына куә болады. Шуағын шаша күлімдеп тұрған күн де, сәулесін төгіп аймалап тұрған ай да Құдайына деген құлшылығынан жаңылмайтын жаратылыстар. Олармен қоса әрбір жан-жануар, құрт-құмырсқа, жәндіктер де өзіне берілген міндеттерін атқару арқылы Раббысына құлшылықтарын арнайды. Құранда ол жайлы: «Көктегілер мен жердегілердің һәм қанат қағып, тізбектеліп ұшқан құстардың («Сен мінсізсің, кемшілік атаулыдан адасың, серігі жоқ жалғыз Құдайсың», – деп, әрқайсысының өз тілімен немесе іс-әрекетімен) Алланы дәріптегенін көрдің бе? Олардың әрқайсысы өз дұғасын, құлшылығы мен дәріптеу сөздерін өте жақсы біліп алған. Алла олардың не істеп, не қойып жүргендерін толық біледі»,[3] делінген. Осы жерден біз құстардың да өздеріне тән зікірлерін заулатып, құлшылыққа құлшына кіріскендіктерін байқаймыз. Демек, олардың бұл әлемде жаратылуындағы көптеген хикметтерінің бірі – Алла Тағаланы дәріптеу. Құлқын сәріден қиқулап, бау-бақшаны даңғаза қылып бастарына көтерулерін Құдайдың құдіретіне бас иіп зікір етулері деп түсінеміз. Әсіресе, таң намазының уақыты кіргеннен күн шыққанға дейінгі құстардың үніне құлақ салсаңыз шынымен де жарыса зікір етіп жатқан мақұлықтарға қайран қаласыз. Олар тек жалғыз емес, жамағат болып та зікір айтатындықтары Құранда былайша баяндалған: «Біз расында да, Дәуітке өз тарапымыздан артықшылық бердік. Сөйттік те: «Уа, таулар, онымен бірге Алланы («Сен – мінсізсің, кемшілік атаулыдан адасың, серігі жоқ жалғыз Құдайсың», – деп, өз тілдеріңмен) ұлықтаңдар», – дедік, құстарға да соны бұйырдық...»[4] деген аяттан Дәуіт пайғамбармен бірге таулар мен құстардың жарыса зікір еткенін көреміз. Әрине, жаратылыстың өзімен жарыса жасаған зікірлерін естіген пайғамбарлардың көңілі орынығып, дін жеткізу жолында мығым бола түсері анық. Себебі, мынау ғаламда Құдайға құлшылық жасап жатқан жалғыз ол емес, айналасындағы бүкіл жаратылыс атаулыны құлдық ұрып жатқаны көңілге медет, жанға демеу болады. Өзіміз күнделікті намаздарымызда оқитын Фатиха сүресінің «Саған ғана құлшылық жасаймыз, сенен ғана жәрдем сұраймыз»[5] деген аяты «жасаймын, сұраймын» деп жекеше түрде емес «жасаймыз, сұраймыз» деп көпше түрде келуінің мәні осында болса керек.  Яғни, Құлшылық жасап жатқан жанды-жансыз бүкіл әлеммен бірігіп, біздер де «Саған ғана құлшылық жасаймыз, Сенен ғана жәрдем сұраймыз» деп көпше түрде айтамыз.[6] Иә, Алла Тағаланы зікір етуші жаратылыстардың ішінде, пайғамбармен бірге зікір ету мәртебесіне ие болған да құстар. Құлқын сәріден қиқулап зікірлерін заулатулары, өздеріне тән тіршіліктерін жасап, өз алдына бір әлем болып өмір сүріп жатулары да көз салып, ой жүгірткен жандар үшін үлкен ғибрат. Осылайша Алла Тағаланың ақылсыз аң-құстары кей сәттерде ақылды адамдарға өнеге болады. Сол себепті болса керек пайғамбарымыз ешкімге алақан жаймай, Аллаға тәуекел етіп, өз еңбегін сауған жандарға құстарды мысал етіп: «Егер сендер Аллаға шынай тәуекел еткендеріңде құстарды рызықтандырғандай ризықтандыратын еді. Олар таңсәріден аштан аш ұшып шығады да, кешке бөтекесін жемге толтырып қайтады»[7] деген. Байқағанымыздай адамдардың басқа жаратылыстардан ғибрат алғаны сынды құстардан да сабақ алатындығын көреміз. Ендеше, осыған сәйкес Құдай Тағаланың құдіретіменен алғаш адам баласына үлгі көрсетіп, жол сілтеген құс – Қарға. Бұл да Құранда аты аталған құстардың бірі. (жалғасы бар...)


[1] Мүлік сүресі, 19-аят

[2] Қайрат Жолдыбайұлы «Имани гүл» 4-бет

[3] Нұр сүресі,41-аят

[4] Сәбә сүресі, 10-аят

[5] Фатиха сүресі, 4-аят

[6] Мухаммад Али әс Сабуни «Сафуатут тәфәсиир» 1\27

[7] Тирмизи «Зүһд» 33; Ибн Мәжә «Зүһд» 14

Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
9 лет назад 14236
2 комментария
  • Машалла Ермек. Керемет мақала. Бір кісі менен: "Құранда диназаворлар туралы айтылған ба? Құран, сендердің айтуларың бойынша бәрін қамтитын кітап",-деп сұрады. Мен: "Құран - энцеклопедиялық кітап емес. Ол өмір сүру қағидасы. Соған қарамастан Құранда көптеген ғылым салаларына ишара бар",-деп жауап беріп ем. Міне, құстар да Алланың хикметі.
    9 лет назад
О блоге
0
29830 200 345 261 209