Қас түзеймін деп...
Қас түзеймін деп...

Жанының дертіне шипа тапсын, жүгенсіз кеткен жүгермектерді жөнге салсын деп жіберілген, және басқа да біз біле бермейтін хикметтерге тұнып тұрған Құран атты ұлы пәрменді үйреніп, әрі басқаға үйретушілерді адам атаулының жұлдыздары деуге болады. Демегенде ше, Әлемдердің Раббысы жіберген Ұлы пәрменді ұғынып, қараңғылық басқан көңілдерге нұр таратуға өзін өзі атап, сол жолда құрбан болуға дайын жандарды одан басқа марапатқа лайық теңеу тақсаңыз да артық етпес. Әрине, бұл жұлдыздардың ұстазы, адам тәрбиелеу ісінде жол көрсетіп, жөн сілтеушісі адамзаттың абзалы, көзіміздің нұры, көңіліміздің қуанышы болған ардақты адам –  Абдуллаһтың перзенті Мұхаммед (саллалаһу алейһи уә сәлләм). «Жер жаһанға жақсылықты жаям, адалдықтың туын асқақтатып, жамандық біткенді жұрттың арасынан аластатам» деген кісі, ардақты пайғамбарымыздың  мүбәрак өмір баянын үнемі оқып, әрбір сәтінен үлгі алғаны құп көрілген нәрсе... «Ол айтпаса да түсінікті» дерсіз, дауым жоқ, алайда, қазақ даласында Құран мен сүннеттің аясында адам тәрбиелеу тіршілігіне жан-тәнімен кіріскен кейбір жандар, бәз бір мәселенің байыбына бармай жүр ма деген ой келеді...

Осыдан бірнеше жылдар бұрын шариғат тыңдап, ашыққан рухтың азығын тауып беру қиынның қиыны еді. Бүгінгі таңда Аллаға шүкір, кез-келген тақырыпта, қалаған уағызыңды тыңдап « пай, пай, пай, бұл мәселенің мәні мынада екен ғой» деп отыратын жағдайға жеттік. Бірақ, кейбір уағыздар бар ішінен жақсылықты емес, жамандықты үйренесің. «Пәленше деген күнә бар, ой сұмдық-ай, о заманда, бұ заман, ол күнәні былай жасайды екен», «Ой не дейсің, адамдар қазір мынандай күнәні жасайтын болыпты» деген сынды сөздермен ғана емес, пайғамбардан сүннет болып қалған қасиетті мекен миһрабта тұрып алып қоғамда болып жатқан күнәларды сипаттап тұрып соққан кезде бала-шағаңнан ұяласың. Бұл уағыздардан көкіргенде қылдай жамандығы, арамдығы жоқ жас буын жақсылықты үйренемін деп отырып, жамандықты да қатар сіңіріп отыратынына күмәнім жоқ. Айналайын, бауырларым-ау, жамандық жайлаған ғасырда өмір сүріп жатқанымыз жасырын емес, алайда, біз жақсылықты жаюға бұйырылған үммет емеспіз бе? Сенің айтқан уағызыңнан ешқашан ойына-кіріп шықпаған күнәнің бар екенін біліп, оның қоғамда қалай жүзеге асырылып жатқанын да ұғынып отырған сәби көңіл, саф ұрпақтың бар екенін де есіңнен шығармасаң нұр үстіне нұр болар еді.

Мінберде тұрып небір әдепсіз сөздерді қарша бұрқыратқан кезде жағаңды ұстайсың. Пайғамбар уағызды осылай айтқан ба? Өз қоғамының құлаққа түрпідей тиетін сөздерін қолданды ма? Жоқ, әсте олай емес, өйткені, пайғамбарымыздың әкелген діні ондай әдепсіздік діні емес. Жаратушы Хақ Тағала керісінше «Алла Тағаланың саған берген мейірімі сол – сен оларға жайлы, жұмсақ қарым-қатынас жасайтын едің» деген.  Бәдәуилердің бәдік қылықтарына байсалдылық танытып, түзеуге тырысқан еді. Міне, осы кісі адамзат тәрбиесіне көңіл қойған жандардың құбыласы. Болмаса өзімшілдерді өзімсініп тұрған өмір жолында басқаша бағыт, «өзгеше стильдеріміз» Құран мен сүннеттен тыс, өскен ортамыздың әсерінен айыға алмаған әдеттер ғана. Өзгеден бұрын өзін тәрбиелеуге көңіл бөлген ғалымдар пайғамбар өмірбаянына қалам тартып, надандық дәуірі, жәһилия кезеңі жайлы жазар тұста, «Бұл дәуірдің жаман әдеттерін суреттеп, өтпелі бір сәт болса да рухыңызға қараңғылық түсіргім келмейді. Себебі, жамандықты қалай болса солай суреттей беру сау ақылды сал қылады»  деген жолдарына куә болғанда «Мінекей, нағыз жанашыр тәрбиеші» дейсіз. Өкінішке, орай қазақ қоғамының мінберлерінде рухқа көлеңке түсіретін кейбір уағыздар кезіп жүр. Мұны Мұқағали былай дейді:  

«Жарқыным-ау, жақсымын деп айтпасаң да мақтандың,

Жамандықты зерттедің де, қоқыстарын ақтардың.

Жан-тәніңмен жамандықты жерлегенің соншама

Ау, жақсым-ау, өзің жаман боп кетуге шақ қалдың». Бұл Қазақ әдебиетінің жыртығын жамайтын жаман өлең емес, жақсылықтың жаршысы болуға ұмтылған жандарға жазылған жалынды жыр. Қырды жайлаған қазақ бабамыз кез-келген отырыста жамандықты ауызға алуды жөн санамаған. Керісінше "Жақсы сөз -  жарым ырыс" деп жақсы оқиғалар мен жағымды сөздерді қолдануды құп көрген. Тіпті қасқыр деген сөздің өзін ауызға алмай, "әбәләқ" немесе "ит-құс" деп отыратын. Алла Тағала арам қылған арақтың өзін дастарқан басында ауызға алуды ар санап "жынды су" деп, немесе доңызды "ақ қой" деп отырғандарына талай куә болған едік. Ал қазір пайғамбардан қалған рухани дастарқанда отырып рухыңды былғайтын насихатшылар көбейіп кетті. Аллаға шүкір, айтсын, көбейсін қазақ жерінде Құран рухы мен пайғамбар парасаты туын тіксін, бірақ оның өзінше бір әдебі, өзіндік сән-салтанаты бар екені қаперден шықпағаны жөн. Өйткені, кез-келген насихат тыңдаушы ақымақ емес, сараптай алатын, сын көзбен қарай алатын дәрежеде. Абайдың "Сөз түзелді тыңдаушы сен де түзел" деген қағидасы орындалуы үшін, айтушы түзелу керек, тыңдаушы сонда ғана түзелмек. Өзіңнің аузыңнан былапыт борап жатса, небір күнәні келістіре суреттеп жатсаң, алдыңдағы ағайының түзеледі деу ертегі сірә. Түзелген болып көрінер, бірақ қысылтаяңға келгенде сол насихаттардан сіңген жамандыққа бас қояры хақ. Насихатшы болу, адам тәрбиелеуші мұғалім болу оңай шаруа емес. Сол үшін ел алдында жүрген насихатшыларға Алланың жеңілдігі мен сүбелі сөз, биік парасат тілеймін. «Өзгелер өзіңді ұмыттырады» деген сүбелі сөздің сырын ұғынып, астарын ақтару қазақ даласында қазақ баласына тәлім үйретуші ағайынның ескеру керек болған маңызды мәселесі деп білем. Болмаса Шәкәрім қажы айтқандай «Қас түзеймін деп, көз шығарғаннан» басқа ешнәрсе емес. Алып қосарыңыз болса қағаз, қалам қолыңызда...

Алтай Берікбай

Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
9 лет назад 5811
11 комментариев
  • Өте жақсы жазылган сіздің пікіріңізге қосыламын.
    9 лет назад
  • Иә, Ермек. Ханафи мазхабындағы /екі тілде де/ уағызшыларды көп тыңдайтынның бірі мен. Кейбіреуіміздің көкейімізде сайрап тұрғанмен, әдеп сақтап, тлімізді тістеп жүрген тақырыпты қозғапсыз. Енді, "дос жылатып айтады" дегенмен, қатты айтудың да жөні бар, қатты емес, аталы, тоқтамды сөз айтса, ешкім ренжімес еді. Дегенмен, кейде шынында "әттеген-ай!" деп қалатын кездеріміз бар. Ал енді мен осы мәселені басқа ракурстан айтып кетсем... "Бүйректен сирақ шығарды" демессіз... Уағызшылардың кейбіреулері майдан қыл суырғандай етіп сөйлейді. Оның сөзі шымбайыңа батқанмен, "мына қылығым дұрыс емес екен-ау?" деп қаласың. Нәпсіңе ауыр тиеді. Дегенмен, ақиқаттың аты да, заты да - ақиқат. Мәселен, алғаш кездері Жолдыбайұлы Қайраттың "Менменсінбей, төмен ұста өзіңді" деген уағызын тыңдап, қатты қысылып, бірде терлеп, бірде тепшіп, бірде жылап, бірде қызарып, /шыным сол/ жасым жер ортасына келсе де, талай нәрсені таразыға қайта салған кезім болған. Міне, шешендік! Нағыз қызыл тіл! Ол да өнер. Ол да шеберлік. Сол сияқты, қазіргі жастар арасында өз басым қатты сыйлап, уағыздарын жібермеуге тырысатын ғалымдар - Жасұлан Жүсіпбеков, Қабылбек Әліпбайұлы деген жігіттер бар. Сөздері мығым, тілдері жатық. Түсінікті. Өте жағымды етіп қана, қысқа да нұсқа жеткізеді. Орыс тілді уағызшылардың ішінен - Мақсатбек Қайырғалиев деген жігіт бар. Жүзі жылы, сөздері өте жұмсақ, білімі орасан, қазақшалап айтқанда, "майын тамызады". Осы ғалымдарға көптен-көп рақмет! Алла разы болсын!
    9 лет назад
    • Өзіңіз атап өткен бүгінгі ғалымдарымыздың iшiнде Қайрат ағаның сөз саптауы үлгі аларлық. Әрбір сөзді таңдап, алды-артын аңдап сөйлегенiне қарап шынымен таңдай қағасыз. Ол да "ел алдына шығамыз ғой" деген жауапкершіліктен туындап, жетілген еңбектің нәтижесі деп бiлем. Сондай-ақ, осы мақала арқылы бiз қасыған қоғамның қотырына Қайрат ағаның пайғамбарымыздың өмірiн үлгі ете отырып, адам тарбиелеу тақырыбында жазған "Тәрбиенің төрт тiрегi" мақаласы ем болады деп ойлаймын. Алла Тағала ғалымдарымызға берекелі ғұмыр берсiн!
      9 лет назад
      • Міндетті түрде тауып алып оқимын. Мен Қайраттың исламның парыздары, намаз туралы жазған кітапшаларын оқидым. Басыма жастанып жатып, кириллицадан сүрелерді жаттадым. Дегенмен, әлеуметтік мақалаларынан бейхабарлаумын. /публицсистикасынан дегенім ғой./Рақмет, Ермек. Ғаламторда болса, оқимын.
        9 лет назад
  • Демокрит деген ойшыл айтыпты ғой: " Сөз - істің көлеңкесі" деп... Сөздеріңіз де, істеріңізге өрге бассын!
    9 лет назад
  • Әмин, халық-сыншы ғой, жақсы-жаманды жасқанбай жариялап, қиындықсыз ажыратады. Бұл да сол халықтың үнi. Алла баршамыздан разы болсын!
    9 лет назад
    • Ермек, ас саляму алейкум! Мен ақыры Қайраттың әлгі мақаласын тауып оқыдым. Мұны мектеп бағдарламасына кіргізу керек сияқты. Өзім ұстаз болмасам да, мынау нағыз ұстаздарға қажет дүние екен. Ананың бағдарламасы, мынаның бағдарламасы деп түрлі бағдарламаны біресе енгізіп, біресе тоқтатып жатқанша, осындай нағыз тәрбиелік мәні бар пән дейміз бе, әлде қосымша сабақтар дейміз бе, енгізу керек сияқты.
      9 лет назад
      • Уағалайкумассалам, Алла жазса ол ойымыз да жүзеге асар. Елімізде бейбітшілік боп тұрса екен деп тілеймін!
        9 лет назад
  • Ермек, білесіздер ме, осы батыстың бір елінде, қай елі екені есімде жоқ, әйтеуір скандинав мемлекеттерінің бірінде, "ата-аналар сабағы" деген сабақ жүреді екен мектептерде. Онда кәдімгідей сабақ өтіледі, оған ақы жазылады. Келген-келмегендер түгелденеді, сол арқылы баласына баға қойылады екен. Ата-ана сабағына барам десең, кез келген мекеме жұмыстан бір сағатқа босатады екен. Сол сабақтарда кәдімгідей жоспар жасалып, бала тәрбиесі, психологиясы тағы басқа мәселелер бойынша сабақ өткізіледі дейді. Өздеріңіз білетіндей, сонау қиыр шеттегі елдерде қылмыс өте аз, жоқтың қасы. Ажырасу, отабасылық кикілжің дегендей басқа елдерге қарағанда төмендеу, мемлекеті бай. Міне, тәрбие қайда жатыр? Қоғам баланы ғана емес, оның ата-анасын да тәрбиелейді дейді. Қызық емес пе? Үлгі аларлық дүние.
    9 лет назад
О блоге
0
29830 200 345 261 209