Жанының дертіне шипа тапсын, жүгенсіз кеткен жүгермектерді жөнге салсын деп жіберілген, және басқа да біз біле бермейтін хикметтерге тұнып тұрған Құран атты ұлы пәрменді үйреніп, әрі басқаға үйретушілерді адам атаулының жұлдыздары деуге болады. Демегенде ше, Әлемдердің Раббысы жіберген Ұлы пәрменді ұғынып, қараңғылық басқан көңілдерге нұр таратуға өзін өзі атап, сол жолда құрбан болуға дайын жандарды одан басқа марапатқа лайық теңеу тақсаңыз да артық етпес. Әрине, бұл жұлдыздардың ұстазы, адам тәрбиелеу ісінде жол көрсетіп, жөн сілтеушісі адамзаттың абзалы, көзіміздің нұры, көңіліміздің қуанышы болған ардақты адам – Абдуллаһтың перзенті Мұхаммед (саллалаһу алейһи уә сәлләм). «Жер жаһанға жақсылықты жаям, адалдықтың туын асқақтатып, жамандық біткенді жұрттың арасынан аластатам» деген кісі, ардақты пайғамбарымыздың мүбәрак өмір баянын үнемі оқып, әрбір сәтінен үлгі алғаны құп көрілген нәрсе... «Ол айтпаса да түсінікті» дерсіз, дауым жоқ, алайда, қазақ даласында Құран мен сүннеттің аясында адам тәрбиелеу тіршілігіне жан-тәнімен кіріскен кейбір жандар, бәз бір мәселенің байыбына бармай жүр ма деген ой келеді...
Осыдан бірнеше жылдар бұрын шариғат тыңдап, ашыққан рухтың азығын тауып беру қиынның қиыны еді. Бүгінгі таңда Аллаға шүкір, кез-келген тақырыпта, қалаған уағызыңды тыңдап « пай, пай, пай, бұл мәселенің мәні мынада екен ғой» деп отыратын жағдайға жеттік. Бірақ, кейбір уағыздар бар ішінен жақсылықты емес, жамандықты үйренесің. «Пәленше деген күнә бар, ой сұмдық-ай, о заманда, бұ заман, ол күнәні былай жасайды екен», «Ой не дейсің, адамдар қазір мынандай күнәні жасайтын болыпты» деген сынды сөздермен ғана емес, пайғамбардан сүннет болып қалған қасиетті мекен миһрабта тұрып алып қоғамда болып жатқан күнәларды сипаттап тұрып соққан кезде бала-шағаңнан ұяласың. Бұл уағыздардан көкіргенде қылдай жамандығы, арамдығы жоқ жас буын жақсылықты үйренемін деп отырып, жамандықты да қатар сіңіріп отыратынына күмәнім жоқ. Айналайын, бауырларым-ау, жамандық жайлаған ғасырда өмір сүріп жатқанымыз жасырын емес, алайда, біз жақсылықты жаюға бұйырылған үммет емеспіз бе? Сенің айтқан уағызыңнан ешқашан ойына-кіріп шықпаған күнәнің бар екенін біліп, оның қоғамда қалай жүзеге асырылып жатқанын да ұғынып отырған сәби көңіл, саф ұрпақтың бар екенін де есіңнен шығармасаң нұр үстіне нұр болар еді.
Мінберде тұрып небір әдепсіз сөздерді қарша бұрқыратқан кезде жағаңды ұстайсың. Пайғамбар уағызды осылай айтқан ба? Өз қоғамының құлаққа түрпідей тиетін сөздерін қолданды ма? Жоқ, әсте олай емес, өйткені, пайғамбарымыздың әкелген діні ондай әдепсіздік діні емес. Жаратушы Хақ Тағала керісінше «Алла Тағаланың саған берген мейірімі сол – сен оларға жайлы, жұмсақ қарым-қатынас жасайтын едің» деген. Бәдәуилердің бәдік қылықтарына байсалдылық танытып, түзеуге тырысқан еді. Міне, осы кісі адамзат тәрбиесіне көңіл қойған жандардың құбыласы. Болмаса өзімшілдерді өзімсініп тұрған өмір жолында басқаша бағыт, «өзгеше стильдеріміз» Құран мен сүннеттен тыс, өскен ортамыздың әсерінен айыға алмаған әдеттер ғана. Өзгеден бұрын өзін тәрбиелеуге көңіл бөлген ғалымдар пайғамбар өмірбаянына қалам тартып, надандық дәуірі, жәһилия кезеңі жайлы жазар тұста, «Бұл дәуірдің жаман әдеттерін суреттеп, өтпелі бір сәт болса да рухыңызға қараңғылық түсіргім келмейді. Себебі, жамандықты қалай болса солай суреттей беру сау ақылды сал қылады» деген жолдарына куә болғанда «Мінекей, нағыз жанашыр тәрбиеші» дейсіз. Өкінішке, орай қазақ қоғамының мінберлерінде рухқа көлеңке түсіретін кейбір уағыздар кезіп жүр. Мұны Мұқағали былай дейді:
«Жарқыным-ау, жақсымын деп айтпасаң да мақтандың,
Жамандықты зерттедің де, қоқыстарын ақтардың.
Жан-тәніңмен жамандықты жерлегенің соншама
Ау, жақсым-ау, өзің жаман боп кетуге шақ қалдың». Бұл Қазақ әдебиетінің жыртығын жамайтын жаман өлең емес, жақсылықтың жаршысы болуға ұмтылған жандарға жазылған жалынды жыр. Қырды жайлаған қазақ бабамыз кез-келген отырыста жамандықты ауызға алуды жөн санамаған. Керісінше "Жақсы сөз - жарым ырыс" деп жақсы оқиғалар мен жағымды сөздерді қолдануды құп көрген. Тіпті қасқыр деген сөздің өзін ауызға алмай, "әбәләқ" немесе "ит-құс" деп отыратын. Алла Тағала арам қылған арақтың өзін дастарқан басында ауызға алуды ар санап "жынды су" деп, немесе доңызды "ақ қой" деп отырғандарына талай куә болған едік. Ал қазір пайғамбардан қалған рухани дастарқанда отырып рухыңды былғайтын насихатшылар көбейіп кетті. Аллаға шүкір, айтсын, көбейсін қазақ жерінде Құран рухы мен пайғамбар парасаты туын тіксін, бірақ оның өзінше бір әдебі, өзіндік сән-салтанаты бар екені қаперден шықпағаны жөн. Өйткені, кез-келген насихат тыңдаушы ақымақ емес, сараптай алатын, сын көзбен қарай алатын дәрежеде. Абайдың "Сөз түзелді тыңдаушы сен де түзел" деген қағидасы орындалуы үшін, айтушы түзелу керек, тыңдаушы сонда ғана түзелмек. Өзіңнің аузыңнан былапыт борап жатса, небір күнәні келістіре суреттеп жатсаң, алдыңдағы ағайының түзеледі деу ертегі сірә. Түзелген болып көрінер, бірақ қысылтаяңға келгенде сол насихаттардан сіңген жамандыққа бас қояры хақ. Насихатшы болу, адам тәрбиелеуші мұғалім болу оңай шаруа емес. Сол үшін ел алдында жүрген насихатшыларға Алланың жеңілдігі мен сүбелі сөз, биік парасат тілеймін. «Өзгелер өзіңді ұмыттырады» деген сүбелі сөздің сырын ұғынып, астарын ақтару қазақ даласында қазақ баласына тәлім үйретуші ағайынның ескеру керек болған маңызды мәселесі деп білем. Болмаса Шәкәрім қажы айтқандай «Қас түзеймін деп, көз шығарғаннан» басқа ешнәрсе емес. Алып қосарыңыз болса қағаз, қалам қолыңызда...
Алтай Берікбай