Бір шумақ
Бір шумақ

 

Жер жүзі жабылғанда ғылым жаққа,

Қазақ жүр құмарланып құр аттаққа,

Анау – қу, мынау – пысық, мен – батыр деп,

Айналды бірін-бірі құрытпаққа...

(Шәкәрім Құдайберді ұлы)

 

Жер жүзі жабылғанда ғылым жаққа. Ғылымның кілтін қолға ұстаған елдердің асығы алшысынан түсері хақ. Себебі, хазірет Әлидің айтқанындай «Ғылымды сен бақпайсың, ғылым сені бағады», яғни, руханиятың да, мәдениетің де, экономикаң да ғылымның аясында. Алла Тағала ең алғашқы аятын «Оқы» деп уахи етуі тегін болмаса керек. Оқыған адам мұсылман болса да, болмаса да еңбегінің қарымын бұл дүниеде толықтай алады. Жаратқан Хақтың жер жүзіне қойған заңы солай. Қазіргі таңда есі бар жұрт ғылым-білімге ұмтылуға, бет түзеген. «Ешкімге алақан жаймаймын» деп адам сапасын арттыруға бел буған. Ал, біз...

Қазақ жүр құмарланып құр атаққа. Бұл – Шәкәрім жасаған анализ. Ол дәуірдегі бұл қылықты қазақ қоғамы тастай алды ма? Әрбір сала өзі күткен шынайы, ықыласты мамандарын таба алды ма? Болмаса құр атақ үшін атын борбайлатып жүр ме? Ауылдағы қазақ баласы мектебін тәмәмдай сала қалаға қашады. Оқуға түсіп, бір мамандықты игерем деп итшілеп жүрсе бір сәрі, оқу жоқ, белгілі маман иесі болмаған соң, есі дұрыс жұмыс та жоқ, көше сыпыру, құрлысқа жегілуден басқа амал-айла жоқ. Аталған қара жұмыстарды менсінбей отырғаным жоқ, адал кәсіппен күс болған алақаннан айналайын, алайда, бойында қабілет тұнған қазақ баласының дарынын дамытатын шағында азды-көпті тапқан тиын-тебенін жалдамалы пәтеріне беріп, азып-тозып жүргенін көргенде қынжылып кетесің. «Ауылда кәсіп қылмайсың ба, мал бағып, жер күтсең, еңбектенсең Абай айтқандай «Қара жер де береді, құр тастамайды» ғой» десеңіз, «Пәленшенің баласы мектебін бітіріп алып ауылда қалыпты деген ат жаман ғой. Не болса да қалада жүрейін. Ауылға барғанда «Пәленшенің баласы қаладан келіпті» демейді ме?!» деп жауап қатқанда «Уа, Шәкәрім бабам, баяғы қазақ – сол қазақ» деймін. Бұл бір ғана мысал... Оқуға түскен қара домалақтар мен қаракөздер де «Диплом алып алайын, дипломы жоқ деген ат жаман. Содан кейінгісін көрерміз» дейді. Әке-шеше «Ұлымыз, қызымыз оқып жатыр» деген атаққа малданып мәз.  Ал, үміт күтіп үлпілдеткен «үкісінің» «маман болайын, бұл ғаламның кетігіне кірпіш болып қаланайын» деген ойы бар, ма жоқ па ол жағы керек емес. Ел алдында, жұрт алдында «оқып жатыр» деген атақ-абырой ғана керек. Себебі, қоғамның сұранысы сол, бағыты байырғы.

Жаппай қоғам жаман дей алмаймыз. Себебі, ұлыларымыздың мұрасына үңілуімізге септігін тигізген, бұлақтардың көзін ашып, көрлердің көкіректеріндегі көлеңкелерге сәуле түсіріп жүрген жақсы жандар да жетерлік. Ондай жандарға үнемі дұға-тілектеміз...

Белгілі мамандықтың басын қайырған жандардың өзі де атаққұмарлық пен «десін» деген жұқпалы аурудан көз аша алмай жүргендіктері жасырын емес. «Ол дертке бір шалдыққан жанның қайта адам болмағы қиын іс». Мұндай дертке душар болғанның айтар сөзі – «Анау – қу, мынау – пысық, мен – батыр деп» өзгелерді талқылау. Өзгелерді талқылау дерті қазіргі таңдағы мұсылман жұртшылығына да жұққан. Бейнамаздардың белін қайтсек бүгеміз деген жұрт азайып, орнына кімнің сөзінен ілік тауып іркілтіп кетсек, қайсібір адамның алдын орап орға омақастырып кетсек деген сұрқия жоспарлы жандар басқан. Айналамыз "Анау - пәлен, мынау - түген" деп бір-біріне ат қойып, айдар таққан ағайындар. Дін -  мәліметтердің көптігімен мақтанып, мәліметке жұтаң жанды жапырып жеңіп кетуді үйрететін мектеп емес, рухтағы мейірімге сусап, қурап кеткен сезімдерді қайта жандандыратын абылхаят. Ал, біздегі дін ұстандым деп жүрген ағайындардың көпшілігінің сырт кейптері мен өмір салттары (өкінішке орай) - өзгелерді талқылау. Ішкі ойларын Жаратушы Өзі ғана біледі. Өлтіріп алған сүйкімді сезімдерді тірілтудің соңына түспей, өлігі шығып, өзекті тақырыпқа айналып кеткен мәселелерді мыжғылай беруден ләззәт алуға көшкен сыңайлы. Жанына жаққан жанның кемшілігін жасырып айтпай қалса, суқаны сүймейтін жанның жалғанда жасаған «жарты» жақсылығын көрмей қалудың кесірінен «Айналды бірін-бірі құрытпаққа»...

Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
8 лет назад 5809
3 комментария
О блоге
0
29830 200 345 261 209