Ислам кіргенге дейінгі Әндәлус
Ислам кіргенге дейінгі Әндәлус

 

Ислам кіргенге дейінгі Әндәлус немесе артта қалушылық пен надандықтың Еуропадағы көрінісі

Еуропалықтардың ғылым-білім мен мәдениет көшінің соңында қалып, Ислам кіргенген дейінгі жабайы тұрмыс-тіршілігімен таныс болу, тарихи мәдениетіміз бен танымымыздың тереңдей түсуі жағынан рөлі өте жоғары. Әсіресе, Әндәлуc елді-мекеніне мұсылмандар келгенге дейінгі жағдайлары мен артта қалған мәдениетінің Ислам кіргеннен кейін қалайша шарықтап дамығандығын білген кезде таңдай қағып, тамсанып қалатындығымыз даусыз. Дәл біз айтып отырған ғасырда Еуропа жұртшылығы наным-сенімдегі ең қараңғы, тұрмыс-тіршілікте ең мәдениетсіз кезеңдерін бастан кешіріп жатқан болатын. Ол кездегі ел билеген атқамінерлердің ұлы ұраны – зұлымдық, әлзсіздерге әлімжеттік жасау – әрбір әмірдің мызғымас қағидасы еді. Ел басқарып жүрген атқамінерлер мен өздерін сұлтан санаған жандайшаптар халықты затша пайдаланып, зар жылататын. Әкім-қаралар небір сарайларда, биік қамалдармен қоршалға қорғандардың ішінде өмір сүріп жатқанда, қарапайым халықтың барар жер, басар тауы жоқ, аяғы шығып тұрса да «өз үйім, өлең төсегім» деп айта алатындай қара лашығы жоқ аш-жалаңаш дала кезетін. Халықтың қадірі қашып, сіңірі шыққан кедейлікке ұрынғаны соншалық, бай-шонжарлар оларды қоныстанып отырған жерлерімен қосып сатып жіберетін. Мінез-құлықтың міні көбейіп, қабағын шытқан қатыгездер мен сөз ұқпайтын тоңмойындар топырлап кетті. Тіпті табиғи болмыстарынан ажырап, надандықтың шыңырауына құлдилап бара жатты. Жабайылықты жатырқамайтын жұрт тіпті тұла бой тазалығына мән бермейтін дәрежеде төмендеп кетті. Шаштары беттеріне жалбырап, көздерін жауып қалса да, оны қысқартайын, қалпына келтірейін деген ой миларына кіріп-шыпайтын. Ел аралап, саяхат жасап  жүрген мұсылмандар олар жайлы сөз қозғағанда:  «Ол жақтың халқы жылына бір немесе екі мәрте ғана жуынатын», - дейді.  Олардың түсінігінше денеге қатапар-қатпар болып қатқан күстер адам денсаулығының жақсы екендігінің белгісі, тіпті оны жақсылық пен берекеттің нышаны деп білді.[1] Ол ол ма, баз біреулері тіпті сөйлеуді білмей, ишарат арқылы түсінісетін деседі. Өйткені, олардың өзара сөйлесетін ортақ тілдері жоқ болатын. Діни сенім ретінде Индустардың және Мәжусилердің (отқа табынушылардың) сенімдерін ұстанған.  Егер күйеуі қайтыс болса аяқ-қолы сау, басы аман, бауыры бүтін әйелін бірге өртеп жіберетін.  Бұл өртеу рәсімін осы отбасыны жақсы танитын жақындары, жақсы көретін бауырлары тамшалап тұруға тиісті болған. Алланың Хақ діні, қараңғылықты қақ жарған Ислам Еуропаға кірмей тұрғанда Батыс елдерінің жалпы алғандағы жағдайлары осындай күйде еді. Надандық пен зұлымдық, кедейлік пен зорлық-зомбылық үстемдік жасаған осындай қоғамда мәдениет, өркениет деген сөзді ауызға алудың ауылы алыс тұғын. Варварлықтың, яғни, жабайылықтың осындай түрі Еуропада ұзақ уақыт үстемдік жасады. Тіпті осындай қараңғылықта өмір сүріп жатқандарын сезген жоқ. Бұлардың көзі 11-ші және 12 –ші  ғасырларда ғана білім-ғылым мен адам болып өмір сүрудің сатыларын ұғындыратын мәдениет пен өркениетке ашыла бастады.[2] Оларға мәдениеттің лебін алып барғандар Құдай Тағаланың «Оқы! Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы!» деген аяттың аясында жетілген жандар болатын.

 

Қут тайпасының Әндәлусқа билік жүргізуі

Миләди жыл санауы бойынша 4 ғасырдың соңына қарай Батыстық Қуттар өздерінің ішінен шыққан Әләрик есімді қолбасшыларының жетекшілік жасауымен Рим Империясының батыс бөлігіне билік жүргізу мүмкіндігіне ие болды. Олардың мұндай ойға баруларына Тайдусиюс атты патшаның император тағына келуі әсер етті. Үш жүз тоқсан бесінші жылы император дүние салған кезде Әләрик Еуропаның батысы мен орталығындағы ең қуатты басшыға айналған болатын. Тіпті ол уақыт өте келе Империяның бір бөлігі түгіл, ел астанасы болып тұрған Рома аймағына билік жүргізуді ойлай бастады. Ақыры ойы жүзеге асып төрт жүз оныншы жылы Әләрик империяға билік жүргізуді шындап қолына алды. Еуропалықтартың тарихынды бұл оқиға әлі күнге дейін үлкен орны толмас өкішіш сыйлаған қайғылы кезең ретінде еске алынады.

Осы бір кезеңдерде Рим мемлекеті Альмерия даласын мекен еткен Уандал варварларына Империяның солтүстік батысына қоныстануға мүмкіндік берді. Бірақ оларға «басқа өлкелердегі, өзге аймақтардағы қауымдардың тыныштықтарын бұзбайсыңдар» деп шарт қойды. Алайда уақыт өте келе қауымдық, таптық және топтық бөлінулердің көбеюінен, және олардың жабайылық (варварлық) тұрмыс-тіршіліктерінің кесірінен Рим империясы әлсірей берді. Енді бұл қауымдар бірте-бірте бүкіл жазираға билік жүргізу ниеттерінде бар екендігін көрсете бастады. Өздеріне жақын жатқан Ғаал (қазіргі Франция) елдеріне қоқан-лоқы көрсетіп, қанды-қол қарақшылықпен, адамды аямайтын тұрпайы тірліктермен айналыса бастады.

Осындай күндердің бірінде Әләриик дүниеден озды да, Ромадағы бұзғыншылықтар мен қантөгістердің екпіні бәсеңдеп қалды. Оның орнына Қуттардың шешімімен Атауф таққа отырды. Ол билікке келіп ел басқару ісін дөңгелетіп әкетті. Алдымен империясының табанын нықтап, іргесін бекіту мақсатында Ғаал елді мекенінің оңтүстік жағына құрық созды. Одан кейін Уандал қауымына шабуыл жасады. Батыстық Қут қауымының жойқын соққылары мен тынымсыз шабуылдарының ақыры Уандалдардың оңтүстікке ойысуымен тынды. Қуттардың бұл аймаққа билік жүргізетіндігіне, әсіресе, Уәлия атты қолбасшының кезінде жазираға деген өктемдіктерінің өтімді бола бастағанына көздері жеткен Уандалдар, орнығып қалған отандарын жай ғана тастап кетпей, ол жердегі Рома мәдениетіне тән жәдігерлердің тас-талқанын шығарып бүлдіріп кетті.

Осы оқиғалардан көп уақыт өтпей-ақ, Рим императорлығы парша-парша болып, іргесі сөгіле берді. Оған бірден-бір себеп болған Қут тайпаларының өз алдына жарты аралдағы тәуелсіз мемлекет екендіктерін жариялауы болатын. 

Миләди жыл санауымен 467-шы жылы Қуттық қолбасшы Эрик патша болып сайланды. Тарих қойнауында Қут деген әйгілі мемлекеттің шынайы келбеті мен негізін қалаушысы осы Эрик болатын.[3]

Испанияға Ислам шуағының кіруіне бірнеше жыл қалған кезде бұл өлкенің қауіпсіздігін қадағалап отыратын әскердің басында Лузриқ деген қолбасшы, Ғайташа[4] атты патша тақтан тайған күні орнына отырып, ел тізгінін қолға алды.[5]

Испания жұртшылығы Ислам келерден аз уақыт бұрын қоғамдық қозғалыстар мен көтерілістер, көптеген бұзақылықтар мен экономикалық артта қалушылықтарды бастарынан өткеріп жатты. Себебі, саяси тұрақсыздықтар мен диктатуралық басқару жүйесінің кесірінен халық пен биліктің арасына жік түсіп кеткен болатын. Алайда, бұл жағдайлар патшалықтың  сыртқы жауға төтеп бере алатындай күші болмады дегенді білдірмейді. «Жыланды қырық кессең де бір кесірткелік күші бар» дегендей, әскер күші мығым болмаса да, келген жауға қарсы тұрып соғыс жүргізе алатындай мүмкіндікке ие еді. Өйткені, Қут қауымы 6-шы ғасырдың басында-ақ, сол кездегі Германиядан да мықты деп есептеуге болатындай алып мемлекет құрып  үлгерген еді.  Содан кейін осы бір тәжірибелі әскери жүйелерінің қызығын бетпе-бет жүргізілген соғыстарда, аяқ астынан келген шабуылдар кезінде көрді.[6]

 

 



[1] Абу Абиз әл-Бәкәри «Жағрафиятул Андалус уа Урубба » мақаласы «Мәсәлик уа Мәмәлик» 81-бет

[2] Густав Либон «Хадаратул Араб» 567-бет

[3] Толық мәлімет үшін қараңыз: Хусеин Му,нис «Фажрул Андалус» 15-бет          

[4] Ғайташа немесе Уитәзә, Рағиб әс-Сиржәни "Қасасул Әндәлус минәл фәтхи иләәс сқуут" 18-бет

[5] Абдур Рахман Хажи «Тәрихул Әндәлус» 30-бет

[6] Абдур Рахман Хажи «Тәрихул Әндәлус» 30-31-бет

Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
8 лет назад 3076
0 комментариев
О блоге
0
29830 200 345 261 209
Прямой эфир