Рух үстемдігі
Рух үстемдігі
Адам баласы бұл дүниеде  бір-біріне мүлде ұқсамайтын «рух» және «дене» дейтін екі түрлі қуаттан тұрады. Бұл екі қуат кейде бірігіп, біртұтас халге келгеніменен көбінесе бір-біріне қарама-қайшы жаратылыс екендіктері байқалады.  Бірі үстемдік жасаған бір болмыстың ішінде екіншісі бейшара жағдайға тап болып, тарпаңның табанында тапталған тышқандай тыпырлап қалады. Тән қалаулары қылтия бас көтеріп, бара-бара асау аттай тыпыршып, құтырған бурадай буы бұрқыраған сәтте рух дәрменсіз күйге түсіп дененің дегенінен аса алмайтын құлақ кесті құлына айналып кете барады. Ал, керісінше рух дененің дегеніне «дымыңды өшір» деп, ақылды жүрекке, рухты тәнге патша еткен кезде  мыңдаған лабиринтті, яғни, шиеленіскен шытырман жолдарды «әп» дегенде-ақ қарғып өтіп, мәңгіліктің мәніне жете алатынтай мүмкіндікке ие болады.
 
Рухани өмірлері жұтаң тартқан өлкелер жүздеген жеңіс медальдарын тағынып, адам жүретін әрбір жерді айбат шашатын айдаһар мүсіндерімен безендірілсе де қорқынышты қабірстаннан ешбір айырмашылығы жоқ. Иә, рухани үстемдіктің демімен тыныстамаған әлем – дойыр күштердің қолындағы жай ғана бір қуыршақ іспетті. Руханият көктемінің аясында дамымаған мәдениет адамдардың жолын кескен жәдігөй, әрі бұл өлкеде  өмір сүріп жатқан халық дағдарыстан дағдарысқа айдалып көздерін шел басқан бақытсыздар. Өз басының бақыты мен қара басының ләззатына құмартып, өмірін басқалардың бақытты болуыменен байланыстыра алмаған бейшара рухтарға мұны түсіндіру мүмкін емес-ау. 
 
Дариға-ай, бұлар да тағы бір рет нәпсі қалаулары мен өзімшілдіктерінің өңмеңін үзіп, рухани мәңгілікке жету сырын ұғына білсе ғой!
Жан дүниесін адамды сүю мен ұлы ойлар арқылы безендіргендер жүрек қуатының тепе-теңдігін сақтай алған жандар. Ішкі сезімдерін ұлы мақсаттарға қарай бағыттап, көңіл атты күймелерімен өлмес-өшпес мәңгілікке қарай бет түзейді. Бір ұмтылғанда-ақ, хайуани тіршіліктен ұзақтап, дененің дегенінен құтылған мұндай бақытты жандар, рухтарын қанаттандырып, жүректерін жігерлендіріп, әр дем алған сайын нәпсі қалауларын емес, адамгершіліктерін арқалап нағыз жеңістеріне жол тартады. 
 
Шынайы жеңіске қол жеткізген ең күшті адам – өз нәпсісін жеңе алған адам. Құтырған нәпсісі мен жаман әдеттерінен құтыла алмаған бейшара рухтар, жер жаһанға билік жүргізсе де жеңілген болып саналады. Мұндайлардың әр тарапты әуре-сарсаңға салғандарына жеңіске жетті деп айтылмайтыны сияқты, мәртебелі мекендерінде мәңгілік түгіл, ұзақ уақыт  несібелі жан боп тұрулары да мүмкін емес. 
Өзін жер жаһанның жалғыз билеушісімін деген құрғақ қиялының әсеріменен ойышыл Монейдің тұла бойында көрініс тапқан білім мен парасаттылыққа жұдырық жұмсаған Наполеон, өз рухындағы жеңілістің дәмі Йенадағы жеңілісінен  бетер ащы екендігін сезіп, парқына жете алды ма екен?!.. 
 
Қабылан жүректі Иылдырым Хан Чубук жерінде емес, төңірегендегілерге төбеден тәкаппарлана көз тастап, өзін төрткүл дүниенің төресі санаған күні жеңілді...  Жалғыз бұл емес, осылай жеңілгендер қаншама... 
 
Алайда, Андалусияға Ислам нұрын бастап барған Тариқ Геркулес бағаналарынан асып түсіп, 90 000 адамнан құралған Испания әскеріне әңгір таяқ ойнатқан кезде емес, Тулейтула қаласында патшаның байлығы мен көз жауын алар қазыналарына тап келгенде «Ей, Тариқ, байқа! Кеше ғана құл едің, бүгін мерейі үстем қолбасшы болдың. Ал, ертең топырақтың астында болатыныңды да ұмытпа!» деп көңіліне қатқыл үн қатқан кезде рухани серпіліп, шынайы жеңістің тізгінін қолына алған тұғын. 
 
Жер жүзін алақаныма салып билеймін деген Иавуз жер жүзінің түкпір-түкпірінде айқайлап ұран салған қайсар жауынгерлерімен патшаларды тағынан тайдырып, небір сұлтандардың кәлләсін тәжімен қосып ұшырған күндерінде емес, Ридания жеңісінен көп уақыт өтпей-ақ, Ислам әлемінің ең бірінші қолбасшысы мәртебе-мәнсабымен Стамбул қақапаларына жақындап келген кезде, халықтың өзіне деген ілтипатын, қол соғып қошеметтеулерін көрмеуі үшін, жұрт қалың ұйқыда жатқан түннің бір сәтін пайдаланып, қалаға ың-дыңсыз кірген күні және өзіне өмірдің ақ-қарасын ажыратуға жол көрсеткен ұстазының атының аяғынан атылған батпақтан кір-кір болған, Астағфируллаһ, кiр емес, сол батпақпен жұпарланған шапанын өзімен бірге көмуді өсиет еткен күні нағыз жеңімпаз жан еді. 
 
Рим империясында қолбасшылық қызмет атқарған Катон Картажалыларды ойсырата жеңген күні емес, қол астындағы жауынгерлері жеңіс ұранын аспандатып Астаналарына кірген күні қолбасшылықта мінген арғымағы мен жауынгерлік киімдерін патшаға қайтарып беріп тұрып: «Мен халқыма қызмет ету үшін соғыстым, бұдан былай менің міндетім аяқталды. Енді тып-тыныш қана ауылыма қайтамын», - деген күні шынайы жеңіске қол жеткізіп, халқының көңіліне тақ құрған еді.
 
Ағаш тамырының мықтылығы арқылы жайқалып өскені сықылды, адам да пайдакүнем пікірінен, өзімшіл ойларынан, менмендік меңдеген дертінен сытылып шығып, өзгелер үшін өмір сүре бастаған сәттен жетіліп, толықсып, көз жетпес шыңға бір-ақ шығады. «Сексенге таяу сүрген өмірімде шекпеген азап, көрмеген қорлығым қалмады...жан дүниемде не жәннәты аңсау, немесе жаһаннамнан қорқу жоқ. Халқымның иман-ахуалының дұрыстығына көзім жетсе, жаһаннам алауларының ішінде жануға разымын. Өйткені денем шатырлап жанып жатқанда –  көңілім гүл бақшаға айналады...»
 
Мінекей, рух үстемдігінің сыңғырлай естілген үнінің қасиетті Гүлстаны!
 
Алла қаласа, болашақ тәж мұрагерлері, рухани үстемдігі арқылы мәңгілік бақытқа қол жеткізген нағыз бақытты ұрпақ болады. 
 
Түрік тілінен тәржімаланған
рух
Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
9 жыл бұрын 4574
5 пікір
Блог туралы
0
29830 200 345 261 209