Мұсылман боп қалайын
Мұсылман боп қалайын

Басқа өмір, басқа тірлік, басқа күн.
Мұсылман боп басқа өмір бастадым. 
Маңдайымды мың қойсам да сәждеге, 
Амал қанша пенделіктен аспадым.

«Ерім бар» деп артқан кезде ел сенім, 
Өз айыбым езілгені еңсенің. 
Туыстықтың бар қадірін кей кезде 
Дөңгеленген дүниемен өлшедім. 
 
Дәрежесін көрсетпек боп сыйлаудың,
Жақсылармен дос болуды ұйғардым.
Досым жеткен қуанышқа кей кезде 
Дос секіліді қуана алмай қиналдым. 
 
Айыра алмай сазды, суды, батпақты, 
Сайтан санам сұмдық ойлар сақтапты. 
Өзгелерге ақыл айту тым оңай
Өз-өзімді түсіне алмай бас қатты. 
 
Бойымызда кемшілік көп не керек,
Сабыр қылсақ соның бәрін жеңер ек. 
Сабыр деген тозбас, берік қорған ғой 
Қытайлардың қорғанынан керемет. 
 
Әсері ме әлде мынау ортаның, 
Орта емес, ішім түтін, қолқа мұң. 
Асау нәпсім ат қып мініп намысты, 
Жиған сауап желге ұшар деп қорқамын. 
 
Ойсыз-қамсыз жүрсем нәпсім мақұлдар, 
Жаным түнге, тәнім отқа жақындар. 
Жо-жоқ... ойсыз тірімін деу өтірік, 
Ойланайын адаммын ғой ақыл бар. 
 
Ішке бұққан кемшілікті табайын, 
Кілтін тапсам ашам сырдың сарайын.
Төзім берші, сабыр берші Жаратқан, 
Шын мұсылман, шын адам боп қалайын. 
Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
9 жыл бұрын 5647
12 пікір
Блог туралы
0
29830 200 345 261 209