Ережесіз жекпе-жекте мен жеңдім

 
Мамырдың мамыражай маусымы. Ауылдағы бір танысым  "көптен бері көріспедік қой, үйге қонаққа кел" деген соң барымды киіп, бақанымды ұстап белігілі уақытта есігін қақтым. Ауызғы бөлмеде қарсы алған ол, төрге қарай қолтықтай жөнелді. Уақыт сәске болғандықтан  үй іші көктем күнінің шуағыменен құлпырып, хан қызының сарайындай жайнап тұр. Төргі бөлмеде ұзыннан жайылған дастарханның  үсті түрлі дәмге лықа толы. Бір-біріне қарама-қарсы отырған жас жігіттер ырду-дырду қызу әңгімеге кіріскен. Үй иесі -– әлгі жігіт мені отырғандармен таныстырды да, өзі  "қазір келемін" деп тысқа кетті. Танысып, жөн сұраса отырып әңгіме ауаны "рушылдық", "жершілдік" тақырыбына ойысты. "Пәлен рудан, пәлен деген ру артық" деген сынды әзәзіл әңгіме қыза түсті. Тамырлары адырайып алып үстелдің екі жағында отырған жігіттер жемтікке таласқан құзғындардай қожыраңдасып отыр. Шашын әдемілеп қайырған қызыл шырайлы жігіттің сөздеріне құлақ қойсам өзінің руынан басқа руларды адам қатарына қоспайтынын қайталап жағы талмай отыр. Төле би бабамыздың "Руға бөлінгендердің құруға асыққаны" деген қанатты сөзі құлағыма қайта-қайта жаңғырғандай болып кетті. Десе де, менің де енді ішімдегі құбыжық ояна бастады. Әлгі жігіттің әдептен асып бара жатқанына барлығы куә болып отыр. Бастапқыда сөзге сараңдық танытып отырған мен, әлден уақытта қызу тартыстың басты кейіпкері бола бастағанымды сездім. "Шешінген судан тайынбас" дегендей енді менің де артқа шегінер түрім жоқ. Қызыл шырайлы шырағым тоқтар емес. Жағы сембей өзге руларды, әсіресе менің руымды жамандап қақсап отыр. Оны қолдап отырған төрт-бес жігіт те маған "енді не дер екен" дегендей мысқылдай қарап, көздерімен ішіп-жеп барады. Бұл тартыс базардағы саудагер әйелдердің ұрсысына ұқсап бара жатқанына шыдамай, бір шетінен қызыл кеңірдек, бір беткей жанмен сөз таластырудың бекер екендігіне көз жеткізіп, шара таппаған мен: -Шық, далаға! Қане, жекпе-жек!" деп айқай салдым. Қапелімде бұндай сөз естимін деп ойламаған ол сасып-ақ қалды. Бірақ, шалбар киіп жүрген жан болған соң тартынып қалуды ар санады білем, қапталындағыларға "нестейін" дегендей көз тастап қойды. Қасындағыларға да қызық керек білем, "Қане, кеттік!" , "Ойпырмай, мынау не деп тұр", "Сабасына түсірші сабазды" деп қолтығына су бүрікті. Соныменен не керек, сөзді сол жерден үздік те барлығымыз жаппай далаға қарай бет алдық...
 
Үйге келдім. Асығыс-үсігіс "қонақ киімімді" атып-атып тастадым да, жекпе-жекке ыңғайлы киім іздеп әлекке түстім. Жеңіл жейде.... шағын шалбар....болаттай бәтеңке .... Киімді киіп, жұдырықты түйіп шығамын дегенше шамамен, бір сағаттай уақыт өтіп кетті. "Әттең-ай, кешіккеніме қарап жүрексініп жүр деп ойлап қалатын болды-ау" деп жүгіре басып ауылдың сыртына қарай шықтым. Міне, керемет...Бүкіл ауылдың жастары жап-жасыл алаңқайда кәдімгі әлем чемпионатына жиналғандай қызық күтіп отыр. Тіпті араларынан бір жүргізуші сайлап қойыпты. Менімен айқасқа түсетін жігіт біреуді бапкер етіп сайлап алып, әртүрлі әрекеттер жасап қызу дайындыққа кірісіп кеткен. Ішім алай-дүлей...Мені намазхан ретінде танитын ауылдың адамдары бұл әрекетімнен кейін қандай ойда қалар екен. Анда-санда азан шақырып, "ақиқаттың ақ туын желбіретейік" деп мешіттегі мінберден үн қататын  ұлдарының ұрыс алаңында ұран салып жүргеніне қалай қарар екен? Осындай оймен арпалысып келе жатып ұрыс алаңына таяп та қалдым. Мені жақсы танитын, насихаттарыма құлақ қойып жүрген жігітер алдымнан шығып сұраулы жүзбен жаутаңдай қарап қояды. Енді тартынар жол жоқ. Не болса да айқасып бағам. Мектеп қабырғасында бірнеше спорт түрімен айналысқаным осы жерде сеп болайын деп тұр. Боксқа тиіп-қашып барып жүрген мен, қазақша күрес әдістерін еске түсіре бастадым. Қолмен ұрып құлатпасам да, таэквондоның бірнеше тәсілімен теуіп сеспей қатыруға мүмкіндік бар деп қоям ішімнен. 
 
Жұрт қарасы көбейді. Бәйге дүбірін құлағы шалып құтырған жылқыдай менің де делебем қозып барады. Бұл ұрысты жүргізуге сайланған жігіт ышқына кеп айқай салды. " Уа, ағайын! Бүгін алдарыңызда ережесіз жекпе-жектен ұлдарыңыз Ермек өнер көрсетеді" деп екі бетімді одан сайын дуылдатты. "Енді осы жекпе-жектің әділ өтуін қадағалап, екі жігіттің өнерлеріне төреші болсын деп әлемнің үш дүркін чемпионы, қазақ батыры Ардақ Назаров ағамызды арнайы шақырдық" деген кезде мүлде жерге кіріп кете жаздадым. Ойпырмай, Ардақ ағамыз Қазақтың намысын арқалап, үлкен додаларда қарсыластарын баудай түсіріп жүрген, ары биік азамат қой. Өзі бес уақыт намазын қалт жібермейтін қадірлі мұсылман. Осыдан алты-жеті жыл бұрын орталық мешітте бірге сабақтарға қатысқан едік, мені танып қалса ұят болатын болды-ау. "Ей, қазақтар, бір-біріңнің мұрындарыңды бұзғанға мәз болып жүрсіңдер ме? Бабаларымыз аңсаған бірліктерің қайда?" десе тірідей жерге көмілгенім емес пе?! Дәл солай болды. Алдымнан шыққан Ардақ ағам салқын ғана амандасты да, "Қолдарыңа арнайы қолғап киіп алыңдар" деп ережесіз жекпе-жекке киетін биялай ұсынды. Жұрттар ішін тартып тынып қалған. Қолыма қолғапты жабыстырып киіп алдым да, ұрыс алаңына қарай беттедім. Өкініштен өзегім өртеніп барады. Әне, арғы қапталдан қолына қара қолғап киіп алған "қарсыласымның" бойы қылтиды. Енді тек "шың" еткен гонгтың үні ғана керек...Міне, гонг.... "шыр-шыр", "шыр-шыр"  Көзімді ашып алдым, сөйтсем таң намазының уақытына есептеп қойған телефонымның оятқыш қоңырауы зар қағып жатыр. Қазақ бауырыма қарсы ұмтылуға дауаламай тұрған мен ұйқымнан оянып кеткеніме мәз болдым да, Адам атадан бері келе жатқан "анық дұшпаным" шайтанды шалқасынан түсіріп, төсегімнен тұрып кеттім. Асықпай азанымды айтып, нақыштап намаздымды оқып алдым. Осылайша қияметке дейін  шайтанмен болатын ережесіз жекпе-жекте Алла Тағала маған жеңіс нәсіп етті. Шүкір.
Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
9 жыл бұрын 5880
8 пікір
Блог туралы
0
29830 200 345 261 209