Ғибрат
Ғибрат
Білім атты мұхиттың қақ ортасында Ер Төстіктің сегіз ағасындай болған сегіз жігіт алқа қотан отырып алып мұхиттың ішінен маржан сүзуге кіріскенбіз. Көп ұзамай жөткірінген ер адамның даусы естілді де сыныптың ішін хош иіс жайлап кетті.  Әлгі жөтел иесінің төбесі көрінер-көрінбес салт аттыдан үріккен бір топ шілдердей дүр етісіп түрегелдік. Ұстазға деген құрметтен туындаған әрекет екенін білсе де, өзіне біздің бұлай жасағанымызды іштей құп көре қоймайтынын жүзінен байқауға болар еді. Кей күндері тұрып қарсы алғанымызға мән берместен орнына жайғасатын да «Қалдырың қалай, қарақтарым»,- деп бірден жөн сұрауға кірісетін. Мұнысын тұрып қарсы алған шәкірттерінің құрметін елемеу емес, «Мені тұрып қарсы алып жатыр, мұндай дәрежеге де келіп қаптық-ау» деген сынды жан-дүниесін кірлетіп, шайтанды шаттандыратын ойлардан бойын аулақ ұстау екенін жақсы білетінбіз. Ал, кейбір күндері кіріп келе жатып «Тұрмаңдаршы, қозғалмай отыра беріңдерші»,- деп азар да безер болған сәтіне де  куә болатынбыз. Қайран Құнанбайдың құлыны:
«Жақыныңды жаттай күт, 
Жат көрсін де түңілсін,
Бір-біріңді қадір тұт, 
Жұр үлігі алсын үңілсін»,- дегені осы-ау деп түйдім. Ұстазымыздың айтқан насихаттары мен үйреткен сабақтары көңіліміздің төрінен орын алып, ұзақ уақытқа санадан сөгілмей тұруын осы бір жасандылығы жоқ кішіпейілділігінің әсерінен шығар деп ұқтым. «Қандай да бір пенде Алла разылығын көксеп кішіпейілділік танытса, Құдіретті Жаббар Хақ оның дәрежесін жоғарылатады. Ол кісі үнемі өзіне-өзі көңілі толмай, басқалардан өзін үнемі төмен санаумен жүрсе де, өзге жұрттар оны көрген сәтте бейне бір ұлы адаммен кездескендей күй кешеді...» деген хадистің астарында да осы нәрсе жатса керек...
Соныменен ұстазымыз орнына жайғасып аман-саулық сұрасқан соң: «Сендер дәл қазір дүниедегі ең абзал іспен айналысып жатырсыңдар, Алла Тағала осы уақыттардың қадірін білуге жазсын. Мұсылман қауымына, пайғамбарымыздың үмметіне дұға жасаумен қатар, бір-біріңе білім жолында шабыт сыйлап, өмір сүру жолында үміт беріңдер»,- деді. 
Иә, шынымен де біліммен айналысу, үйрену мен үйрету, өзгенің қуанғанын көріп ләззат алудан артық не қызық бар өмірде?! Аздаған үнсіздіктен соң:
- «Қане қай аятқа келдік»,- деп алдындағы кітабын парақтай бастады.  Бүгінгі оқитын аятымыз марқұм Ибн Кәсирдің тәпсірінен Мәриям сүресі болатын. Алқа құрып отырған біздер алақан жайып ұстаздың жүзіне қарадық. Қос қолың жоғары көтеріп Ислам әлеміне, мұсылман үмметіне ұзақ-ұзақ дұға жасады да сүйрік саусақтарымен бетін сипап, «Оқы» дегендей ым қақты. Мұны күтіп отырған біз бір-бір беттен кезектесіп оқуға кірістік. Арасында жиі-жиі тоқтатып, оқыған аятарымызды қалай түсінгенімізді, бүгінгі таңда бұл аяттаға қалай амал жасалуы қажет екендігін баяндап отырды. Елу тоғызыншы аятқа дейін осындай әдіспен оқытып келе жатты да, елу тоғызыншы аяттың тәпсірі толық оқылып біткенше үзбеді. Зуылдатып оқып жатқан жігітті кірпік қақпай тыңдап отырды да, оқылып біткеннен кейін:  – «Өткен аптада», - деп  бастады әңгімесін «Бір жақын досымды зиярат етпек болып автобустардың біріне кірдім. Артқы орындардың бірі бос болған соң солай қарай беттедім де, қылпылдап тұрған жап-жас екі жігіттің қасына «Ассалаумағалейкум» деп сәлем бере жайғастым. Одырайя қарған екеуі сәлемімді алды да да: 
- Мұғалімсің ғой деймін, киген киімің ұқсайды,- деп қойып қалды. Иектеріне жалбырата қойған сақалдарына қарап көкіргегінде нұры, санасында сәулесі бар жандар ма деп едім, осы бір ауыз сөзінен-ақ надандықтың намысын жыртып жүрген жандар екенін аңғара қойдым. Мұсылман келбеті деп қойып алған сақалы ғана болмаса, бұлардың мұндай қарым-қатынасын көрген діннен алыс адамдар Құдай Тағаланың қасиетті қағидаларына құшақ жая жүгірмесі анық. Бұл сұрақтарына жауап беруді жөн көрмей жымидым да қойдым. 
- Ихуансың ба?- деді, бір кезде батырым. Жалған-ай, Жаратқан берген жүрегіңді жұлым-жұлым қылмай, жақсылыққа толтырсаң нетті! Анаушы-мынаушы дегеннен қашан құтыламыз?! Осы «пәленшеші, түгеншеші» деген лақаптарды тағудың астарында мұсылмандардың бірігуінен қорыққан дінге дұшпан, Құдайсыздардың жымысқы ойы жатқанын қашан түсінеміз?! Мен ол екеуіне:
- إنما المؤمنون إخوة «Расында, мұсылмандар бауыр ғой»,- деген аятпен жауап қаттым да артынша, бауырларым, біздерге Алла Тағала «Бір-бірлеріңе бауырсыңдар» деп тұрғанда, «сен ана топ, мен мына топ» деудің не қажеті бар? Осы аят жетклікті емес пе?!- дедім. Дінді адамның сырт пішіні мен киген киіміне ғана қарап өлшеп үйренгендігінен бе, болмаса өзінің көзін тырнап ашқалы көргені сол ма: 
- Кімнің астауынан су ішіп жүрсің,- деп надандығының қалың қатпарын тағы бір қопарды. Жүрегіме найзадай болып қадалған бұл сөзді басқа дін өкілдерінен естісем бұлай жаным күйзелмес еді-ау, мұсылман деген қасиетті атауды арқалап жүрген, өзі жас, өкінішке орай көңілі пәс жанның аузынан есітгенде төбеме тау құлағандай ауырлықты сезінідім. 
- Ислам, Иман, Ихсан сынды қасиетті астаудан су ішіп жүргеніміз жетпейді ме?! Тағы қандай астау туралы айтып отырсың?- дедім. Осыдан соң бірнеше рет тұқыртамын деген мысық тілеуінің мысы құрыды. Тағы да бірнеше қитұрқы сұрақтар қойып, екі беті қызарақтай түсіп отырды. Қолынан келсе буындырып жіберуге дайын-ақ. Мен ол сұрақтарын сендердің саналарыңды уламасын, жүректеріңе жүк түсірмесін деп айтқанды жөн көрмей отырмын. Ақылдарыңды буландырып, саф түсінікке сары-ала дақ салып қайтеміз. Бұл оқиғадан міне бүгін дәл бір жұма өтті, әлі күнге дейін жағымсыз әсерінен айыға алар емеспін. Қос дүниенің бақытын қолға қойып беретін Құран сынды құнды кітабымыз бола тұра, арамызда осындай жастардың да жетіліп келе жатқанына алаңдаймын»,- деді. Көзі талған адамдай көзілдірігін шешіп қолымен уқалай бастады. Ұстазға жақындау отырған мен жанарынан домалаған тамшыны бізге білдірмей сүртіп отырғанын байқадым. Жанарын жасыра сүртіп,  күлімсірей күрсініп жинала бастады. Дәрісімізді аяқтап дұғамызды жасадық та, келесі кездескенше деп қош айтыстық. Ұстазымыздың осы кішігірім ғана оқиғасынан өмірімізге азық болатындай үлкен ғибрат алдық. Иә, «Расында мұсылмандар бауыр ғой»!
Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
9 жыл бұрын 4692
0 пікір
Блог туралы
0
29830 200 345 261 209