Умра (Қажылық циклды өлеңiнің жалғасы)
Умра (Қажылық циклды өлеңiнің жалғасы)

Таң атты асқақ азан әлдилеген 

Азанның қалқасында қалғиды өлең. 
Умра жасамақ боп бет түзедім, 
Қашықтық қанша екен «әл-Хараммен»? 
Қасиетті Қағба ғой «Харам» деген. 
 
Қажылықтай көлемді Хақ талабы
 Үлкен – үлкен үш топқа қатталады 
Біздерге «Тәмәттуғ» тән сол үшін де, 
Әуелі умраны атқарады. 
 
Асығып адым ашам «Лаббайкалап», 
Тыныс түгеп тағатым қалмай барат. 
Орап-ап ихраммен етек жеңді
 «Лаббайк» айту, дариға-ай, қандай ғажап! 
 
Апыр-ай, Қағбаны шын көремін бе? 
Қайтейін, сенбейін бе, сенемін бе? 
Кей мүмін жылайды екен ағыл-тегіл
 «Қағбаны көрмедім» деп өлерінде.
 Бұл нығмет көз жетпес көлеміне.
 
 Арасымен ағылған жамағаттың 
Қысқа адымдап, қобалжып бара жаттым.
Бүгін міне, жуылар сәті келді
Жүрегіме жүк болған қара дақтың.
 
Көп есіктің бірінен келіп кірдім,
(Хаққа ғана құл болған ерікті ұлмын,)
Міне ғажап, Қағба ғой алдымдағы, 
Бар ынтамды сол жаққа беріп тұрмын. 
Дұға етейін состиып неғып тұрмын?! 
 
«Уа, Раббым, не сұрасам беріп тұрдың,
 Сонда да шүкір етпей желіктім мың. 
Кешірші өткен, кеткен бар күнамды, 
Алдына «Бәйтулланың» келіп тұрмын. 
 
Осылай дұға тілеп еріп тұрмын, 
Жауабы бар күмәнсыз сеніп тұрмын. 
Дұғама алыс-жақын түгел қосып,
 Қос көзге көзсіз ерік беріп тұрмын. 
 
Қағбам-ау, басып барат мысың мені, 
Аттатты әлдеқандай күш ілгері. 
«Дертті болсаң кел» дейді Қағбатуллаһ
 Аралдай аппақ толқын ішіндегі. 
 
Татыса осы татыр мың күніңе 
Ұшып жүр құстар қосып үнді-үнге.
 Қара тасқа қол бұлғап тауап қылдым, 
«Ақ толқынға» күмп етіп сүңгідім де. 
 
Жеті мәрте айналдым батылданып, 
Сүйе алмадым пәк тасты жақын барып. 
Өзегім өртенеді сол үшін де 
Ап қалғандай қара тас ақымды алып. 
 
Шапшаңдатып шабандау қимылды енді, 
Жұрттар сыйған бұрышқа сыйғым келді,
Әз Елшісі Алланың сүйген екен 
Енді мен де сол тасты сүйгім келді.
 
Сүю – сүннет, басқа жоқ себептері
 Басқа себеп біздерге керек пе еді?!
 Омар да: «Ей, қара тас, сені әз Елші 
Сүймегенде, сүймес ем» демеп пе еді. 
 
Ендеше, ол Пайғамбар сүннеті еді, 
Сүннетке еру бізге міндет еді. 
Дегенмен біреу сүннет істемек боп 
Парыздың айналасын кірлетеді. 
Мынадай қызық бопты дейді мұнда 
Айтайын жеңіл боп тұр тілге тегі. 
 
Тауапты жасай жүріп бір топ кісі
 Жақындап келіп қапты қара тасқа. 
Сүймек боп ұмтылыпты бәрі бірдей 
Бекініп бек көңілге қарамасқа. 
 
Итерісіп бір-бірін ығы-жығы, 
Асқақ ақыл ақ құсын қалқытпапты. 
Бір мүміннің оянып «құбыжығы» 
Бір кісіні жағынан тартып қапты. 
 
Әлгі байғұс не істеді дейсіздер ме? 
Соққан қолын сүйіп-ап қиылыпты. 
Пұшайман боп соққан қу сүмірейіп 
Өкініш жас боп көзден құйылыпты.
 
 Жалынып жылап жүріп депті оған: 
«Соқ мені, сен де ақыңды ал осылай...» 
Түріңнен айналайын текті болған
 Пайғамбар бұйырып па еді дәл осылай?!
 
Көңілін мұсылманның жараламау
 Кірген соң мұсылмадық міндетіңе 
Өкініш өкшелейді айырмасаң 
Бұл діннің парызы не, сүннеті не? 
 
Тауапты жасап болып намаз қылдым, 
Артында Ибраһимнен қалған іздің. 
Маңдайым шып-шып терлеп шетке шықтым 
Қызуы білінді енді сабаз күннің. 
 
Қылса екен бұл құлшылық жанды жарық, 
Тіл кепті шөлімізді қандыралық. 
Сафаға Сағи үшін бет түзедім 
Зәмзәмнан қанғанымша зәлгіп алып. 
 
Бұл жерде қасиетті қос төбе бар,
 Сафа деп Маруа деп мәлім болған 
Көңілдің көктеміне кестелеп ал 
Тарихын баяндайын тәлім болған:
Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
9 лет назад 6403
4 комментария
  • Сізге Алла Тагалам разы болсын. Көп рахмет. Өлендеріңіз керемет. Кажылығыңыз қабыл болсын. Мен үшін де, менің ата-анам үшін дұға етіңізші.
    9 лет назад
  • Қажылықты Тәңірім қабыл қылғай,
    Құлшылықты жасаңыз дамыл қылмай!
    Тек қана бір Алланың қалауымен,
    Бұл Қажылық бізге де нәсіп болғай!!!
    9 лет назад
  • Көп есіктің бірінен келіп кірдім,
    (Хаққа ғана құл болған ерікті ұлмын,)
    Міне ғажап, Қағба ғой алдымдағы,
    Бар ынтамды сол жаққа беріп тұрмын.
    Дұға етейін состиып неғып тұрмын?!

    Керемет!!!
    9 лет назад
О блоге
0
29830 200 345 261 209