Биология пәнінің мұғалімі өзінің сабағын қызықты өткізу үшін, сонымен қатар алдындағы отырған "отыз миға" дұрыс тәрбие беру мақсатында әртүрлі сұрақтар қойып, мұсылманшылығы енді аяқтанып келе жатқан ұрпақтың алдындағы борышымды адал атқарсам екен деп барын салады. Бүгін де дәл солай сабаққа келе сала уақыт жоғалтпастан қарсы алдында отырған оқушыға:
– Қанекей, тақтаға шығып сабақ айта ғой. Тiрi табиғат қаншаға бөлінеді?- деп сұрақ қойды. Тақтаға атып шыққан бала:
– Төрт түрге бөлінеді, - деді ойланбастан. Сыныптағы озат оқушыдан бұндай жауап күтпеген мұғалім:
– Сен қателесіп тұрған сияқтысың, қане атап-атап айтып шықшы, жанды тіршілік иелеріне нелер жатады? - деп сұрақты тағы да қайталады.
– Өсімдіктер, жан-жануарлар, адамдар, балалар...
Бұл жауапқа мұғалім мен сыныптағы оқушылар ду күлді де:
– Балалар да адамдардың қатарына кірмейді ма? - деді.
– Рас айтасыз ағай, онда жанды тіршілік иелері үш түрге бөлінеді. Олар: өсімдіктер, жан-жануарлар және балалар, - деп тағы да барлығын күлкіге қарық қылды. Не болса да бұл баланың ар жағында бірнәрсені айтқысы келіп тұрғанын сезген сезімтал мұғалім:
– Адамдар ше? - деп сұрады. Сонда бала:
– Жүректеріне махаббат пен сүйіспеншілікті қазық қылып қадап, мейірімді қалыптарынан айнымағандар бала болмыстарында қалды, ал, қалғандары болса жануарлардың қатарына кіріп кетті, - деп жауап берді. Сыныптағылар сілтідей тынды. Осы сәтте мұғалімнің санасында "Сен оларды тыңдайды, түсінеді деп ойлайсың ба? Олар хайуан тәрізді, бәлкім, хайуандардан да бетер жолдан адасқан" деген аят жаңғыра берді. Үйіне жеткенше әлгі оқушының жауабы мен Алланың ақиқаты қайта-қайта ойына оралып: "Ақыл жастан, асыл тастан" деп басын шайқай берді. Расында да, мейірімге шөлдеген қоғамның хайуаннан бетер болып кететіндігін күніге көзіміз көріп жүргені жасырын емес-ау.
Хайуанға оны қосыңдар.