Тарихқа шолу
Тарихқа шолу

Хазіреті Əбу Бəкірдің халифалығынан бастап Имам Ағзам Əбу Ханифаның шейіт болуына дейінгі аралықтағы Ислам тарихын оқи келе мынадай қортындыға келдім: 
1. Адам баласы Алланы, пайғамбарды, дос пен дұшпанды, жанды-жансыз мақлұқатты өте жақсы тануы қажет. Себебі, тарих дəл солай болмаса да, ұқсас кейіпте қайталанады. 
2. Қай дəуірде болмасын залым мен мазлұмның күресі тоқтамаған. Осы күресте ақиқат сүйер имамдар əрдайым мазлұмдар жағында болған. 
3. Имам Ағзамды тек қана ақида мен фиқһ саласының білгірі деп тану жеткіліксіз. Бұған қоса ол кісі саяси аренада залымдарға бас имеген ұлы қайраткер. Ол кісінің осы қыры үлкен зерттеуді қажет етеді.
4. Дін мен дүниенің арасын бөлу дұрыс тұжырым емес. Дін тек қана ақырет туралы мәлімет беретін құрылым емес, бұл дүниеде қалай жүріп-тұрудың, əділетсіздікке қалай тоқтау салудың жобасын көрсететін илəһи жүйе.
5. Залымдар мен мазлұмдар күресінде залымдардың жазасынан қорқып, Алланың үкімдерін солардың ығына ыңғайлап беретін сарай молдалары мен қазылары болған. Мұны естен шығармау керек. 
6.Суннатуллаһ - бұл өмірдің мызғымас ережелері. Демек, қоғамды жақсылыққа жетелеп, əділеттіліктің туын тіккісі келетіндер мұғжиза күтпесін. Ерен еңбек пен қажырлы қайрат жұмсағандар ғана оң нəтижеге қол жеткізеді. Пайғамбарлар мен ұлы имамдар да илəһи ереженің негізінде қарекет еткен. 
7. Ақиқат жолында табаным таймасын деп тілейтін адамдар ең алдымен экономикалық тəуелсіздікке қол жеткізулері керек. Көптеген ғалымдар мен имамдардың ақиқаттан тайқуына əлеуметтік жағдайларының төмендігі себеп болған. Кеңірдектен кейбір кісілердің "сый-сияпаты" өтіп кеткен соң, ақиқатты айтып, қарсы сөйлей алмай қалуы бек мүмкін. Сондықтан, қажеттілкке мөлшер қою қажет, болмаса ешкімге кіріптар болмайтындай, өз маңдай терімен құрған кəсібі, яки ақиқат жолында экономикалық тұрғыда көмек көрсететін жанашыры болмақ керек. Имам Ағзам бұл мәселеде таптырмас үлгі.
8. Басқалардың дәуірінде істелген ізгі істермен мақтану адам баласына еш пайда бермейді. Мужтаһид болудың ауыр жүгін арқаламағандарға, муқаллид болудан басқа жол жоқ. "Олар бір үммет еді, дүниеге келді-кетті...Олардың жетістіктері өздеріне, сендердікі өздеріңе тән. Сендер олардың істегендерінен сұралмайсыңдар" ("Бақара" сүресі, 141-аят)
9. Қоғам түзеу - ұрпақ тəрбиесімен айналысу арқылы ғана жүзеге аспақ. Бұл тұрақтылық пен шыдамдылықты талап ететін болғандықтан көп адам арқалай қоймайды. Бұл жолға көріну емес, болу дертін арқалаған, жақсылыққа белсенді жандар ғана төзеді. 
10. Бүгінгі таңда ақидалық тұрғыда зерттеліп жүрген бұрыс мазһабтардың көбі алдымен қағида шығарып, содан соң аят-хадистерден дәлелдер алып қарулануға бел шешкен. Түпкі ниеттерінде сенімімізді сақтаймыз деген мақсат жоқ болғандықтан, осы дүниедегі мақсаттарына жету жолында сенімдерін сатып кетуге де барады. Дұрыс сенім осы екен деп алданып жүргендердің көзін ашып қайтаруға болады, ал істің мəн-жайын тамырынан білетіндер пəтуаға келмейді. Демек, оларға тойтарыс беру тек ағартушылық жолмен болмайды. Саяси негізде құрылғандықтан саяси методикамен ауыздықталу талап етіледі.
Түйін: Бұл бірнеше қорытынды ғана. Егер жіті анализ жасасақ абыз тарихтың бізге үйретері көп. Тарихқа тəзəккүр жасамай, болашаққа тəдəббүр ету мүмкін емес.

Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
6 лет назад 5023
0 комментариев
О блоге
0
29830 200 345 261 209