"Сенікі пайғамбар сүннеті емес..."
"Сенікі пайғамбар сүннеті емес..."

... Өкінішке орай, пайғамбар сүннеті дегенді желеу етіп, болса да, болмаса да кейбір ұлтқа ғана тән мәселелерді қоғамға енгізгісі келетін таяз түсінікті, шолақ ойлы мұсылмандар пайда болған. Пайғамбардың белгілі бір адамға тән табиғи қалпына еліктеуді, сырт-пішінін қайталауды негізгі мақсат деп емес, пайғамбар рухына ұқсауды, пайғамбардың ішкі дертін ұғынып, сол дертті көңіліне қондыруды асыл мақсат, негізгі міндет деп білген кезде ғана сүннеттің мәнін, негізгі мұратын ұғынатын боламыз. Алла елшісінің ішкі әлемін ұғынып, мінез-құлқын бойына сіңіруге тырысқанда, сырт-пішін, бет-бейне бірінші орынға шығуды доғарып, асты-үстіне келген сүннет түсінігі қаз-қалпына қайта оралады. Болмаса тақуалықты сыртқы көріністен іздеген қатігез мұсылмандар мен сақалы салақұлаш, сәлдесі даңғарадай, жүзінде жауапкершіліктің титтей нышаны байқалмайтын, Алла елшісінің саф сүннетін жабайы салт, дүбара дәстүр етіп көрсетушілерден қоғам көз ашпайды. Пайғамбарлық рухтың сырт-пішіннен абзал екенін, әзірет Мұхаммедтің өзгелер үшін өзін құрбан еткен асқақ көңілді адам екенін баяндаған Құран аяты «Шүбәсіз, сен теңдесі жоқ ұлы көркем мінез-құлыққа иесің»[1], - деп білдірген. Сондай-ақ, ардақты пайғамбарымыз адамдардың бет-бейнесін өзіне ұқстау үшін, өзінің киген киімін әлемге жарнамалау үшін жіберілген жоқ. Керісінше, әркімнің өзіне сыға тартылған бет-бейнесін қалпында сақтап, жан-дүниесін, көңіл сарайын түзеудің жөн-жобасын үйрету үшін келді. Бет-бейнесін қанша сылап-сипап, «пайғамбар киген киім», «пайғамбар ұстаған құрал-сайман», «пайғамбар қойған сақал» деп ұрандағанымен мінез-құлқы дөрекілікке толы болса, адамзаттың бәрін бауырым деп сүйе алмаса, Құран аятын естігенде өзін-өзі ұстай алмай еңкілдеп жылай алмаса «мұндай бет-бейне, мұндай киім киіс, дәл осындай сырт көрініс пайғамбар дәуіріндегі мүшіріктер мен мұнафықтарда да бар еді» дегенен басқа айтар сөз қалмайды. Мұндай жандарға Шәкәрім қажы «Сыртыңды сыланасың өң беріп, Ішіңнің түзетпейсің қатасын»[2] деп дәл айтқан. Мәселен, базбір мұсылмандар үшін сүннет – қыз баланы оқытпау. Біреулері үшін сақалдың ұзындығы төрт еліден кем болмау. Кейбіреулер үшін сүннет – дәретханада ілініп тұратын, өткен де, кеткен де аузына салып, тісін ысқылайтын мисуак. Сол сияқты тағы бір мұсылмандар үшін сүннет – шалбардың балағы тобықтан аспайтындай қысқа болу, ал бірі үшін әйел кісінің көлік жүргізуіне тыйым салу. Өздері қанға құмар, жүректері жұмсақтықтан жұрдай жандар үшін сүннет – әйел, бала-шағаны тұтқындап алып, құл-күң ретінде базарда сату. Базбір мұсылмандар үшін сүннет – шапан жамылып, жүрген-тұрған жерінде басынан тақия тастамау. Біреулері үшін сүннет – тамақ жеуді тұзбен бастау, біреулері үшін жалаңаяқ жер баспау. Өкінішке орай, пайғамбардың саф сүннетін осыншалықты кембағал түсінкке айналды. Ал, негізінде сүннет – ардақты пайғамбарымыздың адамзатқа көрсеткен теңдессіз үлгі-өнегесі.

Сүннет – Алла жолында жан-тәнімен қызмет жасау.

Сүннет – түннің бір уағында төсекті тәрк етіп, төрт-бес сағат Құран аяттарына ой жүгіртіп, тәфәккүр ету.

Сүннет – Меккеде өзіне дұшпан болған қауым аштыққа ұшырағанда солар аш қалмасын, қиналмасын деп Хайбар жорығынан түскен олжаларды жіберу.

Сүннет – жан-жолдасына, Алланың алдында «аманатым» деп алған жұбайына қол көтермеу.

Сүннет – зайыбын түйеге міндірер кезде «Кел, аяғыңды тіземе қойып мін!» деп қамқоршы болу.

Сүннет – немерелерін арқасына мінгізіп алып, үлкендігін, дұшпандарына көрсететін сесі мен айбындылығын отбасында жоқ ету.

Сүннет – «Араларыңызда қайсыңыз Мұхаммедсіз?» деуге дейін апаратындай қарақұрым жұрттың арасында қарапайым бір адам болу, пайғамбар екенмін деп елден ерекшеленбеу.

Сүннет – өлім аузында жатқанда қолында қалған азғантай ақшаны көзі жұмылып кетпей тұрып жетім-жесірге таратып беру.

Сүннет – айналасында пәруанадай айналған жолдастарына, шәкірттеріне, туған-туысының ақыретте құтылуына кепілдік ету емес, жан берейін деп жатқанда «Айналайын алтын қызым Фатима, өз нәпсіңді Алладан сатып ал! «Әкем пайғамбар еді ғой» деп марқайма! Алланың атымен ант етейін, мен сен үшін ақыретте ешнәрсе істей алмаймын!» деп айта алу.

Сүннет – бетіне келіп мақтап, жер-көкке сыйғызбай дәріптеп жатқан адамға қарата: «Не айтып тұрғаныңды ақылыңнан өткізіп, жақсылап ұғынып ал!» деп кейістік білдіру.

Сүннет – өзін сүюде бәсекеге түсіп, небір мақтаулар мен мадақтарды жаудырып жатқандарға «Мен Алланың құлы, әрі елшісімін» деп айту.

Сүннет – «Мен де өздеріңдей бір адаммын ғой, қателесуім де мүмкін, қателеспеуім де мүмкін» дейтіндей қарапайымдылықтан ауытқымау.

Сүннет – Алла мен құлдың арасындағы кедергілерді жою жолында әртүрлі бәле-жалаларға, небір дұшпандардың қастандықтары мен зұлымдықтарына душар болу.

Сүннет – Алланың дінін адамдарға жеткізу жолында өмірін сарп ету.

Сүннет – адамдардың ақыреттегі шаттықтары үшін үстіне төгілген қан-жынға, басына тігілген алтын мен ақшаға, денесіне жауған тастар мен өміріне төнген қауіп-қатерлерге қарамай, мақсатына қарай жылжи беру.

Осындай саф сүннетін ұстанған мұсылман үмметі қос дүниеде бақытсыз болып қалуы мүмкін емес.



[1] «Қалам» сүресі, 4-аят

[2] Шәкәрім Құдайбердіұлы «Өлеңдер мен поэмалар» 81-бет

Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
7 лет назад 5211
0 комментариев
О блоге
0
29830 200 345 261 209