Періште неге жылады?
Періште неге жылады?
Ғайып әлемінен жер жүзін қалт еткізбей қадағалап, адам баласының көркем жаратылғанына, Жалғыз Жаратушы Жаббар Хаққа жасап жасап жатқан құлшылықтарына қарап қатты әсерленген бір періште өз-өзін ұстай алмай солқылдап кеп жылай бастайды. Мұны байқаған басқа бір періште оның қасына дереу жетіп келіп:
 
– Неліктен осыншалықты көз жасыңды көл қылып отырсың? - деп сұрайды. Сонда ол: – Бірнеше айдан бері еш тыным таппай мұсылман елдерін аралаумен келемін. Осы жұрттардың ішінде Қазақ жұрты, Қазақстан деген елді-мекенің халқы басқа мұсылман елдеріне қарағанда руханият жағынан оқ бойы озық екенін байқадым. Басқа мұсылман елдері намаздарын әртүрлі уақыттарда оқыса, Қазақстан мұсылмандары ақшам мен құптан намаздарын барлығы бір ауыздан келісіп алғандай бір уақытта оқиды. Алтай мен Атырау арасындағы жұрттың барлығы бір сәтте сәждеге бас қойып, құлшылықтарын біркелкі жасап жатқандарынан әсерленгенім соншалықты өз-өзімді ұстай алмай көз жасыма ерік беріп отырмын, – деп жауап қатады. Мұны естіген екінші періште таңырқап: – Сен уақытқа байланысты бір нәрсені ұмытпа, қай елді-мекенге қарасаң да, оның батысы мен шығысындағы намаз уақыттарында айырмашылықтар болады. Қазақстанның төрт тарапындағы уақыт айырмашылығы бір сағаттан асып жығылады. Сондықтан да, ол жұрттар қанша қаласа да бір сәтте барлығы бірдей бір намазды оқи алмайды. Егер олай оқып жатқан болса, кейбір өлкелерде намаздың уақыты кірмегендіктен намаздары қабыл болмайды. 
 
– Шынымен-ақ, мен бұл жағын ойламаппын. Бірақ, жаңылысып көруім мүмкін емес сияқты еді...
 
Енді ол жаңылдым деп ойлағандықтан Атырау мен Алтай арасында күн кешкен мұсылмандардың жағдайын тағы да жақсылап бақылауға көшті. Батысы да, шығысы да, оңтүстігі мен солтүстігінде де дәл сол жағдай, еш өзгеріс жоқ. Ақшам намазының уақыты кіре сала барша жұрт үлкен сауаптан құр қалып қалмайын дегендей намазға оқуға кіріседі. Әсіресе, әйел қауымы намазды кіре сала оқитын көрінеді. Құптан намазының уақыты кіргеніне біраз уақыт өтер-өтпес тағы да барлығы бір жаққа асыққан адамдай дереу орындарынан көтеріледі де, жапа-тармағай қайтадан құптан намазын оқуға кіріседі. Бұлардың осы бір хал-күйлеріне үш ай бойы үздіксіз куә болып келе жатқан періште әлгі досын шақырып алып мән-жайды тағы да баяндайды. Бұл жолы да ол  досының айтқанына қайран қалып, енді өзі бір ай бойы Қазақстан жұрттарының құлшылықтарын бақылауға кірісті. Ақыры досына келіп: – Сенің айтқандарыңның барлығы да рас болып шықты. Мен де Қазақстандағы жағдайдың неліктен бұлай болып жатқанын түсіне алмадым. Не болса да руханияттары, имандары намазды уақыт кіре салысымен оқуға итермелеп тұратын сияқты. Дегенменен, біз мұны сол халықты жақсы білетін, адамдар арасына тағайындалған періштеден сұрап көрейік. Сонда ғана бұл жұмбақ жайттың мәні ашылар. Сөйтті де дереу адамдар арасында жүретін періштені іздеп тауып алып, ақшам намазы мен құптан намаздарының уақыты жайлы сұрады. Сонда ол періште: "Қазақстандағы ақшам намазы мен құптан намазы көгілдір экраннан күнде көрсетілетін сериялдардың арасында берілетін жарнамалар уақытымен тұспа-тұс кіреді!" - деп жауап қатты. Мұны естігенде бір емес екі періште де еңкілдеп жылауға кірісті. Бұл жолғы жылау басқа сезімде...
Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
10 лет назад 5272
2 комментария
  • Болған оқиға ма? ) Не де болса шындық. Дегенмен, періштені қосқан дұрыс болмаған секілді ма қалай? Бірақ, шындық осы. Жаман емес.
    10 лет назад
  • Періште біздің сөз қолданысымызда бір кейіпкер ретінде алынатыны рас. Намаз оқу адам өзі үшін емес, Жаратушымыз алдындағы ақпар беру секілді болып кеткені, сериалдарың сананы улап кеткені ғой әңгіменің арғы атасы. Періште расында жылайтын шығар мынандай немқұрайлығымза. "Ішкеннен" гөрі осығанда Тәуба деп өзімізді тағы жұбатамыз. Қазіргі "өтпелі" кезеңге өкпелеудің де қажеті жоқ. Болашағымыз иманжүзд, иманжүректіі болатынына сенемін!
    10 лет назад
О блоге
0
29830 200 345 261 209