Жатыр жайлы мысал
Жатыр жайлы мысал

Ей, Адамзат, ей, Адамның баласы!!! 

Адамдардың сергек болар санасы
 Ұйықтап жатқан ақылыңды оят та, 
Ақылға сап бұл мысалға қарашы. 
 
Қол керек пе жатырдағы балаға, 
Көз не үшін, онда көре ала ма? 
Аяқ, құлақ, ауыз, мұрын, баспенен 
Тар құрсақта шаңдай пайда таба ма?
 
 Сұрақ қойсақ жатқан өсіп «тар үйде» 
«Бұл мүшелер керек пе?»-деп сәбиге
 Кіндігімен қорек алып жатқан ол: 
«Керек емес»-дейтін еді әрине 
 
Оған айтсақ насихаттың төресін: 
«Сәл сабыр ет, кең дүниеге келесің, 
Керек емес деген барлық мүшеңнің 
Бар пайдасын сол өмірде көресің». 
 
Кейі сенсе, сенбей кейбір шарана, 
«Сөз айтпашы сыймай тұғын санаға 
Күдігім бар, бұдан жақсы, бұдан кең 
Басқа өмір, басқа әлем бола ма?» 
 
Дейтін еді өзіндік бір халымен,
 Мысал беріп қолданусыз тәнімен
 Бұл дүниенің барлық заңын тәрк етіп, 
Түсінер еді тар құрсақтың заңымен. 
 
Ал Жаратқан Жаббар Ием Шебер ғой, 
Ұшан-теңіз, шексіз Білім, Кемел ғой.
 Бар мүшені мінсіз беріп құрсақта
Бар пайдасын мұнда көрсін деген ғой. 
 
Басқаның да сәулеленсін санасы, 
Бұл мысалға қарамаңыз ат үсті. 
Сәл ойланып, салыстырып қарашы, 
Бұл бір мысал тура бізге қатысты.
 
 Жер – бір ана, жақсы көрген жақынын, 
Аспан – әке, тұрған айтып ақылын. 
Біз – бір сәби, о дүниеге көз жұмып, 
Жер Ананың мекен еткен жатырын. 
 
Намазың – бас, ораза – көз, зекет – қол, 
Садақа сал, қажылық – бір даңғыл жол.
 О дүниеге кем-тар болып барғанша, 
Құран оқып Жәннатқа бар, еркін бол. 
 
Мұның бәрі о дүниелік мүшелер,
 Аллаһ бізге мұны бекер бермеген.
 Ешкім жоқ қой екі туып, үш өлер, 
Ұмтылып қал, ешкім қайтып келмеген. 
 
«Керек емес» дейтін мен де басқа ем,
 Еркін болдым «сәби ойды» тастап ем. 
«Жер құрсақтың» заңыменен өлшеме, 
О дүниеде бар ғой сондай басқа әлем.
 
 Құрсақтағы шаранадай сенбейсің, 
Ол әлемге неге көңіл бөлмейсің,
 Бір жатырға бармадың ғой қайталап, 
Бұл жатырға өлсең қайтып келмейсің.
 
Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
10 лет назад 9096
4 комментария
О блоге
0
29830 200 345 261 209