"Жақсы" мен "Өте жақсы"
"Жақсы" мен "Өте жақсы"

 

Қыздарымыздың ормалы жайлы «азаматтық пікір» білдіру сәнге айналып тұрған кезеңде менің де сол «сөйлегіштерден» қалысқым келіп тұрған жоқ. Үкіметтің орамал жайлы қаулысының қауесеті «қаңқ» ете қалғаннан бастап, дін жолында қызымет жасап жүріп «жұлдызға» айналған ағаларымыз да қарап қалған жоқ. Солардың бірінен соң бірін тыңдап зәрезәп болдым. Мүфтияттың мәлімдемесінің мәніне ой жүгірттім, Жасұландай «жігерлі жігіттің» жанайқайы мен «азаматтық» пікіріне де құлақ салдым, Тағысын тағы ести бердім, ести бердім, ести бердім...Одан қала берді сақалдары сапсиған ағайындардың да күңкілдеріне куә болдым. Бірақ ешқайсысын дұрыс дей алмадым. Көзіңізді алартып «неге?!» деген сұрақты сұрамас бұрын мынаны мойындауға тырысыңыз. Кез-келген шариғаттың рәміздеріне тіл тигіздіріп, қалай болса солай қарым-қатынас жасатуға себеп болып жүрген өз еліміздің мұсылмандары. Себебі, «современный» ойлайтын адамдар үшін мұсылмандар – сөз ұқпайтын топас, аяғына мәсі-галош киіп салпаңдап, сапсиған сақалын сымпитуға салғырт, білімсіздігі бес батпан, бар жұмыстары – «ананың дәлелі әлсіз», «мынаның дәлелі күшті», «әлгі топты таста, біздің топқа кір» деп өздерімен-өздері қырық пышақ болып жүрген тобыр. Мұндай тобырлармен «іші пысып» отырған «ел сүйгіштер» қалай ойнағысы келсе де, қашан ойнағысы келсе де өздері біледі. Ең өкініштісі – біздің мұсылман ағайындар солардың ойыншығы болып кетуден әрі аса алмауы. Мұсылмандардың «қытығына» тиетін бір-екі мәселені алып қозғап қояды да діннің «жұлдыздарынан» бастап, қарапайым көше сыпырушы, арба итеруші намазхан ағайндарға дейін «ойбайлатып» мәз-мейрам болып отырады. Олардың қалағаны да сол болса керек...Мойындасаңыз ары қарай тыңдаңыз.
Дінге жанашыр болып жан айқайын білдіріп жүрген жамағаттардың қылықтары мен небір аудио-видео өнімдеріне «азаматтық пікірлері» мен жанашырлық айқайларын жаздырып алып таратып жүрген «ұстаздарымыздың» жасап жатқаны – ЖАҚСЫ, бірақ, ӨТЕ ЖАҚСЫ ЕМЕС. Себебі, «Ойбай, дін ұстанып жүрген ағайындар балиғат жасына толған қызын мектепке бермей қоятын болды-ау» деп мемлекеттің үрейі үдей түсер ме екен?! Жооқ...олай бола қоймас. Бұл мәселені дипломатиялық жолмен, арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей шешу керек. Оны шешудің көптеген жолдарының біреуі мынау деп ойлаймын: Еліміздің түкпір-түкпіріндегі дизайнер атаулылардың көзіне «көк қағаздың» шетін көрсетіп, әрбір жас ерекшелігіне сай, мектепте балиғат жасына жеткен қыздарымыз әуретін жаба алатындай етіп бірыңғай форма, әпке-қарындастарымыздың жұмыста, көшеде киюлеріне ыңғайлы етіп киім үлгілерін тіктіруіміз керек. Мұны алқам-салқам қылмай, көркем түрде жасап ресми түрде, мүптиятымыз арқылы ел ағаларына ұсынуымыз қажет. Әрі арнайы осы киімдер қол жетімді бағамен сатылатын дүкендерді де қарастырып, бұларды өткізу үшін тігілген киімдердің жарнамасын жасайтын жамағатты да бір жерге жинау керек. Осы кезде ғана, бұл «әуресі аз емес жұмыстарды» атқарған азаматтарға аруларымыздан алғыс жауып: «Мінекей, біздің жігіттер» деп қорғаныш табатындықтары анық. ӨТЕ ЖАҚСЫ – осы. Сол кезде барып аудио-видео өнімдері арқылы «ұстаздарымыз» өз тыңдаушыларына осы киімдерді насихат етіп, сол кезде ұсынысымызды орындамай жатқан билікке уәж айтсақ болады. Болмаса отырған жерде қазы-қартаға, қымыз-қымыранға тойып алып, мекірене қозғалып кекіре сөйлеп «орамал деген парыз...», «ағузу билләһ не деп жүр мына билік...» деген сынды «жанашырсымақтардың» «ұрысқақ ұрандарынан» мақсатымызға жете қоймаспыз. Қыздарымызға ыңғайлы киім үлгілерін тіктіріп, оны қолданысқа енгізіп жіберу отырып алып «көйіте» сөйлеп, бес-он минуттық видео арқылы шешілетін мәселе емес, ұзақ уақытты, мызғымас сабырлылықты талап етеді...
Бұлай жазғаным ЖАҚСЫ болғанымен, ӨТЕ ЖАҚСЫ болмағанын өте жақсы ұғудамын. Сөйлеп қалған тіл тыныш тұра алмады...

Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
8 лет назад 5640
1 комментарий
О блоге
0
29830 200 345 261 209