... дүние
... дүние

 

Сабыр қыл досым-ау, аптықпа бауырым, 
Уайымдап, зарлауға тұрмайды дүние
Зымырай жоғалсын, көрсетпей сауырын
Жабырқап-жылауға тұрмайды дүние.

Қайда әлгі, қан төгіп ылаңды салғандар?
Қайда әлгі Қарундар мал жиып жалмаңдар?
Әкетті өзімен қай малын сол жандар?
Бір жамау алуға тұрмайды дүние!

Түбі бір тұтқасын табамын деймісің? 
Әлде, бір нан сынды әп-сәтте жеймісің? 
Хақ Алла құтқарсын – ішінде кей кісің
Салтанат құруға тұрмайды дүние!

«Кел, кетпе!» десем де, тоқтарың белгісіз,
Ақылға-нақылға, көнбейсіз енді сіз.
Қайтейін, өзгердің, мүлде адам сенгісіз.
Алданып, азуға тұрмайды-ау дүние!

Адамды аң көріп, мәңгірген кей сана,
Шабады басқаға «азығын» жей сала.
Адамның қанына құмартқан бейшара!
Құмырсқа езуге тұрмайды дүние!

Қабыққа шүйлігіп, өзекті ұмытпа!
Бос қиял бүрмейді – Алланы ұлықта!
Әкеңді, анаңды құрметте! 
Ұмытпа! 
Тірнектеп жинауға тұрмайды дүние!

Тартымды, тым сұлу, еліріп мәз бала,
Тартады сиқырмен қыста да, жазда да.
Мәңгілік қалмайсың, шарлайсың аз ғана
Түсініп, ұғуға тұрмайды дүние!

Уланса сәбилер пәк көңіл, сүт ерін!
Өзімді кінәлап, өзімді түтемін.
Адамнан тек қана адамдық күтемін,
Көңілін жығуға тұрмайды дүние!

Құранға қарарсың көңілің елесе,
Қираған көңілді аяттар демесе
«Адамды Біз көркем жараттық» демесе
Бір шумақ жазуға тұрмайды-ау дүние!

Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
6 лет назад 6300
0 комментариев
О блоге
0
29830 200 345 261 209