Әуежайда (Қажылық циклды өлеңінiң жалғасы)
Әуежайда (Қажылық циклды өлеңінiң жалғасы)

Дүрсілдейді жүрегім, лүпілдейді,

 Қуанады, жамандық күтілмейді. 
Сапарға шығарып сап әкем, анам 
«Мұныңа да, Құдайым, шүкір» дейді. 
 
Келіпті туғаным да, туысым да, 
Шақта бұл шайтан жанға жуысын ба? 
Ақылдарын айтуда әр тараптан 
Тісімнің кетпесін деп қуысында. 
 
Көп тұрмадым, тіркеуден өттім ары, 
Ұшақ күтер орынға шөктім әрі. 
Көк бешпентті кеудеге киіп алған 
Болашақ қажылармыз көп құрамы.
 
 Ағымыз бар, сарымыз, қарамыз бар, 
Атамыз,  апамыз бар, баламыз бар. 
Пәни деген пиғылды періп жыққан. 
Бақи дейтін белгілі бағамыз бар. 
 
Күтіп тұр қажыларды «Қанатты арба» 
Ықылас қадамдарды қадатты алға. 
Ішіне кіріп жайлап жайғасқан соң, 
Қол жайып дұға қылдық Жаратқанға. 
 
"Ей, Аллаһ, ізгілік бер мына бізге, 
Тақуалық тарту ет құла дүзде.
 Өзің разы болатын амалдардың 
Тетігін турала да бұра бізге. 
 
Ей, Аллаһ, сапарымды жеңіл жаса,
 Қашықтарды жақындат, емін жаса.
 Жанұяммен қалған да жалғыз Өзің 
Жолдасым да Өзіңсің сенімді аса. 
 
Сұраймын Сенен Аллам қиыламын,
 Ауыртпалық бермеші, сыйыма мұң. 
Мал-мүлкім мен үйіме қайғылы боп 
Қайтуымнан Өзіңе сыйынамын". 
 
Бет сипадық осылай дұға қылып,
 Ықыласқа таныттық қырағылық.
 Көздеріне кей жандар жас та алды
 Сезімі көзден жас боп шын ағылып. 
 
Аманатты арқаға артып көп қып,
 (Осы жерде кім білсін артық кеттік) 
«Шаржа деген қалам-ау қайдасың?!..» деп 
«Аллаһу Акбар» әуемен тартып кеттік...
Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
9 лет назад 3589
0 комментариев
О блоге
0
29830 200 345 261 209
Прямой эфир