Атамның өсиеті немесе тарих
Атамның өсиеті немесе тарих

Әлі есімде,  асық атып, тай мініп, құс қуалап, балалық шақтың қызығын қыздырып жүрген кезім еді. «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қой бағып құйрық жеген озар» деген мақалды күніне жүз естісек те, жамбасымыз жер иіскемей ойынға құмартып-ақ тұратын едік. Шеңбердің ішіндегі талға қонған торғайлардай тізіліп тұрған асықтарға арқардың сақасын шиырып кеп жіберіп тас-талқанын шығару- ауылдағы біз қатарлы балалардың қызығы еді. Қыс болса жабағыларға мініп жарысып, жадыраған жаздың ортасында қарға, қараторғай сынды құстарды сақпанмен[1] сарт еткізу өзінше бір науқаны кызық дәурендер еді. Осындай науқанды ойындарды бірінен соң бірін өткізіп жүрген күндердің бірі біздің үйімізден екі-үш үй әріректе орын тепкен, қарт атам тұратын үйге келдім. Жаздың жайма-шуақ күнінің бірі еді. Атам тоқсанның кең-мол ішінде, аппақ сақалы кеудесіне түскен, жалпақ денелі, қызыл шырайлы кісі еді. Өз дәуірінде талай бейнетті басынан кешірген, ерте жетім қалып бай-манаптың қозысын баққан, одан ер жетіп, ес білген шағында Ұлт-азаттық қозғалысқа куә болған, кейін жігіт болып, белі қатып, бұғанасы бекігенде «Ораз Жандосовпен жұмыс істеген халық жауы» деген жаламен тұтқындалып, ақыры ақталып шыққан-ды. Бұл бейнеттерді артқа тастаған атамның алдынан фашизмнің қанды қырғыны шыға келгенде, алдыңғы қатардағылармен бірге аттанып, аман-есен оралған екен. Айналасы 40-50 түтінді құрайтын әулетіміздің көсемі де, шешені де сол кісі еді. Адамға жалғыз көзімен тесіле қарағанда өңменіңнен өтіп кетердей өткір болатын. Бір көзінің неліктен тас көз болып қаланын өзінен сұрауға бата алмай,  алдымдағы ағамнан сұрағанымда: «Майдан даласында атам мен бір фашист бір-біріне окопта жатып алып оқ жаудырып жатыпты. Сол кезде оқ-дәрісі түгесіліп қалған фашист сақпанға салған таспен атамның көзінен сарт еткізіпті. Сол кезден бастап атамның көзі ағып кетіпті»,-дейтін. Сақпанды ит етінен бетер жек көретін атама қарап «шынымен-ақ солай шығар-ау» деп топшылайтынмын. Сөйтсем, оның барлығы да атамның немерелеріне аңыз қылып айтқан әңгмелері екенін кейін білдім.

Хош, сонымен аулада күн шуақтап отырған атама келіп амандастым. Әншейінде қалтаның дәмі сіңген құрт, немесе кеуіп кеткен пішінәй беретін атам, жалғыз көзіменен мойныма асып алған сақпаныма сайтаны ұстаған бақсыдай едірейе қарай қапты. Бір нәрсе бүлдірдім бе деп өз-өзімнен қысылған мен мойнымдағы сақпанымды жасырып ұстамай, ашықтан-ашық салып-ұрып жетіп келгенімді енді аңғардым. Талай қарғаларға «ажал тастарын» төндірген сақпанымның тағдыры атамның алдында белгілі болайын деп тұр. Иә, дәл солай, «Мойныңдағыны бері берші» деді атам, сақалы желп ете қалып. Мен де екі сөзге келмей сақпанды басымнан асыра мойнымнан суырып алдым да ұсына бердім. Ары-бері аудара қарап алды да: «Мұны не істейсің?»,-деді. Мен бөгелместен: «Торғай атамын, ата»,- деуім мұң ақ екен, «Тәйт, торғайларға обал емес пе, торғай атамын деп жүріп біреудің көзін шығарсаң қайтесің?!»,-деді де сақпанымның ашасын екіге айырып, резеңкесін бырт-бырт үзіп лақтырып жіберді. Ішім удай ашып барады. Көзіме жас келіп қалса да, көрсетпей теріс айналып кеттім. Анадай жерге барып үйілген құмның үстіне отыра кетіп едім, атам шақырып алды да қалтасынан қойдың құмалағындай бес-алты құртты беріп басымнан сипады...

...Үйге қарай тартып келем. Атам берген құрттарды әлдеқашан көшенің арғы басына қарай лақтырып жібергем. Әлі кеудемде өкпе аралас ыза бірге кетіп барады. Үйге келдім де сақпан жасайын деп бақшадағы теректердің арасынан аша-лы бұтақ іздедім...Аша болып өскен бұтақ табылады-ау, ал, резеңке табу бір қиямет еді ғой...

Сол күннің ертесі отбасымызбен түскі дастарқанға алқа-қотан жайғаса берген кезде «Ассалаумағалейкү-ү-үм»,-деп соза амандасып атам кіріп келді. Қолына ұстаған таяғын іргеге сүйей берді де, дастарқанға келіп жайғасты. Шайдан соң жанына мені шақырып алды да, «Немен айналысып жүрсің, балам?!»,-деп сұрады. Мен жер шұқып үнсіз қалдым, «торғай атып жүрмін» деп алған сыбағам анау болды, енді «асық ойнап жүрмін», не «тай мініп жүрмін» десем тағы бір бәле басыма келе қала ма деп үнсіз отырғаным сол. Сол кезде атам ұзақ-ұзақ өсиеттерін ақтарды. Қос ғасырдың жақсысы мен жаманына куә болған абыз адам екенін сол кезде доп қуып жүрген мен жақсы ұға қоймасам керек, бірақ, есімде ескірмей қалғаны сол:«Тарихты оқы, балам! Тарихты оқысаң мен сияқты шалдар туралы жақсы білетін боласың»,-деді. «Шал» деп өзінің қарапайымдылығына салып отырғанын кейінірек түсіндім. Себебі, «ақсақал» деп алдында құрдай жорғалаған адамдардың талайына куә болсам да, ол кезде ой жүгіртпеген екенмін.  Сол кезден бастап кітап оқуға деген санамда сәуле пайда бола бастады. Әр жұма сайын келіп, «Қандай кітап оқып жатырсың?»,-деп сұрап кететін. Атам екеуміздің арамызда керемет «достық» қайта орнады. Әкемнің кітапханасында тізіліп тұрған әдеби кітаптарды бірінен соң бірін оқи бастадым. Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхатынан» басталған кітап оқу әрекеті Александр Бектің «Арпалысымен», Шерхан Мұртазаның «Қызыл Жебесімен», Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебімен» Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романы, тағысын тағы кітап оқудың үлкен науқанына қарай ұласып кете барды...

Алла Тағаланың тағдырымызға Исламның тәтті нәрінен татуға нәсіп еткеннен бастап, атам үйретіп, әкем баулыған кітапқұмарлығым арта түспесе кеміген жоқ. Адамзаттың асыл тәжі болған пайғамбарымыздың (саллалаһу алейһи уә сәлләм) өмірбаянына үңіліп, одан кейінгі сахабалар мен табиғиндердің (Алла ол кісілерден разы болсын) тіршілігімен танысқан кезде қазақ даласын дүбірлетіп өткен Алашұлдарының рухани қуаттарының қайда жатқанын, атамның неліктен тарихты оқы дегенін айқын ұққандай болдым...

Атамның өсиеті бойынша «парақ кеміріп», тарихи деректерді «түртпектеп» жүріп Әндәлус тарихымен танысқанымда, бұл мекеннің қалай ашылып, қайтіп мұсылмандардың орталығына айналғандығы жайлы аңызға бергісіз оқиғаларды Қазақ қауымына ұсыну керек деген ойға келдім. Себебі, қазіргі таңда Ислам құндылықтарын жабайылыққа айналыдырып, жиһадты «соғыс» деп, мұсылман деген асқақ атты, «террорист» деген жаман атқа айырбастап жүргендердің көзін ашу үшін Әндәлус тарихы таптырмас мүмкіндік шығар деп ойладым. Небір елді мекендерді ашқан мұсылман жауынгерлері қазіргі таңдағы соғысқұмар мұсылмансымақтар сынды бейбіт халыққа қырғидай тимек түгілі, еш уақытта өзге дін өкілдеріне өктемдік көрсетпеген. Өздерін жиһадшы санайтындардың пікірлері сияқты Ислам шариғатын басқаларға күштеп қабылдату басты қағида болғанда «Дінде зорлық жоқ»[2] деген қасиетті аяттың (Алла сақтасын) еш мәні қалмас еді. Ислам шариғатындағы өзге дін өкілдерінен белгілі шарттарға негізделе отырып алынатын жизия[3] салығының құны болмас еді. Ендеше соғыс, қырып-жою дегеніңіз – Исламмен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын жабайы әдеттер. Осыны артымыздағы іні-қарындастарымызға ұғындыруды өз басыма міндет деп ұқтым да, Әндәлус тарихына шама-шарқым жеткенше қалам тартуды жөн санадым. Абай атамыз айтқандай «кімде-кім ішінен керектісін тапса, жазып алсын, я оқысын», керегі жоқ десе, еңбектенген кісіге ұтылу да жоқ. Себебі, Раббысының разылығын көксеп тамған қаламның сиясы, ақыретте шейіттердің қандарынан ауыр басып қалар деген үмітпен жаза беруді жөн көрдім. Алла қаласа келесі жазбаларда Әндәлус жайлы жазбалармен таныс боласыздар!



[1] Рогатка (қолға ұстауға ыңғайлы, аша ағашқа резеңке байлап тас атуға арналған құрал)

[2] Бақара сүресі, 256-аят

[3] Жизия салығы жөнінде, Алла қаласа, келесі жазбаларымызда кеңірек тоқталамыз

Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
8 лет назад 6316
0 комментариев
О блоге
0
29830 200 345 261 209