Әндәлустың алынуына дейін болған оқиғалар
Әндәлустың алынуына дейін болған оқиғалар
 Солтүстік Африкаға мұсылмандардың билік жүргізуі

Солтүстік Африкада Ислам дінінің іргесі Әндәлус алынғанға дейін жетпіс жыл бұрын орнығып үлгерген болатын. Солтүстік Африкада Әмазиғ (Берберлер) деген атпен танымал болып кеткен үлкен тайпа өмір сүретін. Бұлар жеті атасынан жауынгер, айналасындағы басқа қауымдарға қарағанда өте күшті, әртүрлі айла-тәсілдерді меңгерген қабілетті қауым болатын. Осындай қызу қандылықтарының себебінен Исламнан бірнеше мәрте бас тартып, діннен шығып кеткен еді. Тіпті, мұсылмандар мен Әмазиғтердің арасында бірнеше мәрте шайқастар да болды. Дегенмен, Ислам дінінің бұл өлкелерде тұрақтануы хижри жыл санауы бойынша 85-жылдың аяғы мен 86-жылдың басында Мұса ибн Нұсайыр атты қолбасшының басқаруымен жүзеге асты.

 Қолбасшыдан туған қолбасшы – Мұса ибн Нұсайыр(хж. 19-97ж) (м.640-716ж)

 

Мұса Ибн Нұсайыр сұңғыла саясаткер, тақуа қолбасшы болатын. Алла Тағала бұл кісіні ұшы-қиыры елдерге Ислам дінінің таралуына себепкер етті. Ол кісі басқарған жауынгерлер ешбір шайқаста шайқалып, ешбір дұшпанға тізе бүкпеген.[1]Оның әкесі Нұсайыр ибн Абдуррахман ибн Иәзид өзінің жауынгерлігін Иәрмук соғысында паш еткен әйгілі батыр. Әсіресе халифа Мұғауияның қарамағында жүрген кезде оның алдындағы беделі ауыз толтырарлықтай болатын. Омар мен Османның (ол кісілерге Алла разы болсын) халифалықтары тұсында Мұғауия Шам аймағының әкімі болып, Нұсайыр мұсылман әскерлеріне қолбасшы болып қызымет атқарған деседі.[2]Басқа бір деректерде Мұғауия әскерлердің негізгі бөлігінде, яғни патшаның үнемі жанында жүретін әскерлердің қатарында болған.[3]

Мұғауия Сыффин ұрысына шыққан кезде Нұсайр ол жаққа барудан бас тартып, бұл ұрысқа қатыспайтындығын білдірді. Сонда оған Мұғауия:

– «Менімен бірге жорыққа баруыңа не кедергі болып тұр?»-дегенде Нұсайыр:

– Саған деген алғысымды күпірлік арқылы білдіруіме, алғысқа, сенен де лайық болған зат мүмкіндік бермей жатыр ғой», - дегенде Мұғауия жұлып алғандай:

– Ол кім? - деп жалт қарады. Сонда Нұсайыр байсалды қалпынан танбай:

 – Аллаһ, - деп жауап берді. Оның бұл жауабына айтар уәжі қалмаған Мұғауия басын салбыратып үнсіз қалды.

Аз-маз үнсіздіктен соң басын көтеріп: «Астағфируллаһ» деді де оған разылығын білдіріп шығарып салды.[4]

Мұса Ибн Нұсайырдың анасының да ерліктері тарих кітаптарында көптеп баяндалған. Әкесі Нұсайырмен бірге анасы да Иәрмук соғысына қатысқандардың қатарында болған еді. Иәрмук соғысы жүріп жатқан болатын. Кенет мұсылман жауынгерлері біртүрлі жинақтала алмай топ-топ болып артқа шегіне бастады. Сол сәтте Нұсайырдың анасы бір кәпірдің мұсылман кісіні тұтқындамақ болып жанталасып жатқанын көреді де қайсарлық танытып әлгіні ажыратып алады. Ол бұл оқиғаны баяндай келе: «...Жан-жағыма қарасам көмекке келе қоятын ешкімнің жоқ екенін байдақым да, жанымда қалқайып тұрған лашықтың бір қазығын суырып алып, әлгі кәпірдің басынан періп кеп жібердім. Ол жалп етіп етпеттей құлағаны сол еді қолын қайырып өзін тұтқындауға кірістім. Сол кезде жаңағы мұсылман кісі де оны тұтқындап алып кетуге жәрдем берді»,[5] - дейді.

Міне осындай ержүрек ата-анадан туылған жауынгер – Мұса ибн Нұсайр. Оның әкесі халифа Муғауиямен аралас-құралас болғандықтан, халифаның бала-шағаларымен бірге өсті. Тек ол ғана емес ел билеген небір сұлтандар мен әскербасылардың отбасылық өмір-саттарымен жақсы таныс болды. Сол себептен болса керек ерте жастан-ақ Алланың разылығы үшін ат шаптырып, діннің асыл ережелерін басқаларға жеткізу істері көңілінде сайрады да тұрды. Ат жалын тартып мінгеннен бастап ел ісіне араласып, тіпті қабырғасы қатып, бұғанасы бекімей жатып Басра елдеріндегі өзге дін өкілдерінен жизия салығын жинау істерінде қызымет жасады.[6] Отау иесі болатын жасқа жетіп, жарқылдаған алмастай қылпылдап жеткіншек кезеңіне келген кезде Муғауия аттандырған теңіз әскерлеріне қолбасшылық жасап Қыбырысқа жорық жасады.[7] Одан кейін Африкада және Мағрибте басшылық қызыметке тағайындалды.[8]

Осы сәттен бастап Мұса ибн Нұсайырға алдыңғы толқын ағалардың жасай алмай кеткен армандарын жүзеге асыру мүмкіндігі туды. Аталған аймақтардағы тұрақтылықты қолға алып, Ислам жүйесінің қайта күшеюіне ықпал жасау үшін Мағрибке бет алды. Бұл кездері ол елдерде үлкен құрғақшылық болып, жұртты жалмаған жұт белең алып тұрған болатын. Ол адамдарға ораза ұстап, намаз оқуға, және туысқандық қарым-қатынасты нығайтуға бұйырды. Жұрт болып жиналып кең сахараға шығып күннің жарты бөлігіне дейін Аллаға жалбарынып жаңбыр сұрап дұға жасады. Одан соң тағы да намаздарын оқыды да, халыққа насихат айтып, ұзақ-ұзақ дұға қылды. Ол дұғасында халифа Уәлидтің есімін атамағанын байқаған халық: – Мұсылмандардың патшасына дұға жасамайсыз ба? -деді. Сонда ол:

 – Бұл жер тек Алланың есімі ғана аталып дұға жасалатын орын. Алладан кепкен кенезелерің жібіп, айнала шөлін қандырғанға дейін тапжылмай дұға жасаңдар, - деп өзінің ақиқаттан айнымайтындығын, болса да, болмаса да халифаларға жағымпаздана бермейтін әділетті азамат екендігін көрсетті.[9]

 

  Африкада Ислам негіздерін нығайтқан Мұса ибн Нұсайыр

 

Мұса ибн Нұсайыр Мағриб өлкесіне басшылыққа тағайындалғаннан кейін, ең әуелі Ислам негіздерін нығайтуды қолға алды. Өйткені, бұл мекеннің халқы бірнеше мәрте діннен бас тартып мүртәд болған еді. Ол ең әуелі бұл істі жүзеге асыру барысында «Неге бұл өлкенің адамдары Исламнан бас тартады? Мұсылман болғаннан кейін қайтадан дінсіздік сауытын киіп мұсылмандарға қарсы неліктен қылыш көтереді» деген сұрақтардың жауабын іздеуге кірісті. Бірнеше мәрте діннен бас тартудың басты себептері ретінде Мұса ибн Нұсайыр өзінен дейінгі ел тізгінін қолына ұстаған адамдардың үлкен екі қателігін анықтады.

Бірінші қателік – Ұқба ибн Нафиғ пен оның жауынгерлерінің көптеген қалаларға ізін суытпай кіріп, кідіріссіз қала қалаларын ашулары еді. Бұлар өздері ашып тастап кетіп бара жатқан елдерге арттарынан қорғаныс бола алатын, әлдеқандай жағдай бола қалса қолдау көрсетуге дайын тұратындай адамдар қалдырмады. Олардың бұл олқылықтарын оп-оңай байқаған Әмәзиғ тайпасы (Берберлер) осы оңтайлы сәтті пайдаланып қалуға тырысты. Сөйтті де Ұқбаның жолын кесіп, өзін жазым етті. Тіпті олар бұл іске белсене кіріскендіктері соншалықты, бара-бара мұсылмандарға айбат көрсете бастады. Мұны байқаған Мұса ибн Нұсайыр асқан сақтықпенен, сұңғыла саясатыменен, ардақты сахаба Халид ибн Уәлидтің әдіс-тәсілін пайдалана отырып әрекет жасай бастады. Бір қадам алға аттаса, міндетті түрде артына қорған бола алатын, жау тұтқиылдан соғып, күш қуатын әлсіретпеуін қадағалайтын, сенімді адамдар қалдырып отырды. Осы әдісінің себебімен Алла Тағала Мұса ибн Нұсайырға бұл ықылымның екінші мәрте ашылуын нәсіп етті. Бұл хижраның 6-шы немесе 7-ші жылдары жүзеге асқан болатын. 

Екінші қателік: Ашылған елді-мекендердің халқы дінді қанағаттанарлықтай оқып-үйренбеудің салдарынан діннен бас тартты. Олар Исламның шынайы келбетімен толықтай таныспағандықтан имандары бекімей, сөзден тайқып шыға беретін. Бұл олқылықтың орнын толтыру мақсатында Мұса ибн Нұсайр Шамнан, Хижаздан табиғин ғұламаларын алдырып, халыққа діндерін үйрететін дәрістер ұйымдастырды. Осы ізгі істерден кейін бұл өлкенің халқы Исламға өздері-ақ құшақ жая жүгіріп, дінге топ-топ болып кіре бастады. Кеше ғана мұсылмандарға қылыш көтеріп жүрген адамдар, бүгін мұсылман әскерінің қатарында дінсіздікке қарсы қылыш көтеретін, ақиқат сүйгіш адамдарға айналды.[10]  Осылайша Мұса ибн Нұсайыр солтүстік Африкадағы Ислам қазығын нығайтты. Алла Тағала оған бұл аймақтағы Сәбтә қаласынан басқа бүкіл қалалардың ашылуын нәсіп етті.[11] Танжа деп аталатын кеме айлағы мұсылмандардың қолына өткеніменен, Әндәлус жеріне кіру жағынан өте қолайлы рөл атқаратын Сәбтә кеме айлағына мұсылмандар қол жеткізе алмады. Сол себепті Мұса ибн Нұсайр Танжаға өзінің майталман қолбасшысы Тариқ ибн Зиядты уәли, яғни, басшы етіп тағайындады.

Тариқ ибн Зияд араб нәсілінен емес, солтүстік Африканы билеген Әмәзиғ (Бербер) тайпасынан шыққан жауынгер. Әмәзиғтер аққұба өңді, көк көзді, шаштары жирен түсті болып келетін.[12] Африка аймағын мекендейтіндіктеріне сүйене отырып оларды негрлерге ұқсайды деп ойлағандар да болған. Тіпті кейбіреулері олардың арғы тегін Европалықтарға жатқызады. Тариқ ибн Зияд та жоғарыда айтылған Әмәзиғтерге тән кескін келбетке ие өте зерек, майталман қолбасшы еді. Онымен қоса ол бұлшық еттері бұлтылдап тұрған, палуан денелі, көрген жанның көңілінде қалатындай келбетті, өте сымбатты болатын. Алайда басқалардан ерекшелеп тұратын оның бұл сымбаттылығы мен күш-қуаты Алла жолында жиһат жасауға деген сүйіспеншілігіне кедерді болған жоқ. Ислам нұрын басқа елдерге жеткізуге деген махаббатын ізгі амалдары мен көркем тақуалығы әсемдей түсті.

Осы кезеңнен бастап Мұса ибн Нұсайырдың Мағриб аймағында еркін билік жүргізгенін көреміз. Ол ең әуелі шабуыл жасау үшін керекті болған негізгі стратегиялық жоспарлардың сенімділігіне назар аударды. Содан кейін ғана қоғамға жайылып бара жатқан бүлік оттарын сөндіруге, революцияшыл жандардың тәртіпсіздіктерін тоқтату ісіне, дін дұшпандарының іргелерін сөгіп, жаңа Ислам қоғамының керегесін тұрғызуға кірісті. Осыларды жасау барысында Африка жерінде үлкен күшке, ұлы мүмкіндіктерге ие болды. Оның артынан ергендер мен әскерлерін басқарған қолбасшылар жеңістен жеңіске тоқтаусыз қол жеткізіп отырды. Арқаларына көтерген Ислам жауапкершілігі қандай ауыр болса, әрбір жасалған жорықтардың қадір-құрметі де соншалықты салмақты және ардақты болды.  

Бұл оқиғалардың барлығы да біздерге Мұса ибн Нұсайырды хижраның алғашқы ғасырында-ақ ел басқару ісі мен қолбасшылық жасаудың әдіс-тәсілін өте жақсы меңгерген кемеңгер басшы ретінде танытады. Оның ел басқарудағы кемеңгерлігі өзіне берілген мәнсаптың аясында байыптылықтан айнымай қызымет қылғандығынан байқалса, құрлық пен теңізде қолбасшылық жасағандығынан әскери тактиканың қыр-сырын білетін жаужүрек жауынгер екендігін көрсетеді. Бұған дейінгі ел билеушілердің бір жақты саясатынан халық пен биліктің арасына жік түсіп, қоғамда небір бүлкітердің тууы белең алып тұрған шақта, оның керісінше бүліктердің бетін қайтарып, небір қиындықтарға қарамастан Африка жерінде жүргізген билігінің халыққа қаншалықты тиімді болғандығын байқаймыз. Бұл Мұса ибн Нұсайырдың табиғи болмысында ел басқару істеріне деген икемінің болғанын көрсетсе керек.[13]

 

 



[1] Ибн Хилкан «Уафиятул Әбян» 5\318,5\319.

[2] Ибн Хажар «Әл Исаба фи тәмиизи сахаба» 110,6\496.

[3] Ибн Хилкан «Уафиятул Әбян» 5\318,5\319.

[4] Ибн Хилкан «Уәфиятул Әғян» 5\319; Муқарри "Нәфхут Тайиб" 1\240

[5] Ибн Хажар «Әл Исаба фи тәмиизи сахаба» 7\314;

[6] Зәркәши «Әл Әғләм» 7\330

[7] Зәһәби «Сияр әғләм ән нубәлә» 4\496

[8] Африка қазіргі Тунис,  Мағриб, қазіргі Батыс Араб елдері, яғни, Жазаир және Мағриб, Африка және Мағриб деген сөздер солтүстік Африка мен (Мысыр бұдан тыс) Ливияның оңтүстік шығысы

[9] Ибн Хилкан «Уәфиятул Әғиян» 5\319; Ибн Кәсир «Әл бидәя уән ниһәя» 9\196; Әл Муққари «Нәфхут-Тайиб» 1\239

[10] Ибн Азари « Әл – Бәйән әл Мағриб » 1\43; Ибн Холдун « Тәриху ибни Холдун » 6\110; Әл Муқарри   «Нәфхулт Тайиб» 1\239; Ән Нәсыри «Әл Истиқса ли Әхбәри дуәлуль Мағрибил әқса» 1\152

[11] Бұл қазіргі таңдағы Испанияның қол астындағы Батыс Араб қалаларының бірі.  Тариқ тауына жақын маңында орналасқан.

[12] Шәуқи әбу Хәлил «Фәтхул Әндәлус» 20-бет

[13] Мұхаммед Абдуллаһ Инәән “Дәуләтул Исләм фил Әндәлус» 1\59

Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
8 лет назад 4305
0 комментариев
О блоге
0
29830 200 345 261 209