Әндалустың ашылуы хижри жыл санауы бойынша 92-ші жылы, Әмәуи халифалығы тұсында, нақтырақ алғанда Уалид ибн Әбдул Мәліктің патшалығы кезінде жүзеге асты. Бұл кісінің халифалығы хижри жыл санауы бойынша 86-жыл мен 96-жыл аралығы болатын. Шындығына келсек, Ислам тарихының кейбір тұстарында Әмәуи патшалығына көптеген жалалар жабылып, ақты қара етіп көрсетуге әрекеттер жасалғаны жасырын емес. Тонын теріс айналдырып жақсыны жаман етіп көрсетумен қатар, шимай-шатпақ оқиғаларды жөн-жосықсыз Әмәуилерге телінуі кең етек алып кеткен. Тіпті, бәзбіреулер Ислам дінінің гүлденген шағын тек ардақты пайғамбарымыздың дәурі мен табиғиндердің заманымен ғана байланыстырады. Осындай мәліметке арқа сүйеген Ислам дұшпандары Исламның шынайы келбеті тек қана хазірет Әбу Бәкір мен Омардың халифалығы тұсында ғана болған дейді. Олар осылай деп қойса бір сәрі, тіпті сахабаларға тіл тигізумен бірге, Әбу Бәкір мен Омардың тұсындағы тап-таза тарихқа тас атты. Мұның астарында «Ислам мемлекетінің қайта тіріліп, әлемге үстемдік жасауы мүмкін емес» деген сұрқай түсінікті қарапайым халықтың санасына сіңіріп жіберу саясаты жатқандығы еш құпия емес. Өйткені, олардың бұлай байбалам салуларының астарында «пайғамбарымызға ең жақын болған Әмәуилер мен Аббасилер тұрғыза алмаған Исламның гүлденуіне олардан кейінгі мұсылмандар қалайша қол жеткізеді» деген сұмырай ойды тарату жатыр. Бұл жымысқы ойлары әрбір мұслыманның жүрегіне жетіп, санасына сіңуі үшін қолдарынан келгенін істеп бағуда. Мұның артында ондай дұшпандықтан басқа ешнәрсе жоқ. Бірақ, олар қаншама тер төгіп Алла Тағаланың нұрын ауыздарымен үрлеп өшіргілері келсе де, Алла Тағала олармен санаспастан Өзінің дінін, қасиеті нұрын кемеліне келтіреді. Алтын ғасырдың қайта келіп, Ислам арқылы әлем елдері мейірімділік пен әділеттіліктің не екенін түсінетін болады. (жалғасы бар)
"Батыста атқан таң" кітабынан үзінді