АЙША АНАМЫЗ 9 ЖАСТА ТҰРМЫСҚА ШЫҚҚАН БА?
АЙША АНАМЫЗ 9 ЖАСТА ТҰРМЫСҚА ШЫҚҚАН БА?

Пайғамбарға деген танымның бұзылуы пайғамбарды бұзбайды, оны жаңылыс тану мұсылманды бұзады. Небір ұлы адамдар, лидерлер, әйгілі ғалымдар мен ғұламалар осындай мерездің құрбаны болды. Пайғамбар танымы бұзылған кісінің, адамға деген көзқарасы бұзылады. Себебі, адамды тану пайғамбарды танумен тікелей байланысты. Адамды бұрыс танығаннан адамгершілік күтудің өзі күлкілі. Сондықтан, пайғамбардың өмірінде елеулі оқиға болған Айша анамызбен некелесуі де пайғамбар танымын қалыптастыратыны шындық. Мұның мұсылмандар арасында әртүрлі көзқарасқа себеп болған тақырып екені белгілі болса да, дұрысқа жақыны, ақылға да нақылға да сай келетіні қайсы екенін осы мақалада анықтаймыз. Кейбір Ислам дұшпандары пайғамбарға деген танымды бұзу арқылы мұсылмандарды бұзық жолға түсіргісі келетіні бесенеден белгілі. Олар да өте жақсы біледі пайғамбарға деген таным бұзылса, адамгершілік бұзылады. Олардың осындай жымысқы жолдарына құрал еткендері «пайғамбар тоғыз жастағы қызды алды» деген байбаламдары. Мұның шындыққа жанаспайтынын, егжей-тегжейлі баяндаймыз. Пайғамбарымыз Айша анамызды тоғыз жасында емес, он тоғыз жасында яки жиырма жасында некелеп алды. Олай болса дәлелдерге көз салайық:

Бірінші дәлел: Алғашқы дәлел-дәйегімізді ең сенімді деп саналған имам Бұхари мен Мүслимнің хадис жинақтарында келген мына хадиспен ұсынбақпыз. Имам Бұхаридің жинағындағы «Тәпсір» бөлімінің «Фадаилул Қуран» атты тарауында келген хадисте Юсуф ибн Мәһик былай дейді: «Айша: «Алла Тағала пайғамбарына «Ендеше біліп қойсын, жақында ол қауым жеңіліс тауып, ту сырттарын беріп қашады» деген аятын түсірген кезде мен ойын баласы едім», - деген еді». «Қамар» сүресінің бұл аяты Меккеде ай жарылған әйгілі оқиға болған кезде түскен сүре болатын. Һижретке екі жыл қалған кезде түскен. «Қамар» сүресі ибн Аббастың, әзірет Османның, имам Жағфардың көзқарастары бойынша һижри 5-жылы түскен. Егер «Жеті жаста атастырылып, тоғыз жаста некесі қиылды» деген сөзді негізге алып, ақиқаты осы дейтін болсақ, Айша анамыз «Қамар» сүресі түсіп болғаннан кейін туылуы керек еді. Бірақ тарихи деректер бұлай деп тұрған жоқ. Хадисте «ойын баласы» деп аударылған «жәрия» сөзі 9 яки 11 жастағы қыз балаға айтылады. Қай уақытта, қандай аяттың түскендігін 3 яки 4 жасар баланың білуі мүмкін емес. Демек, Айша анамыз осы сүре түскен кезде 9 жаста болды деп есептесек, пайғамбарымызбен некесін қиған кезде 19 жаста болып шығады.

Екінші дәлел: Енді қолыңызға қағаз қалам яки калькулятор алып отырып мұқият қараңыз. Ибн Хажар әл-Әсқаланидың дерегіне сүйенсек, Әбу Бәкір қызы Әсма өзінің сіңілісі Айшадан он жас үлкен болған. Ғұламалардың бәрі Әсманың әзірет Айшадан жасы үлкен әпкесі екенін, һижреттен 27 жыл бұрын дүниеге келгенін жазған. Ал һижрет пайғамбарлықтың 13-жылы орын алған. Бұлай болған жағдайда (27-13=14) әзірет Әсма пайғамбарлық берілгенге дейін, яғни, «Иқра» деп басталған алғашқы аяттар түсуге 14 жыл қалған кезде дүниеге келген. Сондай-ақ, бізге жеткен деректердің барлығы әзірет Әсманың һижреттің 73-жылы қайтыс болғанын жазады. Ендеше Әсма қайтыс болғанда 100 жаста болды. 100-73=27. Бұл һижретке дейін 27 жыл деген сөз. Енді Айша анамыздың ол кісіден он жас кіші екенін ескерер болсақ, 27-10-17 Айша анамыз һижретке 17 жыл қалғанда дүниеге келген. Демек, Айша анамыз пайғамбарымызға пайғамбарлық берілуге 4 немесе 5 жыл қалғанда дүниеге келген. Тарихи даталар осыны көрсетеді. Пайғамбарлық берілгенге дейін төрт жаста болған Айша анамыз некесі қиылған кезде 19 жаста болып шығады.

 

Үшінші дәлел: Айша анамыз Бәдір және Ухуд шайқастарына куә болған. Имам Мүслим жеткізген бір хадисте Айша анамыздың Бәдір шайқасына қатысқандығын білеміз. Айша анамыз Бәдір шайқасына кетіп бара жатқан сапарда орын алған оқиғаны баян еткен хадисте «...біз теректің астына жете бергенімізде артымыздан әлгі кісі қуып жетті...» деген сөзі келген. Бұл бізге Айша анамыздың Бәдір шайқасына қатысқан кісілердің қатарында болғанын білдіретін ап-айқын дерек. Сондай-ақ, имам Бұхариден жеткен бір риуаят бізге Айша анамыздың Ухуд шайқасынан қатысқанынан хабар береді. Сахаба Әнәс Ухуд шайқасының естеліктерін есіне алып тұрып: «Мен сол шайқастың ішінде Айша мен Үммі Сүләйімнің білектерін сыбанып жүргенін, яғни, су тасып зыр жүгіріп жүргенін көрдім...» деген. Осы риуаяттардың барлығы бізге Айша анамыздың бұл шайқастар кезінде, майдан даласында жауынгерлерге су таситындай дәрежеде бойжеткен қыз болғанынан хабар береді. Майдан даласына тоғыз немесе он жастағы қыз бала түгіл, кейбір жас сахабалардың өзін пайғамбарымыз «Сен жассың» деп апармағынын білеміз. Ухид шайқасы миләди жыл санауы бойынша 625-жылы, 23-наурызда орын алған. Енді есептейік, Айша анамыз пайғамбарлық келгенде, яғни, миләди жыл санауы бойынша 610-жылы 4 яки 5 жаста болды десек, Ухуд шайқасы кезінде 19-20 жастағы бойжеткен екенін білеміз. Ендеше Айша анамыз Ухуд шайқасы кезінде бойжеткен қыз болатын.

Төртінші дәлел: Арабтардың сөйлеу әдетінде хазф логикасы бар. Яғни, кейбір сөздерді не сөйлемдерді қысқарту арқылы сөйлеу түрі бар. Бірақ, әлгі қысқарған сөзден әркім толық мағынаны ұға қояды. Олар дәл осы методиканы сандарды айтқанда да қолданған. Мәселен, 15 жастағы жеткіншекті нұсқап: «Жасы нешеде?» деп сұрасаңыз «Бесте» дей салуы мүмкін, оны сол қоғамдағы адамдар 15 деп түсінеді, себебі, түр-сипаты 5 жасар емес екенін айқындап тұр. Бұл араб тіліндегі хазф логикасының, яғни, қысқартып сөйлеу логикасын көрсетеді. Мәселен, «Қиф» (тоқта) дегісі келсе «Қи» деп қысқартып айта салуы мүмкін. Ол қоғамның адамдары әлгі сөздің «Қиф» екенін біледі. Осыған ұқсас мысалдың біреуі «Истиғаза», бұл сөз «ағузу билләһи минәш шайтанир ражиим» деген сөйлемнің қысқаша атауы. Сол сияқтs «Бәсмәлә», мұндай нақты мағына беретін сөз араб тілінде жоқ. Бұл «бисмилләһир рахманир рахиим» сөзінің қысқартылған түрі. «Хауқала» бұл сөз «лә хаулә уә ләә қууата иллә билләһ» сөзінің қысқарған нұсқасы. Демек, араб тілінде осындай методика бар. Айша анамыздың он тоғыз деген жасы да бәлкім сол заманның сөйлеу тәсіліне сай, хазф логикасына негізделе тоғыз деп айтылып кеткен болуы мүмкін. Дұрысын Алла біледі.

Бесінші дәлел: Сол заманның өзінде ардақты пайғамбарымызды аяғынан шалып, мүлт кеткен жері болса екен деп кірпік қақпай қадала қараған қара ниетті адамдар көп еді. Олар бүгінгі таңда пайғамбарға дұшпан болып жүргендердің, жалған яки қате мәліметтерді жарияға жар салып, өздерінше қате тапқандай қауқылдасып масайрағандармен ниеттес, мақсаты бір бабалары деуге болады. Солардың басында Әбу Жәһил, Ұтба, Шәйба сынды азулы алпауыт дұшпандар тұрды. Егер пайғамбарымыз Айша анамызды тоғыз жасқа толғанда алар болса, сияр кітаптарында олардың осы мәселеге қатысты айтқан сөздері, қаралаған қарғыстары да келер еді. Алайда, тарихи деректердің ішінде мұндай бірде бір дерек жоқ. Демек, пайғамбарымыз Айша анамызға тоғыз жаста емес, бері салғанда 19 жаста үйленді.

Алтыншы дәлел: Әзірет Айша әкесінің Хабашстанға һижрет жасауға ниет еткенін, алайда, оны Алла елшісінің тоқтатқандығын айтқан. Мұны кәдімгідей өз басынан өтіп жатқан оқиғадай жеткізген. Онда былай дейді: «Мен әке-шешемнің еш уақытта дін ұстанбаған кезін көрмедім. Біздің үйімізге Алла елшісінің бас сұқпаған бірде-бір сәті болған емес. Күндіз болсын, кешқұрым болсын әйтеуір бір келетін. Мұсылмандардың басына мүшріктерден ауыр нәубет келіп жатқан кезде әкем Әбу Бәкір Хабашстанға һижрет жасамақ болып ниет етті...» деп басталатын хадисте Әбу Бәкірді жолай ибн Дағана аты қауымының көсемі жолықтырып. Өзіңе қорған боламын» деп қайта Меккеге алып келгенін. Әбу Бәкірдің дауыстай оқыған Құранын жақтырмаған мүшріктердің ибн Дағанаға қайта шағым жасап, ол Әбу Бәкірге «Құранды жасырын оқы» деп ұсыныс айтқанын, Әбу Бәкір қайтадан һижрет жасауға ниет еткен кезде Алла елшісі «Маған һижрет етуге Алладан рұқсат келгенге дейін қасымда бол!» деп тоқтатқанын, содан Әбу Бәкір Алла елшісінің қасында төрт ай көрші болып тұрғанын бүге-шігесіне дейін риуаят еткен. Бұларды риуаят ету үшін Айша анамыз ес біліп, ересек тартып қалған жасқа жетуі керек. Егер бұл риуаятқа көз салсақ Хабашстанға Һижрет пайғамбарлықтың бесінші жылы жүзеге асты, Айша анамыз мұны есте сақтау, мұны айна-қатесіз жеткізу үшін едәуір жаста болуы керек. Демек, әзірет Айшаның пайғамбарлықтан бұрын туылуы керек. Пайғамбарлық берілген кезде бес жаста болған Айша анамыз, хадистегі оқиғалар орын алып жатқан кезде сезгіз яки он жасар қыз болды.

Жетінші дәлел: Имам Ахмад ибн Ханбал келтірген бір риуаятта мынадай мәлімет бар: Хадиша қайтыс болып, біраз уақыт өткеннен кейін, пайғамбарға Хаула келіп тағы бір мәрте үйленуін насихат етеді. Сонда пайғамбар тұрмысқа шығуға құлқы бар кімді ұсынасың деп сұрағанда Хаула бикр (бойжеткен қыз) бен сәиб (жесір әйел) бар екенін айтады. Сонда Алла елшісі «Бикр (бойжеткен қыз) деп кімді меңзеп тұрсың?» дегенде Айшаны айтып тұрғанын айтады. Енді сөздерге мән берейік: Араб тілінде «бикр» деген сөз тоғыз жастағы бүлдіршін қызға емес, бойжеткен қызға айтылады. Ал тоғыз жастағы қызға «жәрия» делінеді. Демек, Айша анамыз үйленуге психологиялық тұрғыдан да, физиологиялық тұрғыдан да дайын болған кезде тұрмыс құрған.

Қате мағлұматтар нәпсіқұмар педофильдерге дәлел бола алмайды

Қазір өкінішке орай, өздерін мұсылман санап, алты-жеті жастағы бүлдіршінге көз сұғын қадайтын аурулар көбейген. Мұндайларға қателігін айтсаң саф Исламды құрал етіп «Мұхаммед пайғамбар да тоғыз жастағы қызды алған ғой» деп ақталады. Жоғарыда келтіргеніміздей ардақты пайғамбарымыз ешқашан тоғыз жастағы қызбен некелескен жоқ. Бәзбіреулер секілді ардақты пайғамбарымыз махаббат пен құмарлықты шатастырып алған адам емес. Мұхаммед пайғамбар 25 жаста, ақылы мен күші бойында тұнып тұрған шақта неге өзінен он бес жас үлкен әйелмен үйленді? Жай ғана үлкен емес жесір әйел. «Жесір екенсің» деп бетіне баспай 25 жыл отасты. 25 жылда жеті балалы болды. Ол кісі дүниеден өткенше өзге әйелмен отау құрған жоқ, екінші әйел туралы жақ ашқан жоқ. Себебі, ерлі-зайыптылардың арасында болуы керек махаббатың төресі екеуінің арасында болды. Ол кісі дүниеден өткен соң топырағы кепкенше үйлену туралы сөз қозғаған жоқ. Бір мысал айтайын, Мекке азат етіліп, мұсылмандар Отанына оралғанда Алла елшісі ең алдымен қайда барды деп ойлайсыз? Хадиша анамыздың қабірінің басына барып шатырын құрды. Махаббаты соншалық, опалылығы соншалық қуанышты күнін Хадиша анамыздың қабірінің басынан бастады. Қайтыс болған жарына осыншалықты опалылық көрсеткен адамды өміріңізде көрдіңіз бе? Хадишадан кейінгі жұбайы Сәуда анамыз. Ол кісі елу жастағы, бес балалы жесір әйел болатын. Бұған нәпсіқұмарлықтан туындаған неке деп айта аласыз ба? Жоқ, әсте олай айтуға келмейді. Мейірім мен шаһуатты, махаббат пен құмарлықты шатастырып жүргендер Алла елшісінің мейірімге негізделген, қамқорлыққа құрылған некесін түсіне қоюы екіталай. Үшінші некелі жары Айша анамыз еді. Қыздай алған әйелі осы кісі болатын. Бұл кезде Айша анамыз (жоғарыда келтірген фактлерімізге сай) 19 жаста болатын. Исламның қалай басталып, қалай өркендегенін көзімен көріп келе жатқан бойжеткен қызбен некелесу, Ислам ілімдерін сіңіру, ерлі-зайыпты өмірдің қыр-сырын түсіндіру, үлгі болу жағынан да өте маңызды болды. Алла елшісі осындай мақсатта некелескені белгілі. Өмірлерін көрген түстерімен жұбатып жүрген ұйқыдағы бейбақтар оның мұндай жанкештілігін, жанпидалығын қайдан ұға алысын?!

Сөз соңы

Ислам – әлемдік дін. «Батыс та, шығыс та Алланыкі». Сол себепті, Ислам батыстың да, шығыстың да «тауары» емес. Ислам – адамзатқа ортақ ождан. Сондықтан, «Бізге кел» дегендерге емес, «Өзіңе кел, ожданыңа орал» дейтіндерге құлақ асқан абзал. Дін белгілі бір ұлттың да меншігі емес. Сол сияқты кез-келген ұлттың ұстанымын діннің өлшемі, Исламның үлгісі деп алу да үлкен қателік. Адамгершілік кімде жоғары тұрса – Ислам сонда. Айналасына қауіпі жоқ, өзінен еш қауіп күтілмейтін сенімді кісі ғана мұсылман. Бұл тұжырымдарды әкелген – Құран, оларды ісімен көрсеткен – пайғамбар. Пайғамбарды дұрыс танығандар ғана оның соңынан ере алады. Болмаса белгілі бір ұлтқа тән қателіктердің барлығын Исламға жауып, одан қала берді пайғамбарға жауып діннен безу яки бездіру адамгершілікке қайшы. «Пайғамбар былай депті», «Пайғамбар былай жасапты» деген алып-қашпа сөздердің түбін тексермей жатып, Құран аяттарына құптатып алмай тұрып іс-жүзінде орындау үлкен қателіктерге ұрындырады. Сондықтан, бірінші әйелін көгертіп алмай «Екінші әйел аламын» деп еріккендер мен ата сақалы аузына түсіп жас иіс іздеп желіккендерді пайғамбардың жолымен жүр екен деген жаңсақ ойдан аулақ болуға шақырамын.

Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
5 лет назад 16456
0 комментариев
О блоге
0
29830 200 345 261 209