Тырнағына татымаймыз...
Тырнағына татымаймыз...

...Сахабалар жайлы сөз қозғаған кезде тілге өте сақ болған абзал. Жөн-жосықсыз сахабаларды сынап-мінеп: «олар да өзіміз секілді адамдар ғой» деген ой ішімізде қылаң беретін болса, жан-дүниемізде бір пәлекеттің бас көтеріп, өзімізді ұшы-қиыры жоқ жартастардан төмен қарай құлдилатай құлатқан боламыз. Негізінде Құран Кәрімде бізден бұрын өмір сүріп, бұрынырақ дүние салған адамдарды жақсы оймен еске алып, олардың сыртынан барынша дұға-тілек жасау бұйырылған. Мәселен, «Хашр» сүресінің 10-шы аятында өзінен бұрын дүниеден өтіп кеткен мұсылмандарға қалай дұға жасау керек екендігін үйретеді. «Уа, Раббымыз, бізді және бізден бұран иман еткен бауырларымызды кешіре гөр! Жүрегімізде иман еткен жандарға деген жек көрушілік, өшпенділік сынды жаман сезімнің оянуына жол бере гөрме! Уа, Раббымыз! Шүбәсіз, Сен өте мейірбансың сондай жанашыр һәм ерекше мейірімдісің...» Бұл аяттың алдындағы аяттар саңлақ сахабалардың дін жолындағы жанкештіліктері мен шынайы ықыластарын баяндай отырып, олардың жан жетпес асыл адамдар болғандығына назар аудартады. Демек, Құран Кәрім әлі дүние есігін ашып үлгермеген адамдарға, «Өздеріңнен бұрынғыларға осылай дұға жасаңдар!» деп тұрғандай. Сахабалардың ижтиһаттарына байланысты өзара қарама-қайшылықтарын кейінгі мұсылмандардың түсіне алмау себебінен сахабалар жайлы кейінгілерге жараспайтын сөздер айтпау керек екендігін осы дұғадан байқаймыз. Сонымен қатар, сахабалардың істеген істері мен жасаған ижтиһаттарының есеп-қисабын жасау кейінгі мұсылмандардың ісі емес. Әсіресе, дінін енді ғана тәй-тәйлап танып келе жатқан біздің қоғамдағы мұсылмандардың сахабалар жайлы қалай болса-солай, оңды-солды аңдаймай сөйлеулері тіпті жараспайтындығын біліп қойғандығы абзал. Мұндай жандарға  әйгілі табиғин Хасан Басридің басынан өткенін баяндап бергенді жөн санаймын. Хасан Басри Басра қаласында өмір сүріп жатқан еді. Ол кезде Басра қаласында небір бүліктер белең алып тұрған болатын. Бұл бүлік сахабалар арасындағы ижтиһади мәселелерді түсіне алмай, басы қатып бүлікке бастап жүрген адамдар тарапынан туындап жатқан-ды. Бір күні сондай дертке ұшыраған бір топ адам Хасан Басриға келеді де: «Дәреже жағынан салыстырар болсақ, қандай да бір сахаба жоғары ма, жоқ әлде, Омар ибн Абдулазиздің дәрежесі жоғары ма?»,- деп сұрайды. Негізінде Омар ибн Абдул Азиздің ұлылығы мен мұсылмандар арасындағы абыройы талқыланатын мәселе емес. Оның мінез-құлқы мен дін үшін атқарған істерін өлшейтін бұл дүниеде таразы да, безбен де жоқ, тіпті, ғасырлар өтсе де ол кісінің қадір-қасиетін өлшейтін құралдың болуы да мүмкін емес. Тіпті, Омар ибн Абдул Азизді хазіреті Омардың (ол кісіге Алла разы болсын) қасына қояр болсаңыз, хазіреті Омардың сахабалық дәрежесін қоспағанда, екеуін бір-бірінен ерекшелеп алатындай артықшылықтарын таба алмас едіңіз. Демек, Омар ибн Абдул Азиз соншалықты биік дәрежелі, ұлы адам еді. Алайда, Хасан Басри сахабаларға деген сый-құрметті сақтап қалу мақсатында: «Омар ибн Абдул Азиз, сахабалар сапында соңғы орындарды иеленген Уахшидің (ол кісіге Алла разы болсын) тұлпарының танауына қонған шаңға тең келсе де жаман емес»,- деп жауап қатады. Міне, бізге ұсынылатын өлшем осы! Қандай жағдай болмасын біздер өткендерімізге сый-құрмет көрсетуіміз қажет. Қазіргі таңда керісінше, кезінде жанын да, барын да салып дінге қызмет жасап кеткен адамдарды сынап-мінеушілердің көбеюінің кесірінен, оларға деген сый-құрметтің азайып бара жатқандығын ғана көреміз. «Атаңа не істесең, алдыңа сол келер» дегендей, келер ұрпақ біздерді де солай «түкке тұрғысыз адамдар еді...» деп естеріне алып жүрмесе жарар еді. Мұндай әдепсіздіктерден зардап шегушілер – Ислам және мұсылмандар. Негізінде, пайғамбарлардан кейін адамзаттың абзалы болған жандар сахабалар[1] екендігіне Әһлі сүннет ғалымдары бір ауызды келіскен.  Алайда, бүгінгі таңда кейбір адамдар «Сахабалар пайғамбарды көздерімен көріп, құлақтарымен ол кісінің насихаттарын тыңдай отырып иман келтірді, ал, біз пайғамбардың заманынан бірнеше ғасыр кейін туылып, пайғамбардың көзін көрмей-ақ иман келтірдік ендеше біздердің имандарымыз олардың имандарына қарағанда күштірек емес пе?» дегенді алға тартады. Бірақ, олардың бұл уәждері мүлде қисынсыз, әрі өте әлсіз. Себебі, ол ғасырда Исламға күллі әлем қарсы тұрып, ат-тондарын ала қашып жатқан кезде сахабалар ешбір философиялық пікірлер қозғай алмайтындай берік иманға қол жеткізген болатын. Шәк-шүбә мен күдік-күмәнді қоя тұрыңыз, тіпті кейбірлеріне уәсәсә да жоламайтын. Барша Ислам дініндегі ой-пікірлер мен көзқарастар иманыңызға қуат беріп тұрса да, пайғамбар алып келген ақиқаттар мен барша адамзатқа үлгі боларлық сөздері мен істерін көңіл көзіңізбен көре тұра бір Еуропалық философтың сөзіне бола шәк-шүбәға толып кететін иманыңыз қайда, бүкіл християн және яһуди философтарының шабуылдарының өзіне шайқалмаған сахабалардың имандары қайда?! Сондай-ақ, сахабалардың иман қуаттылығын байқатқан тақуалықтары мен ізгі істер жасауға ғашық жандар екендіктері қайда, біздің соншалықты әлсіздігіміздің себебінен парыз амалдардың өздерін толықтай бойымыздан байқата алмай сөнуге аз-ақ қалған иманымыз қайда?! Бір ақынның:

 «Десем дағы махаббатым толық тым,

Жүрегіме үңілдім де, қорықтым.

Сені сүйген асхабыңның тіпті біз

Тырнағына татымаймыз, соны ұқтым...» дегеніндей сахабалардың дәрежесі тым жоғары, ол кісілер жайлы сөз қозғар кезде тілге өте сақ болған абзал...

"Әдептілік - әдемілік" ("Хужурат" сүресінің тәпсірі) атты кітаптан үзінді

[1] Ибн Хиббан «Әс Сахих» 10/477; Ибн Абдул Бәрр «Әт Тәмһид» 22/47; Суюти «Әт Тәдрибур рауи» 1/207, 308; 2/214-215.

сахаба, Ермек Есқожа, Ардақты сахабалар, Әдептілік - әдемілік, Берік иман, Шәк-шүбә
Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
7 жыл бұрын 3523
0 пікір
Блог туралы
0
29830 200 345 261 209