8-наурыз сыйлаған "әйел"
8-наурыз сыйлаған "әйел"

Өздерін заманауи адам деп санайтын кейбір жандар әйел кісіні үйінен сыртқа шығарып алды да, береке мен бірліктің отаны болған жанұясын күл-талқан етіп бұзып тастады. Өздерінің жымысқы ойларын жүзеге асыру үшін «Үй сенің – зыңданың» деп әйелдердің құлақтарына зарлаумен болды. Шайтани сандыраққа алданған «заманауи әйел» үйін біржола тәрк етіп кете барды. Сонда бұл шайтан әскерлерінің «заманауи әйелге» отбасы-ошақ қасынан басқа ұсынғаны қай жер болды дейсіз ғой?! Әлбетте, ол жер – ығы-жығы көшелер, ұрыс-керісі көп сауда орындары, дүниені жарнамалаған небір зәулім супермаркеттер, офис, дүкен, клуб тағы басқа нәрселер. Алайда, бұл аталғандардың ешқайсысы үйдің орнын баса алмады. Керісінше, әйел – үйге жат бауыр, тысқа – туыс болып шыға келді. Бірақ, әйелді қызық болып көрініп, керемет болып арбаған сыртқы өмір қорғай алмады. Себебі, оларды көшеге шақырған шайтанның топтары әйел адам қорғансыз қалсын, бейшара күйге түссін деп шақырған болатын. Әйел қауымын сыртқы өмірге үйретіп, көшедегі проблемаларды шешуге шақырғандар оларды қарапайым бұйымға айналдыруға барын салды. Бейшара әйелдер сол үшін аузы-мұрнына түрлі далаптарды сүргілеп, бет-аузына ұн жағып әлек болды. Қымбат уақыттары мен маңдай термен тапқан қаражатының көбін сол жолда сарп етті. Байғұстар ең әуелі Ана екендіктерін ұмытты. Бара-бара Ана болу өздеріне тым жат, жабайы болып көріне бастады. Себебі, сыртқы проблемалар мен ана болудың «әуресін» қатар алып жүру оңайға соқпайтындығы ақиқат. Нәзік жанды, жұмсақ жүректі әйел қауымына бұл екі істі қатар атқару мүмкін емес еді.

Енді бұлар өздері құлатып тастаған үйдің орнына «балабақша» жасап алды. Құлатып тастады дегенімде шаңырағы мен қабырғаларын айтып отырмағандығымды түсінген шығарсыз! Әйелдің әйел болу миссиясын күл-талқан еткендеріндей, жанұяның да ұлы миссиясын жермен-жексен етті. Бұдан кейін отбасы дегеніңіз екі кісілік үңгірге айналды. Әке – жұмысқа, шеше – қызметке, бала-шаға – балабақшаға... неткен керемет мемлекет!!! Мұндай үңгірлерге жанұя деп айта аласыз ба?!

Ендігі кезек баланың санын азайтуға ауысты. Онсыз да сыртқы өмірдің абыр-сабырынан шаршап жүрген әйелге бұл пікір ұнай кеткендігіне сөз жоқ. Өйткені, өзінің сыртқы өміріне кедерге болатын нәрселердің барлығы да жіпсіз байлау болды. Ақыры бала тууын шектеп, қартайған шағында беліне шынжыр байлап, күшіктермен серуендейтін болды. Заманауи әйел бала-шаға, немере-шөберенің орнына ит-мысықты қойып алғанын байқамай да қалды. Бала-шағаның шуылы мен дуылына шыдамаған әйел, күшіктің қыңсылап, иттің ұлығанына шыдайтын болды. Үйіндегі еркегінің ескертулеріне шыдамаған «заманауи әйел», жұмысындағы ұят пен ардан безген белгісіз еркектің талаптары мен айқайына шыдайтын болды...

Мұсылман әйелді бірінші үйі болған «хижабы», екінші үйі болған жанұясы қорғайды. Бұл Өзінің әмірлеріне бас иген әйел баласына Алла Тағаланың берген ерекше нығметі. Иә, Ислам шартына сай орамал тағу – әйел кісінің бірінші үйі. Себебі, орамал таққан әйел адам қоғамдық өмірде бөтен адамдарға «Менің кісілігіммен санасып мәміле жаса» дегенді сыртқы келбетімен көрсетіп тұрады. Сондықтан бірінші үйін қорғай алмаған әйел, екінші үйін қалай болса да қорғай алмайды. Олай болса, Алла Тағала бұйырған шариғат шәлісі бір мұғжиза екендігіне дау жоқ. Бұл мұғжизаны түсінгіңіз келсе «заманауи әйелдің» ішінде қатып жатқан шерге, әйелге тән әлсіз болмысының үніне құлақ қойсаңыз жетіп жатыр. Себебі, әйел баласының ішін жегідей жейтін бір ой – өзінің құны кетіп, қадірсіз халге түсуі. Әйелдің есімі жоқ болса әйтеуір, бір ат қойылады, ал, қадірі жоқ болса нестейміз. Қадір-құрмет есім сықылды «қойдым» деген сөзбен орнына келетін нәрсе ме? Сізге ең сорақысын айтайын ба? Әйелдің қадірін қашырғандар әйел баласының қадірін ақшамен бағалай бастады. «Ақшамыз көп, әйелдің қадірі жоқ. Ендеше, ақшаны үйіп-төгіп кез-келгенін сатып аламыз» деп ойлайды. Осыны оқып отырған әйел баласы қадір-құрметін қашыруға бағытталған арнайы опперацияның құрбанынан айналғысы келмейтін болса, бірден Аллаға сыйынып, малғұн шайтанның жамандығынан Раббысынан пана тілесін, сөйтіп, малғұн шайтан әйел затынан бойын аулақ салсын...

әйел, ислам кз, Ермек Есқожа, Қадірлі ана, Аяулы жар, Ардақты қарындас
Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
7 жыл бұрын 4207
0 пікір
Блог туралы
0
29830 200 345 261 209