Тылсымнан жеткен хабар
Тылсымнан жеткен хабар
Илһәм деген не?

 

Ғажайып ғаламның ішінде небір тылсым сырларға толы, пенде баласы толықтай түсініп, қаузап ұға қоймайтын небір құпиялар бар. Осындай тылсым дүниелердің бірі, әлі күнге дейін адам баласына құпия болып келе жатқан нәрселердің бірегейі – Илһәм. Ең әуелі Илһәм сөзінің тілдік мағынасына тоқтала кетейік. Илһәм сөзі «үйрету», «шабыттандыру», «жұтқызу» деген мағынаны беретін араб тілінің «Әлһәмә» етістігінен туындайтын сөз. Ал, діни терминдік мағынасы «шынайы түс», «аян» деген мағынаны білдіреді. Демек, илһәм тылсым әлемнен шабыттандыру, үйрету я болмаса аян берілу арқылы пенде баласына ғайыптан келіп жететін құпия хабар деуге толық негіз бар. Илһәм сөзі Құран Кәрімде бір жерде ғана келген. Алла Тағала «Шәмс» сүресінде: «Әр нәпсіге және оны қабілетті етіп, жүйеге салғанға (серт!) Содан соң күнәнің жолдарын әрі одан сақтану, арылу жолдарын оның көкейіне салып, білдіргенге серт!»,- деген. Осы аятқа сүйене келе ғалымдарымыз әрбір пенде баласы табиғатынан жақсылық пен жамандықтың жолдарын жақсы білетіндігін айтады. Әрбір пенде баласы істеп жатқан ісінің жаман яки жақсы екендігін ажырата алатындай қабілетке ие. Ақылы ауытқымаған, санасы сөгілмеген әрбір азамат өзінің қандай іспен айналысып жатқандығын жақсы біледі. Себебі, оның көкейіне жақсыны үйреніп, жаманнан жирену қабілеті салынған. Бәз бір ғалымдар адам баласын жақсылық пен жамандықтың ара-жігін айырсын деп Раббысы арнайы көкейіне салған сезімтал күшті илһәм деп түсіндірген.

 

Илһәм мен уахидың айырмашылығы

 

«Құпия хабар», «тылсым әлемнен келетін аян» делінген кезде ойымызға бірден «уахи» термині сап ете қалары анық. Бірақ, біз сөз етіп отырған илһәм, уахимен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Олай болса, уахи мен илһәмнің арасында қандай жақындық яки қандай айырмашылық бар?

Уахи Алла Тағала жіберген пайғамбарлар мен елшілерге ғана келетін құпия хабарлар десек, илһәм пайғамбарлардан өзге, Құдай Тағала Өзі қалаған мақұлықтарына білдіретін құпия хабардың атауы деуге болады. Уахи мен илһәмнің ең үлкен айырмашылығы сол – уахи шариғи үкімдердің негізгі қайнар көзі болып саналса, илһәм ешуақытта шариғат үкімдеріне негіз бола алмайды. Дегенмен, кейбір мужтәһид ғалымдар кейбір мәселелерді зерттеп-зерделеу барысында Құран мен хадистен табылмаған үкімдердің ақ-қарасын ажырату барсында илһәмді қолдануға болатындығын айтады. Дегенмен, бұл өзін ғалым санаған шала ілімділер үшін жүрмейді.

Құран Кәрімде уахи сөзі жансыз заттарға қатысты айтылса, «бұйыру», «әмір ету» мағынасында түсініледі. Мәселен, «Зилзәл» сүресінде: «Жер алапат сілкініспен сілкінген кезде... Сондай-ақ, жер қойнындағы бар жүкті сыртқа ақтарып тастағанда... Адам баласы «Бұған не болды?»,-деп зәреқұты қалмай шошыған кезде... Міне, сол күні Жер, үстінде бұрын-соңды болып өткен бар істің хабарын түп-түгел баяндайды. Өйткені, Раббың оған бұларды уахи арқылы білдіреді...»[1],-делінген. Бұл аяттағы «уахи арқылы білдіреді» деген сөзді, «Раббың әмір етеді», «Раббың бұйырады» деп түсінеміз.[2]

Сондай-ақ, уахи сөзі хайуанаттарға қатысты айтылса «түйсігін ояту», «көкейкөзін ашу» мағынасында қолданылады. Мәселен, «Раббың бал арасына: «Тауларға, ағаштарға, адамдар жасаған жаппалар (күркелер) мен омарталарға да ұя сал. Содан кейін түрлі жемістермен қоректеніп (жиған қорегіңмен) Раббыңның сен үшін оңтайластырған (ұяңа жеткізетін) жолға түс»,- деп, аян берді...»[3],- деген аят бар. Бұл аяттағы «уахи» етті сөзін «аян берді», «көкейін ашып, үйретті» мағынасында түсінеміз.[4]

Ал, «уахи» сөзі Құран Кәрімде адамдарға қатысты айтылса «илһәм» мағынасында деп түсінеміз. Бұл «Қасас» сүресінде былай делінген: «Мұса (дүниеге келгенде) анасына: «Оны еміз (тағдыры не болар екен, деп, уайым жеме!) Өміріне қауіп төне ме деп қорыққаныңда (сандыққа салып) өзенге ағызып жібер және ол үшін еш қорықпа да, мұңайма. Біз оны өзіңе, сөзсіз, қайтарамыз, әрі елші пайғамбарлардың бірі һәм бірегейі қыламыз»,-деп аян бердік»[5]. Бұл аяттағы «уахи еттік» деген сөз «аян беру» мағынасында қолданылған.[6] Ендеше, илһәм дегеніміз тығырыққа тірелген пендеге Құдай Тағаланың құпия жолдар арқылы бағыт-бағдар көрсетуі. Демек, Алла Тағаланың тарапынан пайғамбарларға берілген құпия хабар – уахи деп аталса, пайғамбарлардан басқа пенде баласына берілетін мұндай тылсым ақпараттарды «илһәм» дейді екенбіз.

 

Илһәм кімдерге беріледі?

 

Дін негіздерін оқытушы ғұламалар Илһәм шариғи үкімдерге дәлел бола алмайды деген. Мәселен, әйгілі ақида ғалымы, белгілі ғұлама имам Нәсәфи өзінің «Тәбсиратул Әдиллә» атты еңбегінде «Пенде баласы үшін әр нәрсені танып-білудің үш жолы бар. Біріншісі, әртүрлі ауытқулардан, ауру-сырқаулардан сау, бұзылмаған сезім мүшелері. Екіншісі, ақыл-ой. Үшіншісі, сенімді дәлелдерге сүйенілген хабарлар...» Бұл жердегі сенімді хабарларға ардақты пайғамбарымыздан айқын мұғжизалар ақылы жеткен дәлелдер жатады. Ол кісі сөзін ары қарай жалғап: «Әһлі сүннет жолын ұстанған ақиқат жаршылары үшін илһәм шариғи дәлел, дін жолында бұлтартпас дәлел бола алмайды. Әртүрлі ғибадаттарды атқару барысында илһәмға сүйенуге болмайды. Егер қандай да бір істе ешқандай Құран аяттары болмаса, пайғамбарымыздан жеткен хадис жоқ болса, ижмағ, қияс, истихсан, сәдуз зараиғ сынды ешқандай шариғи мәтін арқылы қуатталған дәлелдер табылмаған жағдайда ғана илһәм амал етуге жарамды болуы мүмкін. Алайда, илһәммен тек қана мүбаһ амалдарды атқаруға болады. Парыздар мен уәжіптер, харам үкімдері мен мәкрүһтер, тіпті мұстахаб амалдарды илһәмға сүйене отырып атқарамын деуге болмайды»[7]- дейді. Дегенмен,  илһәмнің да ілім мен таным мәселелерінде алатын өзінідік орны бар екендігін жоққа шығармаймыз. Себебі, көптеген ғылыми жаңалықтардың ашылуына илһәмнің қатысы бар болғандығын ешкім жоққа шығармаса керек. Американдық өнертапқыш Иля Хоув тігін мәшинесінен арналған иненің түрін түсінде көріп, сол түсіне сай иненің үлгісін жасағандығын айтады. Ол түсінде жалғыз өзі Африкаға серуендеуге барған екен. Сөйтсе, оны бір жабайы тайпа қолдарына түсіріп алып, өз араларындағы үлкендерінің алдына байлап-матап апара жатады. Анықтап байқаса олардың қолдарына ұстаған найзаларының ұш жағына таман тесік бар сықылды көрінеді. Оны дедектетіп отырып басшыларының алдына алып келген екен дейді... Тайпа басшысы найзасын жоғары көтергенде найзаның ұшындағы тесікті анық көреді. Сөйтіп, ұйқысынан оянып кеткен ол, он жыл бойы басын қатырып жүрген сұрақтың жауабын табады. Осылайша, өзіміз көріп жүрген тігін мәшинесінің инесі табылған деседі. Сондықтан, қандай да бір ғылыми жаңалық, жаңа өнер туындыларының жарыққа шығуына илһәмнің себебі болатындығын жоққа шығаруға болмайды.

Адам қаншалықты дана, данышпан болса да өзі өмір сүріп жатқан қоғамның ішіндегі оқиғалардан әсерленбей қалуы мүмкін емес. Сондықтан, кейбір ғалымдардың айтып кеткен ойлары мен көзқарастарын Құран мен сүннет деңгейінде көріп, «айтты, бітті» деген ұстанымнан аулақ болу керек. Егер өз ақылыңды істетіп, санаңа сәуле түсірмесең өткен ғасырлардың шарттарымен өмір сүруге адамдарды мәжбүрлеп, сол заманның жай-жапсарын білмей-танымай жатып сол ғасыр ғалымдарының пікірлерін аяттай, хадистей көру кері тартпалықтың нақ өзі болмақ. Ақылын жұмыс жасатпаған адамның басынан бақайшағына дейін қоқыс жауатыны «Юнус» сүресінде «Ол ақылын қолданбағандардың басына қоқыс жаудырады»[8] делінген. Сол себепті, шариғат шеңберінде ой жүгірту, заманына сай ғылымдарды жетілдіруге ат салысу дінін жақсы түсінген мұсылман баласының әрекеті болмақ. Шәкәрім бабамыз «Жүректің көзі ашылса, Хақтың түсер сәулесі» деп, Хақтың сәулесін, яғни, илһәмді көкірек көзі таза жандардың жүрегіне салынған ізгі ой, тығырықтан шығуға себеп болатын өткел деп бағалаған. Илһәмнің бұл түріне ие болу үшін пенде баласының иманы өте берік, Құран мен сүннеттің аясында шыңдалған толық тақуалық, шариғатта бұйырылған амалдарды атқаруда қажыр-қайрат көрсетуі міндет. Себебі, илһәм шайтаннан ба, әлде, Алла Тағаладан ба белгісіз болғандықтан адам баласын оны өз ақылымен танып-білуге қауқарсыз екендігі анық. Алайда, илһәмді жоққа шығарып, тек қана алдыңғы ғасырда ашып кеткен адамдардың жолдары мен көзқарастарымен шектелетін болсақ, Алла Тағала сыйға тартқан ойлау қабілеті мен ғасырымызда ашылуы қажет болған кейбір ғылым түрлерінен кенде қалуымыз әбден мүмкін. Бұл мәселеде де Ислам әлемі ифрат пен тафриттің ортасын таба алмай жатқаны жасырын емес. Тіпті классикалық жауһарларымызды жоққа санап, «жоқ, біздің ғасырымызға сай емес, қазіргі ғасыр ғылым мен технологиялық жетістіктерге толы ғасыр, сондықтан бұрынғы еңбектерге жүгінбей тыңнан сүрен саламыз» дейтіндер мен «ой бай-ау, ескі ғалымдардың елеулі еңбектері тұрғанда, ақылыңмен бірге әдіре қал» деушілер де табылады. Сондықтан да, Илһәм мәселесінің орта тұсын тауып, керек жерінде қажетті орынға жұмсай алатын парасатты мұсылман ғалымдары жетілгенше осы итшілегеніміз итшілеген.

 

 

 

 

 

 



[1] «Зілзәлә» сүресі

[2] Әл Мәуәрди «Ән Нәкту уәл Уюун», 6/320

[3] «Нәхл» сүресі, 68-аят

[4] Әс Самарқанди «Бахрул Улум» 2/281

[5] «Қасас» сүресі, 7-аят

[6] Әс Самарқанди «Бахрул Улум» 2/598

[7] Әбу Муғин ән-Нәсәфи «Тәбсиратул Әдиллә» 1\151 бет

[8] «Юнус» сүресі, 100-аят

Ермек Есқожа, Илһәм деген не?, Уахи мен Илһәм, Құпия сырлар, Тылсым дүние
Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
8 жыл бұрын 4737
0 пікір
Блог туралы
0
29830 200 345 261 209