Әмәуи Халифатына Әділетті көзқарас (хж. 40 – 132ж) (660 – 750ж.)
Әмәуи Халифатына Әділетті көзқарас  (хж. 40 – 132ж) (660 – 750ж.)

Әмәуи Халифалығы басқа да Ислам мемлекеттері сынды беделі жоғары, мәртебесі биік, жер бетінің әр тарапындағы мұсылмандар үшін орны бөлек мемлекет. Бұл Ислам мемлекетіне жабылған жалалар мен ойдан құрастырылған өтірік әңгімелердің күл-талқанын шығару үшін, Әмәуилердің тұсында Исламды қабылдаған мұсылман санына көз салсаңыз жеткілікті. Солтүстік Арика ықылымы Ливиядан бастап Мароккоға дейін түгелдей Әмәуилер кезеңінде Исламға кірген еді. Бұл өлкелерге Исламды жеткізу хазірет Османның кезінде басталып, ол өлкелердегі халықтар Исламды қабылдағандықтарыменен, уақыт өте келе діннен безу кең етек алып кетті. Одан кейін Әмәуилер тұсында қайтадан жүйелі түрде жүргізілген үгіт-насихаттар нәтижесін беріп, Ислам нұры ол өлкелерде қайта жарқырады.

Сондай-ақ, Әмәуилер бір уақытта төрт тараптың Ислам қабылдауына себеп болды. Біріншісі, Батыс аймағындағы Әндәлус болса, Синд елді мекеніне Мұхаммед ибн Қасим ибн Муслим әл-Бәһили аттанды, ал солтүстіктегі Қуқаз елдеріне Исламды алып барған Муслима ибн Абдул Мәлик әл-Маруани болды. Осы кезеңдерде Алла Тағаланың дініне топ-топ болып кіріп жатқандарды көптеп кездестіруге болатын еді. Жансыз пұттарға табынып, адамдық қасиеттерінен ажырап қалудың аз-ақ алдында қалған елдерге Ислам діні келді де, күн өткен сайын жарқырап жайнай түсті. Ислам келгенге дейін бұл өлкелердің адамдары әртүрлі тастарға, оттарға, тіпті, өздерін билеп-төстеп отырған патшаларға табынатын-ды. Исламның жарығы арқылы көкірек көздерін көлегейлеп тұрған надандықтың пердесі түріліп, ақ пен қараны ажырата алатындай жағдайға келді. Бұл аталған жетістіктердің барлығы да Әмәуи халифалығының тұсында болғандығын ешкім жоққа шығара алмайды. Басында Ислам дініне әлтек-тәлтек басып кірген жандар көп өтпей-ақ, Құдай Тағала берген қабілеттерін шыңдап бірі майталман жауынгер, бірі ұлы ғұлама, бірі хас батыр, бірі қол жетпес қолбасшыға айналып шыға келді.

Ислам үмметі жүріп өткен тарих парақтарына көз салсаңыз қай ғасыр мұсылмандары болса да Әмәуилер еккен ұрықтардың жемісін жинап алғандығына куә боласыз. Фиқһ ілімін, тәпсірдің небір түрлерін, әдеп-этика сабақтарын, медицина саласын, география ғылымын, архитектураның қыр-сырларын, химия пәні мен пәлсапа ілімдерін дамытып шыңға шығарғандар Әмәуи мұсылмандары ашқан елдердің жарық жұлдыздары тұғын. Тіпті, Бухари, Муслим, Тирмизи, Нәсәи, Табари, Ибн Халдун, имам Зәһәби, Ибн Сина, Фарабилер, Кинди, Бируни сынды ғалымдар мен ғұламалар керуенін санап тауысу мүмкін емес. Алғашқы толқын ағалар болған мұсылмандар әлем мемлекеттерінің қақпаларымен қатар, сол жерде өмір сүріп жатқан жандардың жүрек қақпаларын да аша алды. Сол себепті, бұл елдерден шыққан ұрпақтар да басқа өлкелерге Ислам дінінің даңқын асқақтатты.

Мұсылман емес елдерге барып «Исламнан нәсіптеріңді алсаңдаршы» деп өзге жұрттарды дінге шақыру Әмәуи мұсылмандары үшін табиғи нәрсе  болатын. Әрбір мұсылман баласы жиһатқа аттанар кезде Раббысының разылығын көздеп, Ислам шариғатынан басқалардың да қалыс қалмауларын қамтамасыз ету жолына жан-тәндерімен кірісетін. Тағы бір айта кететін жайт: осы кезеңде ардақты пайғамбарымыздың ауыздан аузызға таралып кеткен хадистері жинақталды.

Мұндай деректерді тізбектей келе Әмәуи халифалығы ешқандай кемшілік атаулыдан ада-күде деп айтпаймыз. Қателесу, кем-кетіктердің болуы пенде баласының болмысына әу бастан берілген нәрсе. Әмәуилердің де сүрінген, шалынған, омақаса құлаған жерлері де жоқ емес.  Алайда, олардың бұл кем-кетіктері, әлем мұсылмандарының қос дүниелік пайдасы үшін жасап кеткен қызыметтерінің ішінде еріп жоқ болып кететіні анық.  

Әмәуилер тоқсан екі жыл бойы, яғни, хижри жыл санауы бойынша қырқыншы жылдан жүз отыз екінші жылға дейін үздіксіз билік жүргізді. Бұл мемлекеттің ең алғашқы халифасы ардақты сахаба Мұғауя ибн Әбу Суфиян еді. Бұл кісінің әкесі үнемі ардақты пайғамбарымыздың қасынан табылып, бұйрықтарын бұлжытпай орындап отырған қадірлі, әрі әйгілі сахаба еді. Дегенмен, бұл патшалық та, халифалары да, адамдарың тілдеуінен аман қалған жоқ. Ардақты сахабалардың билігіне де, басқарып отырған халқына да небір жалаларды жаңбырша жаудырды. Шіркін-ай, оларды айыптап жатқан жұрт ең әуелі Мұғауия ибн Әбу Суфиянның Ислам үшін атқарған қызметтерінің мыңнан біріне жетіп алып айтса жарасар еді ғой. Жоқ, олар ондай нәрсеге мән беріп қараған жоқ. Қолдарынан келгенінше өтіріктерді судай сапырып, Құдайдан қорықпай небір күйелерді жағумен болды...

Халифа Муғауиядан кейін Әмәуилер халифаты Абдул Мәлик ибн Маруан атты халифамен жалғасты. Бұл кісінің орнына өзінен кейін кезек-кезек ұлдары таққа отырды. Атап айтсақ Уәлид, Сүлеймен, Иәзид, һишам. Бұлардың ішінде әділетті халифа Омар ибн Абдул Азиз Ислам әлемінде мейірімділік пен сенімділіктің, бейбітшілік пен тұрақтылықтың орнауына себеп болған ұлы халифа ретінде танылды. Тіпті кейбір тарихшылар бұл кісіні әйгілі төрт халифаның қатарына қосып, «Бесінші әділетті Халифа» деп атайды.

Өкінішке орай, Әмәуилер халифатының соңғы жеті-сегіз жылдарында Ислам шариғатына қарама-қайшы іс-әрекеттер орын алды. Бұл Ислам тарихында Әмәуи патшалығының ең жек көрінішті кезеңі болып жазылып қалды. Десек те, Әндәлус аймағының мұсылмандар қолына өтіп, Еуропа елдеріне Исламның жетуі Әмәуи халифатының ең үлкен игіліктерінің бірі болып қала береді[1].



[1] Рағиб әс Сиржәни «Қиссәтул Әндәлус минәл фәтхи иләс суқуут»

Ермек Есқожа, Әндәлус, Әділетті көзқарас, Ғұламалар легі, Ислам дұшпандары, Сынық құмыра
Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
7 жыл бұрын 5240
1 пікір
  • исламды тану үшін оның тарихын да білген дұрыс. көп мағлұмат берілген екен. сізге Алла разы болсын
    7 жыл бұрын
Блог туралы
0
29830 200 345 261 209