Таң мен түн
Таң мен түн
Қарт қойшы екі немересін ертіп алып әдеттегідей Қостөбенің күнгей жағына таңбозынан қойларын өргізіп кетті. Алагеуімде алыстан қараңдаған нәрселердің не екенін анықтап біліп болмайды. Әйтеуір, алдыларындағы отардың басын бастап кетіп бара жатқан "пысық текелер" қарттың қайда бастап бара жатқанын сезгендей Қостөбеге қарай тартып барады... 
 
Отарды төбенің етегіне тастаған қарттың ендігі ермегі - екі немересі. Екеуіне әртүрлі әңгімелер айтып, ойлары өссін деп жұмбақтар шешкізіп, бойлары өсіп, бұғанасы қатсын деп жүгіртіп, секіртіп сан қырлылыққа баулиды. Бүгінде бір түп жусанның түбіне жантайып жата кетіп, үйден алып шыққан айран мен қазанға піскен нанның бір бөлігін ортаға қойды да екеуіне небір батырлық жырларды айтып, айыздарын қандырды. Қос немересі атасының екі жағына қонжиып алып айран мен нанды соғып отыр. Қарт әрнәрсені сөз қылып отырды да екі немересіне тағы да сұрақ қойды: – Балапандарым, айтыңдаршы таң мен түнді қалай ажыратасыңдар?
 
– Ой, атам-ау, таң мен түнді ажырату қиын болып па?! Отарды өріске айдап келе жатқан кезде ешкі мен қойды анық ажыратқан кезімде таң болғанын білемін,- дейді. Екіншісі де мұнан қалыспайын дегендей: – Мен болсам анау тұрған тобылғы мен бозқарағанды ажырата алмай қалғанымда түннің басқанын білемін,- деді. Сөйтті де, екеуі "ананы мынадан ажырата алмағанда, мынаны анадан ажырата алғанда" деп қартты әбден күлкіге батырды. Осылайша ас-ауқаттарын ішіп, көкжиектен көтеріліп келе жатқан күнге тура қарай алмай маужырай берді. Кенет, немерелері атасының қасына жүгіріп келіп: – Ата сіз айтыңызшы, түн мен күнді қалай ажыратасыз,- деп өтінді. Сонда қарт осы сәтті ұтымды пайдаланып, қос парақтың аппақ бетіне өшпестей етіп өнеге қалдырғысы келді де, басын төмен салып аз-кем ойланып тұрып: – Мен өмір дейтін үлкен көшемен келе жатқан кезімде алдымнан шыққан әрбір әйел баласын "Қарындасым", "Әпкем", "Анам" деп қарап, әрбір кездескен ер кісінің ұлтына, бай немесе кедей екенідігіне қарамастан, оның лауазымы жоғары-төмен деп ажыратып жатпастан  "Бауырым", "Ағам", "Әкем" деп құшақ жая алғанымда таң атып келе жатқанын байқаймын. Сол себепті де қай жерде таң атып келе жатқанын, қай жерге түн түсіп, түнек пайда бола бастағанын осы арқылы білуге болады",- деп ой тастады. Артынша, қос құлынына: – Таң жақсы ма, түн жақсы ма?- деп сауал тастады. Екеуі жарыса: – Әрине, ата таң жақсы. Біздер де жүрген жерімізде сіз айтқандай таң атыруға уәде береміз,- деді. Риза болған қарт кеңкілдеп күліп алды да, екеуіне қалтасының дәмі сіңген құртты бөліп беріп: – Қане, олай болса төмендегі отарды жоғарыға қарай қайтарып келіңдер,- деді. Таң атырамыз деген асыл армандары бар қос құлынның құлдыраңдап жүгіріп бара жатқандарына сүйсіне қарап тұрған қарт: "Ол таңды сендердің атыратындарыңа сенемін, Алла жолдарыңды оңғарсын" деп бет сипады....
 
Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
10 жыл бұрын 4419
4 пікір
  • Сондықтан әрбір таң арайлап атсын, шуақты болсын!
    10 жыл бұрын
  • бұл шығарманың ең ұтып тұрған тұсы айтар ойында емес (ой маңызды, оны жоққа шығармаймын, баланың өресіне сай келе ме, жоқ па, ол жағын да айта алмаймын), шалдың мейірімділігінде жатыр. Нюанс (нәзік қилысы) мынада: атасының немерелеріне деген мейірімділігі оның даналығында жатыр: балаларына бірден жауабын бермей олардың өздері қояр сәтті күтуінде, меніше. Әлде мен қателестін бе, ермек.
    10 жыл бұрын
  • Сіздей қаламгер жандар қаламның бұрлыс-қилыстарын қалт жібермейді ғой, Алла разы болсын!)))
    10 жыл бұрын
  • рахмет
    10 жыл бұрын
Блог туралы
0
29830 200 345 261 209