Шаржада (Қажылық циклды өлеңінiң жалғасы)
Шаржада (Қажылық циклды өлеңінiң жалғасы)

Төрт сағаттай қалықтадық ұшақпенен ауада, 

Намазшамда келіп жеттік Шаржа атты қалаға. 
 
Жарқыраған сансыз шамдар, жылы ауа тамаша,
 «Елімде күз, мұнда жаз» деп қуанамыз балаша.
 
 Топыр-топыр келіп түстік, әуежайы жайлы екен.
 Бірі «асхана», бірі «басқа» деп жүр әркім қайда екен?!
 
Тілдері де бізден бөлек "ағылшынша", "арабша", 
Тіл білмеген қиын екен буылды ауыз «Барақша»' 
 
Қысылғанда кей сәттерде кетті жүзді от қарып, 
Не болса да осы жерде тоғыз сағат тоқтадық. 
 
«Тоғыз» деген тілге жеңіл түп төркінін ашпаса, 
Бұл уақыттың қал-қадірі болды маған басқаша.
 
 Басқа жұртқа сабақ болсын жарамас деп жасырған, 
Баяндайын былай өтті тоғыз сағат басымнан:
 
Бұл ихрамды елден алу сабақ болсын басқаға,
 Мұнда ихрам таусылыпты бұл не деген масқара! 
 
Нағашылар ихраммен мені күтіп тұрғандай, 
Өз-өзімді сөктім енді салақтық еді бұл қандай?!
 
Ихрам келіп қалар-ау деп, дүкенді ала жүз өттім, 
Қойшылардың сақ итіндей таң атқанша күзеттім.
 
Мен аңсаған ақ ихрам ақырында келмеді, 
Құрбан шалып, жаза өтеу – жалғыз үміт мендегі.
 
 Бәрі ихрам орап алған тап-таза боп, ақ болып, 
Арасында жүрмін жалғыз қарға түскен дақ болып. 
 
Жамағаттан жекелену тудырды үлкен ұятты, 
Үйлеспеймін май ішінде бір құмалақ сияқты.
 
 «Жаза өтеу» деп түйдім де, ұшақ жаққа беттедім, 
Бұл ойымды бұзды бір сәт «Бауыр» деген шеттегі үн 
 
Мұсылмандық хақы үшін көрсетпек боп көмегін,
 «Ихрамымды қаққа бөліп тең жартысын беремін...»
 
 Деп бір жігіт «күт» дегендей кіріп кетті ұшаққа, 
Мұндай сахып, саяқ жанды басса болар құшаққа. 
 
Бір қобалжу, бір қуаныш билеп алды ішімді, 
Әлгі жігіт «рида» менен «изар» әкеп ұсынды.
 
 Депті Нәби: «Иман толық, болмас бүтін, бірегей, 
Өзің сүйген жақсылықты бауырыңа тілемей».
 
 Оқығанның ойын тербеп, жарқ еткізер жанарын, 
Көзбен көрдім бұл хадистің тірліктегі амалын. 
 
Үзік-үзік болып кеткен үміттерді жалғап бар, 
Көзім жетті бар екен ғой Сахабадай саңлақтар
 
Ихрамға оранып-ап орныма кеп отырдым, 
Өліп қалды өзектегі өзеуреген өкіл мұң. 
 
Айналайын ихрамым аппағымсың ақ мамық, 
Ал ұшағым бара жатыр Жидда жаққа аттанып.
 
 
Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
9 жыл бұрын 3636
0 пікір
Блог туралы
0
29830 200 345 261 209