Меккеде (Қажылық циклды өлеңiнің жалғасы)
Меккеде (Қажылық циклды өлеңiнің жалғасы)

Мынау аймақ, мына өлке, мына маң, 

Тіпті тастар таудан төмен құлаған. 
Сағынышты сілкілейді еріксіз, 
Тіпті жолдар - шаңы шыққан шұбалаң.
 
 Пайғамбарлар мекені еді бұл алаң, 
Иман көктеп, күпір төмен құлаған. 
Ибраһимдей сүйіктісін Жаратқан 
Осы жерде, осы маңда сынаған. 
 
Осы жерден нұр таратты Бір Адам, 
Осы жерде өсті нағыз «шын» адам. 
Хадишадай анамызбен бұл жерде 
Әз Мұхаммед (с.ғ.с) пәк отбасын құраған.
 
 Қандай бақыт тисе мұнан сыбағаң, 
Сахабалар бұл мекенде жылаған.
 Күнәһарлар жұрттан қуған шақтарда, 
Осы жерді қимай-қимай шұбаған. 
 
Ибраһимнің басқан ізі қалған жер,
 Тауап қыл деп Қағбатулла салған жер. 
Ажардайын анамыз бен Ысмайыл
 Зәм-зәм ішіп шөлдері шын қанған жер. 
 
Пайғамбардың (с.ғ.с.) кіндік қаны тамған жер.
 Уахи алып жүрегі оттай жанған жер. 
Күндей күліп, айдай аппақ нұр шашып,
Қараңғыны талқан қылып жарған жер.
 
 Қорыққанға еді дәйім қорған жер, 
Пендесі аз, періштеге толған жер.
 Ислам нәрін шартарапқа таратқан
 Саңлақтарға (р.а) «оқу орны» болған жер. 
 
Бір барсам деп құмартатын бар адам,
 Кері қайтар туғандай боп жаңадан. 
Міне осы қасиетті Меккеден
 «Ислам» атты бақыт жұртқа тараған.
 
 Шіркін, тауың боп тұрар ма ем қаланып, 
Әлде ағашың болсам ба еді қадалып. 
Әлде Нәби (с.ғ.с.) табанында жатар ма ем
 Бір түйіршік тас боп қана жаралып. 
 
Мәңгі осылай тұтқының боп өтсем бе?!
 Саған деген махаббаттан нәр алып 
Тілмен айтып жеткізе алмас әйтеуір
 Ар жағымда бір ғашықтық бары анық...
 
Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
9 жыл бұрын 3669
0 пікір
Блог туралы
0
29830 200 345 261 209