Сәләфилердің қатерлі қағидасы
Сәләфилердің қатерлі қағидасы

Елімізде сәләфия ағымында  жүрген ағайындардың жетпіс жыл бойы қаһары қатты Кеңес үкіметінің құрсауында езіліп, мұсылманшылығынан айырылып қалудың аз-ақ алдында қалған қабырғалы елімізді, енді ғана тәуелсіздігін алып, өз мәдениетімізбен енді ғана қауышып жатқан шағымызда «намаз оқымайтындар кәпір» деген үкімді ұран етіп, қоғамның ішін алатайдай бүлдіріп бүлік алаңына айналдырып жүргендеріне не себеп деп ойлайсыз? Әрине, бұған себеп көп соның бірі, әрі бірегейі Ислам дініндегі ақида мәселелерін қате түсіну. Бұл мақаламызда олардың неліктен намаз оқымайтындарды кәпір деп айыптауларының себептерін қарастыруға тырысамыз.

Намаз оқымайтындарға «кәпір» деген үкімді шығарудың негізгі ережесі Исламдағы таухид түсінігін үшке бөлуден шығады. Қалай дейсіз ғой? Ол былай:

Сәләфия ағымының өкілдері бұл түсінікті өздерінің ақидадағы ұстаздары болып саналатын Ибн Тәймиядан алады. Ол кісі ең алғаш рет таухидты үшке бөлу мәселесін көтерген болатын. Олардың түсініктері бойынша таухид үшке бөлінеді. Бірінші, Таухид әр-Рубубия. Ол кісінің айтуынша таухидтың бұл түрі мұсылмандармен бірге мүшіріктердің де сенімдерінде бар. Яғни, Алла Тағаланың жер-мен көктің Жаратушысы екендігіне, аспан мен жердің арасындағы мақұлықтарды басқарып, Өзінің әмірін жүргізіп тұрғандығына  мүшірік те, мұсылман да сенеді. Сондықтан, таухидтың бұл түрінде мұсылман мен мүшіріктің ешқандай айырмасы жоқ. Бұған дәлел ретінде Құраннан мына аяттарды келтіреді: «Олардан: «Күллі аспан әлемі  мен жерді кім жаратты?»,-деп сұрасаң, олар, әлбетте: «Алла»,-деп айтады...»[1]. «Сондай-ақ, оларға «Жеті қабат аспанның Раббысы кім? Ұлы Аршының Раббысы кім?»,-деп айт. Әлбетте, олар: «Бәрі де Аллаға тиесілі»,- дейді...»[2]  Міне, бұл сенімді ибн Тәймия «таухидур рубубия», яғни, Алла Тағаланың бүкіл әлемді басқаруына ешкімнің араласа алмайтындығына бүкіл мақұлықтардың мұсылман, кәпір деп бөлінбестен иман келтіріп, сенуі дейді. Сондай-ақ, ибн Тәймия өзінің бір сөзінде «Рубубия таухиды күпірлікті кетірмейді, әрі, (иман келтірді деп айтуға) жеткіліксіз»[3] деген. Таухидты бұлай бөлуді құптап ала жөнелген Ибн Абдул Уаһһаб та бұл мәселе жөнінде біраз әңгімелеп келіп: «...Байқағаныңдай, мүшіріктердің рубубия таухидын мойындағандықтары оларды Исламға кіргізген жоқ...»[4] дейді.  Демек, олардың түсінігінше Алланы Раббымыз деп тану адамды толықтай иманды жан деп есептеуге жектіліксіз екен.

Екіншісі, Таухид әл-Улуһия. Бұл сенім тек Құдайға ғана құлшылық жасауда көрініс табатын сенім деседі. Оларша таухидтің осы бір түрін мойындаған адам ғана нағыз мұсылман болады. Яғни, кімде-кім намаз оқымай жүрген болса, оның таухиды толық емес. Мұсылман емес. Ол өзінің бір сөзінде «... Құдай дегеніміз құлшылық жасалуға лайықты бір зат. Ал, таухид – тек жалғыз Жаратушыға ғана құлшылық қылу»[5]деген.

Үшіншісі, Таухидул әсмәи уәс сыйфәти. Бұл деген Алла Тағала білдірген көркем есімдері мен сипаттарына сену. Ибн Тәймия өзінің «Мәнһәжус суннә» атты еңбегінде Әшғарилар мен басқа да кәләм ғалымдары жайлы және жаппай мұсылмандар жайлы былай дейді: «Олар, таухидтен улуһия таухиды мен Алла Тағаланың көркем есімдері мен сипаттарына деген таухидты шығарып тастапты. Сондай-ақ, олар  таухид деген кезде тек қана рубубия таухидын білген екен. Ал, рубубия таухиды дегеніміз – Алла Тағаланың бүкіл әлемнің Жаратушысы, әрі, басқарушысы екендігіне сену. Ал, таухидтың бұл түрі мүшіріктерде де бар...»[6].  Яғни, әлемнің Жаратушысы Алла, өлтіріп тірілтетін Алла, ризықты беріп, оны кемітетін Алла деп мойындаған кісі намазын оқымай жүрсе, оның мүшіріктен ешқандай айырмасы жоқ. Демек, Қазақ жеріндегі өздерін мұсылманбыз деп жүрген жұрттың көпшілігі олардың түсінігінше мүшірікпен бірдей. Осылайша таухид сенімін үшке бөліп қараған кезде намаз оқымай жүрген мұсылман мен мүшіріктің ешбір парқы қалмайды.  Себебі, улуһия таухиды болмайынша олар ешбір адамды мұсылман деп есептемейді. Сондықтан, намаз оқымайтындар кәпір, олай болса, кәпірлердің дүние-мүлкі, әйел, бала-шағасы, қандары мен жандары адал, қалағаныңды істей бер. Міне, осындай түсінікті санасына сіңіріп, әбден әккі етіп алған соң, ол адамды отқа да, суға да салсаң ешнәрседен тайынбайтын, өздерінің түсінігінше «кәпір қоғамға» өкпелі жандар көптеп шығады. Себебі түсінікті – улуиһия таухиды жоқтар кәпір, ал, олармен күресіп, жер бетінен жоқ қылу – басты ұстаным. Өкішке орай, ел арасында осындай түсінікті ашық түрде, жасырын түрде қазақтың қара домалақтары мен қаракөздерінің санасына тықпалап жүргендер жыртылып-айырылады. Ашық насихаттаушыларды іңірде қотанға түсіп отарды ойрандап кеткен аш арланға, жасырын насихаттаушыларды жылқының алдында жылпостана ит құсап көрініп, орайы келгенде тамақтан тартып омақастырып кетуге әрекет жасап жүрген көкжалға ұқсатам. Бірақ, әрбір мұсылман баласы білуге тиіс бір нәре – олардың таухидті бұлай бөліп қарап, адамдарды алалауы мүлде қате, Исламда жоқ түсінік. Пайғамбарымыз (саллалаһу алейһи уә сәлләм) бен сахабалар және олардан кейінгі көпшілік Ислам ғұламалары таухидты бұлай үшке бөлмеген. Ендеше келіңіз, олардың бұл қате пікірлерін Құран мен сүннеттің аясында талқылап, дұрыс сенімнің не екеніне ғылыми тұрғыда көз салып көрейік.

 

Таухидті «рубубия таухиды», «улухия таухиды», «әсмәус сыйфат таухиды» деп бөлу Ибн Тәймияға дейін болмаған. Ал, Ибн Тәймия деген кісі хижри жыл санауы бойынша жетінші ғасырда өмір сүрген. Демек, алты ғасыр бойы таухидтің бұлай үшке бөлінуі жайлы ешбір мұсылман баласы жақ ашпаған. Ендеше, бұл түсінік кейіннен пайда болған бидғаттың нақ өзі екендігі анық. Олай болса бұл түсініктің қателігіне ең әуелі Құраннан дәлелдер келтірейік:

 

1)    Сәләфилердің айтуынша мүшріктер Алла Тағаланың Рабб екенін мойындапты-мыс. Бірақ, «Иләәһ» деп мойындамапты, сол себепті имандары толық емес екен. Алайда, Құран Кәрімдегі мына аят олардың бұл түсініктеріне қарсы бұлтартпас дәлел бола алады, яғни, бұл аят мүшіріктердің басқа нәрселерді Рабб деп мойындайтындықтарынан хабар береді: «Сондай-ақ, ол сендерге «Періштелер мен пайғамбарларды Рабб (әртүрлі тәңірлер) етіп алыңдар»,-деп те бұйырмайды...»[7]. Бұл аят мүшіріктердің сеніміндегі Рабб деген түсініктің жалғыз емес, бірнеше екендігін көрсетеді.

2)    Сондай-ақ, мына бір аяттан да мүшіріктердің Алла Тағаладан басқа нәрселерді Рабб деп қабылдайтындықтарын байқаймыз: «Уаллаһи, Алланың атымен ант етейік! Біз расында да, анық адасып келген екенбіз. Өйткені, біз сендерді әлемдердің Раббысымен(әлемдердің Раббысына тең) көретінбіз».[8] Жоғарыда байқағанымыздай ибн Абдул Уаһһаб адам баласының иман келтіріп, мұсылман деп саналуы үшін Алла Тағаланың Раббылық сипатына сену жеткіліксіз дейді, алайда, Құран Кәрімде Алла Тағала олай деп тұрған жоқ.

 

3)    Барлық адамзат атаулыдан рухтар әлемінде уәде алған кезде «...Мен сендердің Раббыларың емесін бе?»,-дегенде, барлығы бірауыздан: «Әлбетте, біз бұған куәлік етеміз!»-деп жауап берді», яғни, мұсылманы бар, мүшірігі бар барлығы дерлік Алла Тағаланың Рабб екендігіне иланғандықтарын, әрі бұл сенімнің, яғни, Алла Тағаланы Рабб деп мойындаудың иман келтіру үшін жеткілікті екендігін байқаймыз. Алла Тағала бұл уәдеде «Мен сендердің Иләһтарың емеспін бе?» деген жоқ, керісінше «Мен сендердің Раббыларың емеспін бе?» деу арқылы бұл уәденің хақ, әрі адамның иман келтіруі үшін жеткілікті екендігін білдіреді. Ендеше, өздерін «ақиқаттың жаршыларымыз» деп ашық түрде, жасырын түрде жар салып жүрген сәләфилердің сенімдерінің қаншалықты қате екендіктерін түсінетін кез келді ғой деп ойлаймын. Аяттың жалғасында Алла Тағала: «Біз мұны қиямет күні: «Расында, біз бұдан бейхабар едік»,- деп сылтау айтпауларың үшін істедік»,- дейді. Олай болса, Уа, сәләфилікті ұстанып, өтірік-шынды ұран салып жүрген ағайын! Ертең Алланың алдына барғанда «Біз мұны естімедік қой» деп жүрмеулерің үшін осы аяттарға тағы да бір анықтап көз салып, ой жүгіртулеріңді сұраймыз.  

 

4)    Сәләфилердің қате түсініктеріне тағы бір дәлел келтірейік: Алла Тағала Құран кәрімдегі мына аятта оларды, яғни, мүшіріктерді былай деп сипаттайды: «Ол азғындар (Аллаға толық иман етіп, пайғамбарға бойұсынуға қатысты) Аллаға берге уәделерінде тұрмай серттерін бұзады...» дейді. Аятта айтылып тұрған «уәде» қандай уәде?! Қай кезде берілген серт?! Рухтар әлемінде бүкіл адамзат атаулының Раббысының алдында тұрып «Мен сендерді ұлы Раббыларың емеспін бе?!» дегенінде, «Әлбетте!» деп жауап берген кездеріндегі серт, сол кезде берген уәделері емес пе?!

 

5)    Өздерінің қате түсініктерін ашық-жасырын тықпалағысы келіп жүрген ағайындарға тағы бір дәлел: Қасиетті Құран Кәрімдегі Юсуф сүресінің отыз тоғызыншы аятында Юсуф пайғамбардың зынданда қасында жазасын бірге өтеп жатқан кісілерге айтқан сөзі мындай аятта келтіріледі: «Уа, менің түрмелес жолдастарым! (Өздерің айтыңдаршы! Жаратуды һәм жаратылыс атаулыны басқаруды әр алуан құдайлардың ісі деп біліп) әртүрлі Раббтарға (яғни, құдайларға) табынған жақсы ма, жоқ, әлде күллі болмысты уысында ұстаған құдіреті мен қаһары күшті жалғыз Аллаға табынған жақсы ма?» дегеннен кейін сөзін ары қарай сабақтап: «Сендердің Алладан өзгеге табынып жүргендерің өздерің әрі ата-бабаларың ойдан шығарған атаулар (яғни, құр аты бар меңіреу пұттар) ғана» дейді, осы аяттан да олардың Раббымыз деп табынғандарының әртүрлі құдайлар екендігіне куә болумен қатар, мүшіріктердің Алладан басқаларды Раббымыз деп қабылдағандықтарын түсінеміз.

 

6)    Сәләфилердің айтуынша мүшіріктер Алла Тағаланы «Рабб» деп сенім білдіріпті-мыс. Алайда, Назиғат сүресінде перғауынның «Мен сендердің ұлы Раббыларыңмын» деген сөзі келтірілген. Яғни, ол Өзін Құдай санап, өзінен басқа Құдайдың жоқ екендігін білдіргісі келіп тұрғандығын түсінеміз. Өз заманының ең залым патшасы болған, әрі кәпір болып дүниеден өткен перғауынның бұл сөзі мүшіріктердің, кәпірлердің «Рабб» деп Алла Тағаладан басқаларға сенім білдіргендіктерін байқатса керек. Егер Құран Кәрімді жіті қадағалап оқып шықсаңыз, осыған ұқсас аяттарды көптеп табуға болады.

 

Енді өздерін ардақты пайғамбарымыздың сүннетін ұстанушылар етіп көрсететін, әрі қоғамға өлердей өкпелі, жүріс-тұрыстары мен іс-әрекеттері тәкәпарлықпен танылған, мұсылманмын деп жүрген әркімді өз саналарының жеткен жеріне дейін сынап-мінеп мін іздеп отыратын ашық, әрі жасырын сәләфилерге пайғамбарымыздың сүннетінен дәлелдер ұсынайық: 

1)          Пайғамбарымыз (саллалаһу алейһи уә сәлләм) Исламды қабылдаған ешбір адамға «таухидтың мынандай түрлері бар» немесе «улуһия таухидына сенім білдірмейінше мұсылман бола алмайсың»  деп ешқашан айтпаған. Хижри жыл санауы бойынша алғашқы үш ғасырда өмір сүрген, әрі, адамзаттың ең жақсылары деп саналған сәләф мұсылмандарынан да таухидті үшке бөліп қарауға байланысты ешбір дерек келмеген. Тіпті, солардың соңына ерген кейінгі ғасырдағы ғалымдардың ешбірі мұндай таухидтің түрі бар екенін айтпаған. Ал, жетінші ғасырға жеткен кезде ғана басы қылтиып шыға бастаған бұл пікірдің соңынан ерушілер ғана әһли сүннеттің жолын ұстанушылар дейтін болсақ, алғашқы алты ғасырдағы мұсылмандар әһли сүннеттің жолын ұстанбаған ба?! Әрине, олай емес. Бұл мәселенің неліктен жетінші ғасырда, қандай мақсатта пайда болғандығы болашақта зерттеліп, ақ-қарасы ажыратыла жатар, ал, біз бұл түсініктің дұрыс емес екендігіне әрі қарай зер салайық.

2)          Әһли сүннеттің түсінігі бойынша Алла Тағалаға қатысты айтылатын «Рабб» сөзі мен «Иләәһ» сөзі жеке-жеке мағына беретін сөздер емес, әрі бөлек-бөлек сенілетін нәрсе емес. Аллаһ деген – Раббымыз, Раббымыз – Иләһіміз, яғни, Құдайымыз. Құран мен сүннет бойынша, Ислам ғұламаларының түсінігі бойынша «Рабб» сөзі мен «Иләһ» сөзінің ешқандай айырмасы жоқ, бірінің орнына бірі қолданыла береді. Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде пенденің қабіріне сұрақ қоюға келген қос періштенің ең алғаш қояр сұрағы «Раббың кім?» деген сұрақ болады деп айтпап па еді?! «Иләһің кім?» деген сұрақ қойылған жоқ. Ендеше, «Раббың кім?» деген сұрақ қабірдегі пенденің иман келтіріп, не келтірмегенінің көрсеткіші болып тұрса, олар қалайша «Алланы Рабб деп мойындау иманның көрсеткіші болмайды» дейді?! Байқағанымыздай, бұл жерде «Иләһің кім?» деп тұрған жоқ. Демек, «Рабб» сөзі мен «Иләһ» сөзінің қолданылу аясы бір, бірінің орнына бірі қолданыла береді. «Рабб» деген кезде астарында «Иләәһ» сөзі де үн қатып тұрса, «Иләәһ» деген кезде ар жағында «Рабб» сөзінің жатқандығын ұғамыз. 

3)          Әйгілі мұхаддис Хакимнің «Мустадрак» атты хадис жинағында мынадай хадис келтіріледі: «Қадисия шайқасы жүріп жатқан күндердің бірі еді...Бір отқа табынушы мәжуси келді де Муғира ибн Шуғбаға былай деді: «Уа, араб қауымы сендерді бізге қарай бастап келген не нәрсе екенін біліп алдым. Сендер өз елдеріңнен қарындарыңды тойдыратындай тамақ таба алмаған қауым екенсіңдер. Қанекей, алыңдар ендеше, қарындарың тойғанынша сендерге тамақ берейік...» деген кезде Муғира тұрып былай дейді: «Алланың атымен ант етейін, сендерге сол үшін келгеніміз жоқ. Алайда, біздер тастар мен небір қашалған мүсіндерге табынатын қауым едік. Егер өзіміз табынып жүргеннен әдемірек бір тасты көрсек, қолымыздағы тасты лақтырып жіеріп, әлгі ұнатқан тасымызды алып алатынбыз. Бізге Алла Тағала өз арамыздан елші шығарып, бізді тура жолға салмағанда, Раббымыз турасында ешнәрсе білмейтін, Раббымыздың кім екенінен мақұрым бір қауым едік. Бізді Исламға шақырды да біз оның соңынан бір елі ажырамай ердік»[9].  Осы хадистен мүшіріктердің сенімінде Рабб  деген түсінік жалғыз болмаған, керісінше тастар мен әртүрлі мүсіндерді Раббымыз деп қабылдағандықтарын байқаймыз.

4)          Әйгілі хадис жинақтарның ішіндегі ең дұрыс, ең сенімді деп танылған Бұхари мен Муслимнің хадистер жинағында ақыретте Алла Тағаланың мүміндерге көрінуі жайлы мынадай бір хадис келтірілген: «Мұсылмандардан басқа адамдардың барлығы да дүниеде құлшылық қылған нәрселернің артынан арсалаңдап еріп кетеді. Мүміндер орындарында күтіп тұра береді. Сол кезде оларға Раббылары мүміндер дүниеде таныған сипатынан басқа бір сипатта көрінген кезде барлығының естері шығып бір ауыздан: «Сенен Аллаға сыйынамыз» деп шу ете қалады. Сол сәтте бұл дүниеде танығандай сипаттарымен көрінген кезде қуанғандықтан «Сен біздің шынайы РАББЫМЫЗСЫҢ!» деп айқайлап қоя береді»[10]. Бұл хадис мүшіріктердің Рабб мәселесінде ширк жасағандықтарын көрсетеді. Олардан кім Раббысын шынайы түрде танитындығын сынау үшін Алла Тағала басқа сипатта көрінді. Ал, мұсылмандардың Раббыларын танулары – Оған ешнәрсені серік етпей, Оның ешқандай ұқсасы жоқ екендігін түсінулері.

Байқасаңыз уаһабистердің түсініктері Исламның негізгі классикалық сеніміне сай емес. Алайда, олар бұл түсініктері арқылы Қазақ қоғамының арасына небір бүліктер салып, өздері кәпір деп санаған жазықсыз халықты жаппай құрдымға сүйреп барады. Бұл түсінікті жасырын насихаттайтындар да қоғамда бой көтеруде. Оларды уаһабизмнің бірінші сыныбына қабылдап, кейін қанаты қатайған кезде қолына қару ұстатып, «жиһатшы» жасап жіберетін мектеп өкілдері деп есептеймін. Қазақ жерінде белсенді түрде жұмыс жасап жатқан мұндай топтардың тірсегін қиятын кез келді ғой деп ойлаймын. Бұлар өздерін Ханафи мәзһабының өкілдері ретінде көрсетіп, ақидадағы осындай қате түсінікті жаюмен айналысып жатқандығы белгілі. Бұлардың арасында мешітте, медреседе тіпті, үлкен университеттерде сабақ беріп жүрген адамдар да жок емес-ау. Ендеше, омақасып қалмай тұрғанда «Оян, Қазақ!».

 

 



[1] Лұқман сүресі, 25-аят

[2] Муминун сүресі, 86, 87-аяттар

[3] Ибн Тәймия «Рисәлә әһлу суффа» 34-бет

[4] Ибн Абдул Уәһһәб «Кәшфуш Шубуһәт» 3, 4-беттер

[5] Ибн Тәймия «әт Тәдмирия» 106-бет

[6] Ибн Тәймия «Мәнһәжус суннә» 2-бет

[7] Әли Имран сүресі, 85-аят

[8] Шұғара сүресі, 97,98-беттер

[9] Хаким «Мустадрак» 3\510-бет , № 5901-хадис

[10] Бұхари, 6\2704; Муслим, 1\163-165

Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
7 жыл бұрын 6386
2 пікір
  • Кейбір таныстарым акида такырыбын ауыр болғаны үшін окымаймын дейді. Ал мына жазба тақырыптың ауқымдылығына қарамастан кез-келген адамға түсінікті етіп жазылған. Өз басым бұл жазбаны дінге қызығып журген достарымнан бастап академиялық билими бар кисилерге дейін бөлістім. Алла разы болсын!
    7 жыл бұрын
Блог туралы
0
29830 200 345 261 209