Қыздың монологы
Қыздың монологы
Өмірге келген әрбір адамның татар азабы мен құшар мұңы бар. Ес біліп, етек қымтағаннан бастап қыздың мұңы басталса, арқырап-күркіреп ат жалын тартып мінгеннен бастап еркектің "жыры" көріне бастайды. Қайдан? Не үшін? Қайда? - деген сұрақтарға тұщымды жауап таппай, сүрініп алып бүлініп жүрген тағдыр иелері. Әркімді әртүрлі сұрақтар мазалап, мағынасы қашқан мына жалғанда маза таптырмауда. Ақырында жауап таппай сарсаң болған бейбақтар ойлануды мүлде доғарған. Ал, асылында адам баласы ой перзенті, ақыл иесі. Кез-келген сұрақтың өзіне сай жауабы болады. Тек соны ерінбей іздеп тапса болғаны... 
 
...Уақыт зымырап өтіп жатыр. Тоқтау жоқ. Алла қаласа екінші оқуымды да қызыл дипломмен бітіремін. Одан соң... Одан соң... Жоқ, осы оқуымның жемісін әке-шешеме көрсетуім керек. Осыншама жыл үміттерін үкілеп отырып мені оқытты, енді тым болмаса екі-үш жылдай көз алдыларында жүріп жақсылық жасау менің міндетім.  Бірақ, тұрмыс құру, отбасы болып аяулы ана, асыл жар болу да ойымнан кетер емес. Әлде...уф, басым қатты. Осындайда ненің дұрыс, ненің бұрыс екеніне көз жеткізіп, көңіліңді сендіру қиынның қиыны ғой. Шарасыз қалған қандай жаман еді. «Қыздың жолы жіңішке» деп атам қазақ осындайды біліп айтқан шығар. Тез шешім қабылдап, сол ойдың үстінде тұрақты болу әрбір қыз балаға бұйыра бермейтін асыл мінездердің бірі-ау шамасы. Маған отбасы болуға ұсыныс жасап жүрген азамат жаман емес секілді. Бірақ, тұрмысқа шыққан соң жұмыс істемей үйде отырып, бала тәрбиелейсің дейді. Қызық... Сонда мен жеті жыл оқуды үйде бала бағып, бақан асынып жүру үшін оқыдым ба?! Әке-шешем көнгеніменен туған-туыстарым не дейді? «Сонша оқытқан қыздарының түрі мынау болса, баламыз оқымай-ақ, қойсын» деген қаңқу сөздеріне мен шыдағанмен ана жүрек қарс айрылып, әкенің еңсесі езілмей ме? Достарым ше? «Арамызда алдына жан салмай оқығанына қарап ғалым болып ғарышқа ұшады деп жүрсек, балабақшаның басқарушысы болып қалған екен ғой» десе қандай күйде болар едім десеңізші. Дегенмен, енді осындай иманжүзді, қамқор азамат кездесе ме? «Шариғатқа сай жағдай жасап, табысты да таршылық көрмейтіндей тауып, қамқорлық жасаймын» деп отыр. Қандай шешім жасасам екен? Айналаңдағы адамдар қалай әрекет жасасаң да сөйлемей қалмайды ғой әйтеуір. Бұл жерде «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» ақылмен шешкен жөн болар. Кеше дінді менен гөрі жақсырақ ұстанатын құрбыммен ақылдасқанымда: «Екі ұшты ойдың қайсысына бұрыларыңды білмей басың қатқан кезде екі бас намаз оқып, мына дұғаны оқысаң, Алла тағала дүниең мен ақыретіңе хайырлы болған нәрсеге қарай себептер жаратып, бағытыңды бұрады»  деп, «истихара» деген дұғаны жазып беріп кеткен еді. Ендеше, жәрдемді Алладан тілейін....
 
...Жеті күн жалықпай жасаған дұғамның нәтижесі болар бәлкім жүрегім осы бір ойға желкен ашып, жаным осы бір қиялдың қанатына қонып алғандай. Не болса да осы шешімді дұрыс деп таптым. Осы уақытқа дейін алған білмімді көзі ашық, көкірегі ояу, елім деп еңірегенде етегі толатын ұрпақ өсіру үшін алдым деп есептеймін. Жұрттың жүгін арқалайтын азамат өсіргенім әлдеқайда пайдалы емес пе?! Алты алашқа аты мәлім Абай бабамыз да анасы Ұлжанның ұлағатты сөздері арқылы негізін қалап, әжесі Зеренің зерделі сөздері зерек болуына ықпал жасамап па еді? Сондықтан, ендігі мақсатым – ибалы келін, асыл жар, аяулы ана болумен бірге жарымның жағдайын жасап, хадисте айтылғандай сұлу жәннаттың сегіз есігінің бірінен таңдап кіру. Себебі, біздер ана болу үшін жаралдық! Мойнымызда Алланың асыл дінін шартарапқа тарататын, бұлттан биік, ұлттан төмен асыл ұрпақ жетілдіру! Ендеше, Раббым жолымды оңға бастай гөр!
Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
9 жыл бұрын 15026
5 пікір
Блог туралы
0
29830 200 345 261 209