Неліктен Әндәлус?
Неліктен Әндәлус?

«Мұсылмандар әлемдік ашылулар барысында неліктен Әндалус жарты аралын таңдады? Не үшін оңтүстікке қарай емес, солтүстікке қарай бет алып, Ислам шуағының осы елдерде жарқырауын қалады? Неге дәл осы уақытты яғни, миләди жыл санауы бойынша 711-ші жыл мен хижри жыл санауы бойынша 92-ші жылы Әндалус жеріне кіруге шешім қабылдады. Оның орнына Африканың шалғай жерлерінде жатқан елдерге барса болмас па еді?» - деген сұрақ Ислам тарихын тәпіштей оқыған әркімнің көкейінде қылаң берері анық.

Әндәлуске аттанатын жыл жылыстап жеткенге дейін мұсылмандар солтүстік Африкада жатқан елдердің барлығына Ислам туын тігіп үлгерген болатын. Мәселен, Мысырға, Ливияға, Туниске, Жазаирға, Мароккоға Ислам шуағын апарып, одан әрі Атлас мұхиты мен Марокконың арғы-бергі шегарасынан бір-ақ шыққан еді. Сондықтан мұсылмандарға алдыларында жатқан екі бағыттың бірін  таңдауларына тура келді. Солтүстікке қарай аттанып, Тариқ таулы шатқалдарын кесіп өтіп, Испания және Португалия елді мекендеріне кіру, (біз сөз етіп отырған Әндалус еліне) немесе тұрғындары аз жер көлемі өте үлкен оңтүстік сахараға қарай бет алу. Алайда мұсылмандардың дерті ұшы-қиыры жоқ жерге иелік етіп, асып-тасыған, шіріп-сасыған қазыналардың кілтін қолға ұстап, шалқып өмір сүру емес, осыншама жорықтар мен жер-әлемді кезіп табаннан тозудың ең негізгі мақсаты – ұлты мен нәсіліне, әлеуметтік жағдайы мен дақпырт-даңқына қарамастан бүкіл адамзат баласына Алланың Хақ дінін жеткізу. Хижри жыл санауы бойынша 80-ші жылдары Солтүстік Африка елдеріндегі мұсылманшылықтың іргесі нығайып, дін істері едәуір жүйеленіп қалған болатын. Ендеше мұсылмандардың Әндалусқа қарай бет алуы «Алланың дінін күннің туып, батқан әрбір жеріне жеткіземіз» деп мойнына асыл мұрат жүктеген әрбір мұсылман үшін табиғи әрекет еді. Бұл тәсіл Исламды жер жүзіне тарату жолында үнемі жасап отырған мұсылмандардың бұлжымас тактикасы, байырғы бағыт-бағдары. Олардың көксегені сән-салтанатта өмір сүріп, бес күндік жалғанды қызық қуып өткізу емес, жан біткеннің көңіліне Ислам дәнегін егіп, жан-дүниелерін жәннатқа айналдыру. Сахаба Рибғи ибн Амар (р.а) мен Парсы қолбасшысы Рүстемнің арасында болған мына бір оқиға бұл пікірімізді нақтылай түседі:

Қадисия оқиғасының алдында Рим империясына елші болып келген Рибғи ибн Амирдан император Рүстем «Не үшін келдің?» - деп сұрайды. Сонда саңлақ сахаба саспастан:

­­­­–Алла Тағала біздерді себеп етіп, Өзі қалаған құлдарының ішінен тек Өзіне құлшылық қылатын құлдардың шығуы үшін үшін жіберді. Сондай-ақ, қу дүниенің таршылығынан кеңшілікке қарай, бұрмаланған діндердің жауыздығынан, Исламның әділдігіне шақыру үшін, біздерге дінін үйретіп, «осыны басқа құлдарыма жеткізіңдер» деген әміріменен біздерді елші етіп аттандырды. Егер кімде-кім мұны қабыл етсе, оның келтірген куәлігіне иланып, ешбір мал-мүлкіне, ар-намысы мен шыбын жанына қылдай қиянат етпестен кері қайтамыз. Ал, кімде-кім ерегесіп қарсы шығатын болса, Алланың дәргейіне барғанша ол адамдармен жан аямай шайқасамыз»,-деп жауап қатты. Сонда Рүстем:

– «Алланың дәргейі деп тұрғаның не нәрсе? Түсіне алмадым...»- дегенде саңлақ сахаба:

– «Алланың дәргейі деген – Ислам нұрын жан біткенің көңілінде жарқырап жануына іштері күйіп, руханиятқа шөліркеген жандардың рухани тамырларына абылхаяттан нәр тамып кетпесін деп, қараңғылықты қалаған көңілі соқырлармен шайқасу барысында Ислам туын арқалап жүріп көз жұмған көңіл қаһармандары үшін – Жәннәт, ал, руханият шайқасында көздерінде жас алып, көңілдеріне үміт орнаған осы қаһармандардан тірі қалғандары үшін – Жеңіс»,- деп жауап қатты.[1] Бұл оқиға мұсылмандардың Африканың ұшы-қиыры жоқ жерлеріне қызыл көрген құмайдай шүйілмей, Әндәлус жеріндегі жұмыр басты пенделердің Алланың дәргейіне жарқын жүзбен баруларына себеп болуды көздеулері пайғамбарымыздың (саллалаһу алейһи уә сәлләм) мектебінен тәлім алған адамдардың табиғи әрекеттері екендігін көрсетеді. Қазіргі таңда да ағартушылық жолымен айналысып жүрген жандардың, қызылды-жасылды дүниенің қызығына беріліп кетпей, алған білімдері мен Алла берген мүмкіндіктерін барынша пайдалана отырып, ел ішінде өмір сүре тұра Ислам шуағынан мақұрым күн кешіп жатқан әрбір шаңырақтың түндігін шалқасынан ашып: «Ислам деген шексіз нығыметтен құр қалмаңдар!» деп айтуы нағыз жиһат, шынайы ерлік саналмақ. Болмаса, мың күнгілік еңбектерді мың теңгелік арзанқол нәрселерге айырбастап кете баратын қоғамның ортасында жүріп, «Қалтамның қалыңдығы үшін» деп емес, «Халқымның иман-ахуалының амандығы үшін» деп өмір сүру әр кісінің емес, ер кісінің ғана қолынан келетін сипат екендігін көрсетеді. Әндәлусқа аттанған мұсылмандардың да көкіректерінің көксегені Алланың атының ардақталуы болғандықтан, осы жолды таңдаған болатын.

 



[1] Табари: «Тарихул Умам Уәл Мулук» 2\401; Ибнул Әсир «Кәмил фит Тәрих» 2\311

сахабалар, Ермек Есқожа, Әндәлус, Хасби құлдар, Ағартушылар
Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
8 жыл бұрын 3366
0 пікір
Блог туралы
0
29830 200 345 261 209