Бір шумақ (Шәкәрім шархы)
Бір шумақ (Шәкәрім шархы)

Бақ қайда қиынсыз,

Бос тілек сыйымсыз.

Қазақ та қажытты

Күнім жоқ жиынсыз...

 

Бақ қайда қиынсыз. Жердегі жұмыр басты пенделердің барлығы да бір бақытты, бір шаттықты, әйтеуір күндердің күні келіп жететін қуанышты сәтті үміт етіп күн кешіп жатқандығы жасырын емес. Жақсылықтан үміттену, болашаққа жоспарлы түрде жол тарту Құдай Тағаланың әмірі. Үлкен жетістіктерге қол жеткізудің ар жағында тонналап төгілген терлер мен миды жегідей жеген еңбек жатыр. Дүниелік бақыт деп саналған нәрселерге қол жеткізудің өзі адам баласынан қажымас қайрат пен талмас қанатты талап етері анық. Хаким жеткізген хадисте пайғамбарымыз (саллалаһу алейһи уә сәлләм) былай деген: «Төрт нәрсе адам баласының бақыттылғының нышаны: Салихалы әйел, кең үй, жақсы көрші, жайлы көлік...». Бұл аталғандар бұл дүниедегі пенденің бақыттылығының бір белгісі. Бұларға қол жеткізу де жігер мен қайратты қажет етеді. Ал, мұсылман кісі дүниеден гөрі ақыреттің бақытын бірінші орынға қойған адам. Ақыреттік бақытқа шынайы иман, таза жүрекпен ғана қол жеткізу мүмкін. Жан-жақты бүлік қаптап, бір-бірін жеу үшін жасалған жоспарлардың ешқайсысына мойын бұрмай «Нендей нәрсемен қызықтырсаңдар қызықтырыңдар, бірақ, мен үшін Құранның айтқаны – заң, пайғамбардың дегені – дұрыс, бізден бұрын дүниеден өткен салиқалы адамдардың өмірі – өлшем» деп тура жолымен мақсатына қарай беттей береді. Бірқалыптылықтан айнымай, ақ жүректіліктен бет бұрмай, «Адамзаттың бәрін бауырым деп сүюден» жалықпай күн кешу – нағыз жиһат. «(Уа, Мұхаммед!): Ендеше, өзіңе бұйырылған-дай тура бол (қандай мәселеде болмасын өзіңе қалай әрекет ету бұйырылса, дәл солай әрекет ет), сондай-ақ Аллаға бет бұрып, тәубеге келіп, саған қосылғандар да турашыл болсын. Тура жолдан ауытқып, шектен шықпаңдар. Шүбәсіз, Ол не істеп, не қойып, жүргендеріңді көруде» деген аяттың пайғамбарымыз үшін ең ауыр бұйрықтардың бірі болғандығы айтылады. Яғни, ақырет деп тікенді жолдарға шыққан адамның, сол жолынан айнымай күн кешуі қарапайым әрекет емес, қиындықтар арқылы бақытқа қарай қадам басу болып саналады. Тура жолдан айнымай өмір сүру үшін де Алла Тағаланың жәрдемі мен жеңілдігіне мұқтажбыз. «Саған ғана құлшылық қыламыз» дегеннен кейін «Сенен ғана жәрдем сұраймыз» деуіміздің мәні де осы. Себебі, Құдай разы болатындай құлшықты атқару үшін Жаратушымыздың жәрдеміне жүгінеміз. «Жәрдем берші» деп жата-жабыса дұға тілейміз, намаз, ораза, зекет, қажылық сынды құлшылықтарымызды атқарғаннан кейін «Біздерді шынайы бақытқа жеткізші, құлшылығымызды қабыл алшы» деп тілек тілейміз. Себебі, шынайы бақытқа қол жеткізу, шынайы тілек, көңілден келген шынайы қалауға байланған. Болмаса «Бос тілек сыйымсыз». «Ниетім бар», «жүрегім таза», «ешкімге жамандығым жоқ», «басқалаға тілейтінім тек жақсылық» десек те, мұндай бос тілектер ақылға да, арға да сыйымсыз. «Алма піс, аузыма түс» деп басқа қонар бақты іздемей, жатып алып күтуді Шәкәрім «Бос тілек сыймсыз» деген.

«Қазақ та қажытты, Күнім жоқ жиынсыз». Ешкім өз елінен, өзін асырап баққан ата-жұртынан қажымайды, ел-жұртының қисық әрекеттері мен құп көрілмейтін қылықтарынан қажиды. Бей берекет жиындар, ағыл-тегіл ысыраптар да, ой қуған, адамдық негізін, адамның мақсатын тануға ұмтылыс жасаған жанды қажытатыны анық. Ғапылдықпен күнін өткізіп, серілік құрып, салт жүріп, бергенді мақтап, бермегенді даттап күнін өткізіп жүрген халқының ертеңіне алаңдаудан қажыса керек.

Халық – аңғал батыр. Бойында күш-қуаты бар, бірақ, тез сенгіш, досы кім, дұшпаны кім ажырата алмайды. Алаяқтар алдап соғып, аңғал батырдың күшін пайдаланып жататындықтары да сондықтан. Ел арасынан шыққан серкелердің ерте өмірден өтулеріне де осы факторлар әсер еткені даусыз. Басы Нұх пайғамбардан басталған пайғамбарлар шежіресіне үңілсек, барлығы да теперіштің төресін халқынан көргенін байқаймыз. Елдерінен қуылып, бойкотқа тап болып, тіпті халқының қолындағы қарудан төнген ажалмен бетпе-бет келуге итермелеген де пайғамбарлардың өз халқы – «аңғал батыр». Ендеше, пайғамбар жолын өзіне мирас тұтып, ағартушылықты негізгі міндетім деп білген жандардың да бұл соқпақтарға тап келері сөзсіз. Болмаса Абай неге ғана «мыңмен жалғыз алыссын»?! Сол Абайды сабап, ел алдында масқаралаған – қазақтар. Алаш азаматтарына «Жапонның жансыздары» деп жала жауып, халық жауына айналдырған – қазақтар. Шәкәрімді қудалап, ақыры атып құдыққа тастаған да қазақтар... Аңғал батыр, сенгіш батыр, жауынгер халық, мақтаншақ халық, әрекеті аз, «әріптері көп» яғни, сөздің майын тамызатын шешен халық - қазақтар Шәкәрімді осылай қажытса керек...

Шәкәрім Қажы, Бір шумақ, Бақыттың жолы, Халық -аңғал батыр, Есқожа Ермек
Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
8 жыл бұрын 4066
0 пікір
Блог туралы
0
29830 200 345 261 209