Намазға кел...
Намазға кел...

Намазға кел ағайын, намазға кел, 

Намаз деген әуелгі құлшылығың. 
Құдайым құл ғып бізді жаратқан соң 
Жараспас белді бүкпей қырсығуың. 
Бес уақыт терлеп тізе бүге алсаң, 
Ақыретке еге алған бір шыбығың.
 Нәпсіңді тұқыртып қой тұзақ салып 
Жаныңа жұт әкелер қырсығы мың.
 Аллаһқа шүкір етіп иілместей 
Кімнен кем болып жатыр тіршілігің? 
Кешегі «құдайсыздар» қорлығы жоқ 
Сен жеткіз, білсін қызың, білсін ұлың. 
Тегіңді таныған соң терең бойлап,
 Намазға қол қусырып тұршы бүгін. 
Ауа да, жер де, су да, топырақ та,
 Күн мен ай да жасауда құлшылығын.
 Ажал тек кәрілерді жалмамайды, 
Кетті ғой талай-талай қыршын ұлың. 
Дана Абай даттап кеткен дүние емес
 Жұмаққа қарай болсын құлшынуың.
 
Намазға кел, ағалар, намазға кел,
 Намазсыз рухың қанат жайған емес. 
Қос көздің шелін емде Құранменен,
 Қашан да көз қызыққа тойған емес. 
Сәждені сағындырған нағыз намаз 
Нәпсіні тайраңдатып қойған емес
Намаздан соң әрбір іс жүйеленер 
Себебі ол, нәпсілердің жайлауы емес. 
Тік тұрып жайнамазда талған аяқ,
 Өткенде қыл көпірден таймақ емес. 
Намазға еш кедергі жоқ, себебі, 
Бұл аймақ «атеисттер» аймағы емес. 
Айналаң ары таза мұсылмандар, 
Тек қана сайтандардың сайраны емес.
 Құстардың құлқын сәрі қиқулауы 
Құлшылық, құры босқа сайрау емес. 
Ендеше сендер де кел құлшылыққа 
Бұл сөзім шын насихат, арнау емес. 
Кешегі аты шулы батыр бабам 
«Аллаһсыз» аттарына қонған емес. 
Абылайға ақылшы болған Бұқар 
Жолынан Жаратқанның тайған емес,
 Бес уақыт намаз қаза болмасын деп 
Бекерге қолын көкке жайған емес,
 «Намаз оқы, жігіттер, нансаң» деген 
Шал ақында шала ой болған емес,
 «Намаз оқып, зекет бер» деген сөздер 
Майлығожаның жай ғана ойлары емес, 
Сәжде ететін күні аңсап Мұқағали 
Себепсіз іші шерге толған емес, 
Қас жауы бабалардың қалың кәпір 
Білексіз һәм білімсіз болған емес, 
Имансыз біткен күштің ертеңі жоқ 
Сол дұшпан бұл күндері солған елес,
 Құранды басшылыққа алған бабам 
Амалды алға қойған, айланы емес, 
Жүректің іші нұрдан кем болған соң 
Білектің жуандығы пайда емес.
 
 
 
 
 
Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
9 жыл бұрын 5304
5 пікір
  • Аллаху Акбар!!!
    9 жыл бұрын
  • Көзге жас, көңілге күдік ұяласа, құтқарушың Алла ғана. Сәжденің ләззатын айтып жеткізу мүмкін емес!
    9 жыл бұрын
  • Алла қаласа бастау қиын емес. Мен он бір жыл дайындалып, бір күнде басымды сәждеге қойдым. Алланың сүйген құлы болып дүниеден өтуімізге жазсын.
    9 жыл бұрын
  • Намазды бастай алмай жүргендер көп. Намазын тастап кетіп жатқандарға нендей өкініш. Намаз - бүгінгі Миғраж түнінде парыз болған ұлық құлшылық.
    9 жыл бұрын
  • КЕРЕМЕТ!
    Намазға кел Әке-Ана, Бауырлар!!!
    9 жыл бұрын
Блог туралы
0
29830 200 345 261 209