Сағынасың әлденені,
Елегізіп тыным алмай.
«Сәби бақыт» бар деп еді,
Ұстасам ед жығып алмай.
Әлде сағым қаптырды ма,
Мендік жұтаң арға қарай.
Әлде өзін лақтырды ма,
Толқын соққан жарға қарай.
Күйттегенім қай тіршілік,
Зарлап жүрмін... кімнің зары?
Күн күрсінді, ай түршігіп,
Күнә тағы ырбаңдады.
Сабыр қылып жүремін де,
"Сөкпен" деп ем, енді ешкімді.
Күнә өзінің кілемінде,
Ашуды әкеп белдестірді.
Сабыр байғұс торғайдай-ақ,
Күнә тағы күліп кетті.
Ашу ұзақ толғанбай-ақ,
Ақылды да жығып кетті.
Сорлы сабыр жап-жас әлі,
Бұл майданға төселмеген.
Қайта ақыл жақтасады,
Күні мүлде өшер деп ем.
Себеп біреу — қамал әлсіз,
Нәпсім жыртық, жамалмаған.
Сауабымды... Арам, арсыз,
Күнә жұтты жалаңдаған,
Намаз көпті бақытты етті...
Тығылып ем қашып келіп.
Нәпсі қорқау сатып кетті,
Шайтанға есік ашып беріп.
Құлдың ісі — тәубе демек,
Күнә қанша әурелемек?
Аллам өзің нәсіп етші,
Маған терең тәубе керек.