Көңілдегi кiрбiң
Көңілдегi кiрбiң
Жаңа ғана шаңырақ көтеріп, отау құрғандарына аз ғана уақыт өткен жас ерлі-зайыпты жандар болмашы  нәрсеге бола сөзге келіп қалды. Ері "Мен отағасымын ғой, ендеше мені тыңдауың керек" деген ойымен тоңмойындылыққа салынып, әйеліне шүйліге берді. Әйелі жақ ашпағанымен артық кетіп бара жатқан ерін тоқтатпақ болып басу айтып көріп еді, мұнысына өкініп қалды. Ашуға булығып, қолы қалтырап кеткен ашулы күйеуі қалай қол жұмсап қойғандығын байқамай да қалды. Ботадай боздап жатқан әйелін тағы да бір-екі рет қойып қалды. Әйелі сөйлеп абырой таппасын білді де, дымын ішіне бұғып үн шығармады...
 
Кеш кіріп, жұрт аяғы басылған шақта көзі қанталап, жанары жастан бұлаудай болып кеткен әйелі дастархан жайды. Тіске басардың барлығын үстел үстіне қойып, тамақты еріне ұсынды да басқа бөлмеге кіріп кетті.  Бағанағы жұдырықтар мен ащы шапалақтар жүрекке дақ болып қалғандай. Шілденің шіліңгір ыстығы да жібіте алмас деп ойлады. Алайда, ашумен жасалған әрекет қой деп өз-өзін сабырға шақырумен болды. Күйеуінің қарны ашып қалса керек, тамаққа қомағайланып қойып кетті. Асқазандағы аш жыланың аздап беті қайтқан соң, тамақтың тұзы кем екендігін байқап: "Тұз  әкелші" деп дауыстады. Әйелі де:  "Қазір, әкелемін" деді де қозғалмай жата берді. Сәлден соң тағы дауыстап:  "Тұз әкелесің бе?" деді. Арғы бөлмеден "Қазір апарамын" деген әйелінің селқостау үні естілді. Біраз отырған соң қарыны тойып, көңілі жайланған ол тұз әкеліп тұрған әйелінен кешірім сұрады да: "Тұзы татымай қалған тамақты тамсана соғып алдым, қарным тойған соң тұз әкелгеніңнен не пайда?" деді. Сонда әйелі: "Жарайды, бірақ, жүрекке дақ салған соң кешірім сұрағаннан не пайда?" деді де еңкілдеп қоя берді. "Ашу - дұшпан, ақыл - дос" деген мақалдың мағынасын енді ғана ұққан күйеуі жарына ашу үсітнде әрекет жасамауға уәде берді. Екеуі де қайтадан бұрынғыдай жайраңдап, әдемі әзілдермен кешкі шайға отырды. Әй, қайдам-ау, нәзік жанның жүрегіндегі дақ кеткенімен, дақ түскен жердің ізі қалып кеткен шығар...
 
Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
9 жыл бұрын 4058
1 пікір
Блог туралы
0
29830 200 345 261 209