Көзімдi күнәдан көлегейлемесем...
Көзімдi күнәдан көлегейлемесем...
"Алла Тағала көздердің қиянаты мен жүректердің түбінде не жасырулы екенін өте жақсы біледі"
 
(Ғафир, 19-аят)
 
... не болады?
 
       Аспан айналып жерге түсіп, көз көріп, құлақ естімеген көптеген апаттар болады. Осының кесірінен бәз бір жандардың жасағандары әлі күге дейін орыны толмас өкінішке айналып, жүрекке жүк болғаннан басқа ешнәрсе берген жоқ. Тіпті, адам дейтін ардақты басымыздың бағасы арзандап, кезінде құны қырық атанға жүк болған кейбір қазыналарымыз "көзімді харамнан тыймасам не бола қояр дейсің?" деген ібілістің ілгегі арқылы баяғыда-ақ құрдымға кетіп жоқ болды. Әлі есі кіре қоймаған баланың қолына кішкентай ғана сіріңке қорабымен "не бола қояр дейсің?" деп отырып мая-мая шөптерді өртеп жібергені сияқты, болмашы нәрсе сықылданған кейбір істердің нәтижесінде көптеген жандардың өмірлері баяғыда-ақ жанып, күл болды. 
 
      Әрбір адам кристаллдан жарқырата салған сарай сықылды. Қолың тисе шашылып кетердей болып мөлдіреп тұратын өте нәзік, әрі аса құнды сарайлар. Мейірімсіздік, дөрекілік, адамның жаны шыдап тұра алмайтын қатігездіктер мен "не бола қояр дейсің" сынды көзжұмбайлықтар ол сарайдың ең қатерлі дұшпандары. Қоймаға сақтаған бір жылдық азықты бір ғана сіріңкенің талымен "не болар дейсің" деп жүріп жоқ еткені сияқты, болмашы болып көз алдаған күнәнің себебіменен жылдар бойы жинаған жан азығының күлі көкке ұшқанын көзімізбен көрудеміз. Тәніміздің  тазалығы мен деніміздің саулығы үшін мысқалдай микроп пен елеусіз вирусқа "жұқса не болар дейсің?" деп қарап отыра алмаймыз. Себебі, санасында сәулесі бар әркім-ақ, денеге жұғатын қылдай қиянаттың қасында қалың қайғы мен мәңгі мұң бар екенін жақсы біледі. 
 
      Аты аталғанда ажал қатар жүретін небір түрлі микроптар мен вирустардың бар екендігіне ешқандай дау жоқ. Денсаулықтың дегбірін қашырып, көңіл-күйді күйзеліске ұшырататын мұндай тажалмен тартысудың тәсілі, денемізге дендеп кетпеуі түгілі, тәнімізге тиіп кетпеуінің жолдарын қарастыру. Тіпті бейнеттен басқа берері болмаған бұндай микроптар бар жерден барынша қашықта боларымыз ақиқат. 
 
      Хош, денеміз үшін шыр-пыр болып, аз ғана ләззат үшін азабын тарта алмаймын деп ат-тонымызды ала қашады екенбіз, ал, руханиятымыз бен жан дүниеміздің астаң-кестеңін шығаратын микроптар мен вирустарды тани алдық па? Жүректің жұлым-жұлымын шығарып, рухымызды көктей солдыратын дұшпанға қарсы қаншалықты қарулымыз? Түшкіргенім түк етпес деп жүріп тұмауға ұшырап, емделмей жүргенде етпеттей түсіретін микроптарға мән бермей жүре берген адамның алдынан ажал атты аждаһа күтіп алары анық. Дәл сол секілді майда деп жүрген күналары айға шығарғанда, менсінбей жүрген менмендіктер меңдеп кеткен кезде, тәубе деп аталатын алтын сарайдың есігін қағуға ерініп жүрген шақтарда, кеудесіне күнә дейтін күмәнді микроптары бар адам алысқа бармай-ақ ажал құшары ақиқат. 
 
      Жасаған жамандықтарының жазасынан жасқанған жарымжан пенде жүрегіндегі жарасын жаспен жуып, шынайы тәубе жасаса тіпті үлкен күнәсінан дым қалмайтыны секілді, елеусіз көріп ескермей, ертеңгі күні етімді тіліп, бетімді қызартады-ау деместен еңсесін тік ұстап жасаған қандай да бір қателіктің жазасы қарапайым болмайтындығын ғұламаларымыз ескертеді. Себебі, дауасы дұрыс  діттелмеген аурудың артында ажал тұратыны сынды, үлкен-кішілігіне қарамастан қайталана беретін күнә керуенінің соңында күпірлік күтіп тұр. Қасындағылардан қаймығып істемеген күнәні жалғыз қалғанда жасқанбай жасайтын жан, Құдай сақтасын, бәлкім, ғайып әлемінен қалт еткізбей қадағалап тұратын "кираман кәтибин" атты ардақты жазушыларға да сенбейтін шығар?.. Бұл иманның негізгі шарттарының біріне шырт түкіріп, белінен бырт еткізіп кете беру дегенге саяды. Шіркейдің шаққаннына шыдамай, жыланның жұтқыншағына жұтылып кеткен мазасыз мақұлық сынды, кішкентай күнәнің соңынан арсалаңдай адымдаған адам байғұс,(Алла сақтасын) күні ертең-ақ күнә көпірі арқылы күпірдің қойнына құлдилап құлап кетуі ғажап емес. Күнәнің күлімсі исіне үйреніп алған кейбір кісілер, қолмен жасағанды мойынмен көтеретін махшар атты майдан мен әрбір қылығын қадағалап тұрған Құдай Тағаланың алдында тұрып есі кететін есеп күінін де жоққа шығару үшін шыр-пыр болуы да ғажап емес. Батпаққа барынша батқан жан тіпті, әрбір әрекетін, сөйлегені мен ойлағанын, миында не болып, не болайын деп жатқанын біліп тұратын Жаратушысын да жоққа шығаруы мүмкін ғой. Болмысын болмашы ләззаттарға билеткен бейшара адам дін арам еткенді адал дегісі келіп, қылғанының күнә екенін ескерткен кез-келген кісімен керісіп бағады. Неге бұндай беймазалықтан бейшаралыққа түсті? Өйткені, жасаған жай ғана қателігіне қабағы түсіп, қайғырып, күнәдан қайттым деп тәубе жасамаған-ды. Ал, сағаты соққанда жасалмаған кешірім мен тәубе, сан соқтырары даусыз. Бұл жай ғана сан соғу емес, Раббысының махаббатынан мақұрым қалдыратын мәңгілік мұңның нақ өзі. 
 
        Білесіз бе, негізінде осы күнәнің қамын күйттеген нақұрыс нәпсінің осы жағдайға тап болуы шайттанды шаттандырады, әрі басты мақсаты да осы. "Тәубе есігі енді ашылмайды, олай болса ғибадаттың ешбір мәні жоқ" дегенге сендірген соң, күпірлікке кететін келесі жолға "Қош келдің!" деп қарап отырады. Болмаса, бір ғана қыңыр тірлігіне тәубе етіп, өкініш өзегін өртеп, Раббысының рақымына өзеуреген жанның жасаған тәубесі шайтан үшін, алғашқы голды соққаннан кейін, артынша үш голды соқтырып сан соғып қалған футболшылардың өкінішінен кем түспейді. Ал, бұндай жағдайда шайтанның қоржыны қаудырап бос қалатын болғандықтан, әрі әккілігінің арқасында мұны жақсы білгендіктен, мүмкіндігінше пендені тәубе есігіне жақындатпаудың амалын істеп бағады. Қауқары аз, қажеті мол қайран адам көбінесе осы тұста алданып қалады. Байқаңыз! Ойыңызға байқағанда не істеуім керек деген сұрақ келді ме, онда былай жасайық.
 
    Ең әуелі ешбір күнәні үлкен-кіші деп бөліп жарып жатпай барынша алыс болып, тіпті, "бір қарасам не болар дейсің?" немесе "бұл жай ғана қателік қой" деген сынды шайтанның шатпақтап бастаған шырмауына түсіп қалмауды көздеу қажет. 
 
     "Бір көз салсам түк етпес", "сүйе салғаннан сағым сынып қалмас", "жақындасам жаным шығып кетпейді" деген сынды сұрқия сылтаулардан барынша басты алып қашқан жөн болады. Тікенді жолда жалаңаяқ жүргендей айналаға абайлап көз тастап, "ақырын жүріп, анық бассақ, еңбегіміз далаға кетпес".
 
Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
9 жыл бұрын 4069
2 пікір
  • Әр адам өмір бойы мән беріп өтуі тиіс маңызды мәселе.
    Аллаһ разы болсын!
    Әулиелердің қатарында болған бір ғұламаның айтқаны бар еді: "Бұрындары Құранды бір оқығаннан жаттайтын едім. Бір жолы бір әйелдің балтырына көзім түсіп кетті. Содан кейін тек екінші оқығаннан ғана жаттай алатын болдым" деген екен.
    9 жыл бұрын
  • Университетте оқып жүрген кезімде көктем мезгілінде артымда келе жатқан екі студент баланың бір-біріне айтқан сөзі есімде жатталып қалған болатын: "Күн жылына сала қыздардың осылай киінетінін-ай, көзіңді алып жүре алмайсың" деген еді менің артымда ма әлде алдымда ма кетіп бара жатқан қыздарды айтып. Сонда ішімнен "МашаАллаһ, осылай ойлайтын, көздерін күнәдан сақтайтындар көбейе берсе екен" деп ойлағанмын.
    9 жыл бұрын
Блог туралы
0
29830 200 345 261 209