Білгеніңді сезінесің бе?
Білгеніңді сезінесің бе?

...Құран Кәрімде бірнеше мәрте келетін  اِتَّقُوا للهَ  «Иттақууллаһа» сөзін «Алладан қорқыңдар» деп аудару, бұл сөздің мағынасынан сәл қиыстау кетеді. Себебі, шынайы иман келтірген, дін ақиқаттарына көзі ашылған адамның Алла Тағаладан үркуіне, қорқуына ешбір қажеттілік жоқ. Иман келтірген Хақ досы үшін Алла Тағала қорқынышты зат емес. Алла Тағаладан қорқу керек болса, кәпірлер, имансыз адамдар, көкіректері ақырет деген сенімнен жұрдай жандар қорықсын. Әлбетте, «қорқу» мағынасын беретін аяттар Құран Кәрімде көптеп кездеседі. Алайда, «Иттәқуу» сөзінің ішінде «қорқу» деген мағына жоқ. Олай болса, اِتَّقُوا  «Иттақуу» сөзін қалай түсінеміз?

Бұл сөздің, яғни, «Иттақуу» сөзінің түбірі араб тілінен аударғанда «сақтау» мағынасын беретін وَقَىَ  «Уақаа» сөзі. Бұны араб тіл ғылымында қалыптасқан баптардың ішіндегі إِفْتَعَلَ «Ифтәғала» бабына салған кезімізде «Сақтану» мағынасын білдіретін إِتَّقَىَ «Иттәқаа» сөзі пайда болады. Олай болса,اِتَّقُوا «Иттақуллаһә» сөзі «қорқыңдар» емес, «сақтаныңдар» деген мағынаға саяды екен. Ендеше, аятта келтірілген اِتَّقُوا لله «Иттақуллаһа» сөзін тікелей аударатын болсақ «Алладан сақтаныңдар» дегенді білдіреді. Алайда, бұл сақтанудың ар жағында, сезімсіз сергелдеңге түсуден сақтану, Жаратушы Хақ Тағаланың құзырына баратын күнді ұмытудан сақтану, есеп-қисапқа тартылатындығыңды сезінбей қалудан сақтану жатыр. Ендеше «Иттәқуллаһ» сөзін «Алла Тағаланың алдында жауапкер екендіктеріңді сезініңдер» деп түсінсек, түсіндірмесіне дөп түскен боламыз. Хакім Абай «Адамды сүй, Алланың хикметін сез» деген өлең жолдарында «Иттақуллаһ» сөзінің мағынасына ишара еткендей. Яғни, Алла Тағаланың құлдарына жүктеген жауапкершіліктерді мойындап, оның хикметтерін шын жүрекпен сезінуді «Алланың хикметін сез», арабша айтқанда «Иттақуллаһ» десе керек. Себебі, білуден гөрі сезу, адам баласының ғапылдықтан құтылып, салғырттықтан серпілуіне септігін тигізетін нәрсе. Айналамызда білетіндер көп, бірақ, сезетіндер аз. Кімде-кім білген нәрселерін сезінер болса, тақуа адам деген сол. Алла Тағаланың Құранындағы жақсы сипаттарға ие болған кәміл адам деп айтуға болады. Ендеше, қазіргі таңдағы проблемалар білімсіздіктен емес, сезімсіздіктен болса керек. Неге дін адамдары бірін-бірі қызғанады? Неге Ислам байрағын көтеріп жүргендер бірін-бірі ғайбаттайды? Аятты оқып отырып, хадисті түсініп отырып неліктен бірігуге, бірауызды болуға ұмытылмайды? Себебі, белгілі – СЕЗІМСІЗДІК, яғни, Алла Тағаланың алдындағы жауапкершілікті сезінбеу. Сондықтан, құр мәліметтер пенде баласын ұшпаққа шығарады деп үміт ету – ақымақтық деуге толық негіз бар. Әсілінде, адам баласынының саф фытратына, бүлінбеген табиғи болмысына «жамандық көрсе нәфрәт ету», «жақсылық көргенде ғибратләну» сынды сезімдер әу бастан-ақ берліген. Бара-бара, нәпсінің есігін ашық қалдырып, «Уа, Шәке қош, келдің!» деп малғұн шайтанның айлаларына бейқамдық танытқан пенделердің сезімдері өліп, орнын құрғақ мағлұматтар ғана жайлап алады. Қоғамда атағы алты атанға жүк болатын кейбір кісілердің сөйлесе сөзі әсерсіз, жазса кітабы дәмсіз, мақаласыз мардымсыз болып жататындығы да сезімінің орнын тұмшалап алған құрғақ мағлұматтарды жұрттың алдында еріне лықылдатып төге берудің көрінісі деп бағалаған жөн болар. Ал, бұл сезімдерді өлтіріп алмаудың бірден-бір жолы – Алла Тағаланың бізден талап еткендерін орындап, тыйған нәрселерінен қашық тұруымызбен тікелей байланысты. Құрандағы бұйрықтарды жүріп-тұрысымызбен нақыштаумен ғана жүзеге аспақ. Құдай Тағаланың бұйрықтарын орындаған кезімізде рухымызды әртүрлі метафизикалық бомбалардан қорғап тұратын сауыт кигендей әсерде боларымыз анық. Бәз бір тәпсіршілер «Иттақуллаһ» сөзін «Алла Тағаланың міндеттеріне құрметпен қарау» деп түсіндірген. Ал, кейбірі «Күнәлармен бетпе-бет келгенде босаңсымай, өзін-өзі аяқта ұстай білу» деп түйген. Бұл түсіндірмелерді жинақтай келе, اِتَّقُوا لله  «Иттақуллаһ» сөзін бір ғана сөзбен айтатын болсақ, «Алла Тағаланы құрметтеңдер» деуге әбден негіз бар. Пенделер өздерінің қатты сүйетін нәрселерін құрметтеуде алдыларына жан салмайды. Сүйген нәрсесі адам болса, оны ренжітіп алмауға тырысып, оның қасында отырғанда басына құс қонып отырғандай, әрбір қимылы мен сөзінде ағаттық кетіп қалмаса екен деп сақ отырады. Оның бұл әрекеттері әлгі сүйген адамынан қорыққандығынан туып жатқан істер емес, керісінше оған деген құрметтен туындап жатқан амал екендігі айтпаса да түсінікті. Ендеше, اِتَّقُوا  «Иттақу» сөзі өте кең мағыналарды қамтитын сөз екендігін ұғынумен қатар, бұл сөздің ішінде «қорқу» деген мағынаның жоқ екендігін білуіміз керек... 

"Әдептілік - әдемілік" ("Хужурат" сүресінің тәпсірінен үзінді)

жауапкершілік, Абай Құнанбайұлы, Сезім, Ермек Есқожа, Иттәқуллаһ, Қадір-қасиет, Аяттар мен хадистер, Білім мен сезім
Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
7 жыл бұрын 4472
0 пікір
Блог туралы
0
29830 200 345 261 209