Айболат күндердің бір күні егіс даласын қазып жүріп салафанға оралған бір зат тауып алады. Ол жан-жағына кісі жоқ па дегендей жалтақ-жалтақ қарап алды да, әлгі ораулы затты жалма-жан аша бастады. Сөйтсе, әлгі заттың бас жағына «Мұны оқыған мол қазынаға кенеледі» деп жазып қойыпты. Алайда, астындағы жазуды тани алмады. Ары-бері оқып көруге талпынып еді, түк шықпады. Енді ол істеп жатқан жұмысын жиыстырып қоя тұрды да, ауылының молдасына қарай құстай ұшты. Осы жазуды бір білсе сол кісі білер. Себебі, әжептәуір ілімі бар, әртүрлі тілдерде жазылған кітаптарды бірінен соң бірін толассыз оқып жүрген ғалым адам ғой. Айболат ауылына жеткенше «бұл қандай қазына екен, мұны қалай оқысам екен» деген оймен болды. Әдетте егістіктен қайтар жолда таныстары кездесіп қалса, әңгіме соғып айран-асыр болатын Айболат бұл жолы ешкімге мойын бұрмады. Әлгі затты ұстаған күйі молданың ауласынан бір-ақ шықты. Молдекең әлгі затты алып қарады да: - Иә, мұны оқыған қазынаға кенеледі» деп жазылған, астында араб тілінде жазылған бір дұға бар екен. Біз бұл дұғаны көбейтіп жазып алайық та, бүкіл ауылға таратайық, барша ағайын-туыс оқысын.., - деді. Айболат қарсылық танытайын десе, бәрібір барар жері болмаған соң, молданың айтқанына келісті. Молдекең әлгі дұғаны ауыл халқы оқи алатын әріптермен жазды да, бүкіл ауылға таратып берді... Содан кейін бірнеше ай өтті... Алайда, қазынаға кенелген ешкім байқалмайды. Бір күні ауыл ақсақалдарының басқосуында ауылдың абызына айналған қария тұрып: «Уа, жамағат! Мына дұғаны күніне бір мәрте оқумен іс бітпес. Көрші-қолаң, жас-кәріге хабар беріңдер, дұғаны таңғы және кешкі уақыттарда оқысын! Әлбетте, бұл тегін емес, бір кереметі болса керек!» деді... Осылайша бірнеше ай артта қалды. Бірақ, қазынаға кенелген пенде байқалмайды... Ақыры күніне әрбір кісі қырық мәрте оқысын деген шешімге келді...Тағы бірнеше уақыттан соң, бүкіл ауыл күніне жүз мәрте оқитын болды. Ары-бері тағы байқап көрді, бірақ, қазынаға кенеліп қарық болып жатқан ешкім жоқ. Қазынадан үміттері үзіле бастаған кейбір кісілер: «Ой, қоя салыңдар, бізді бос үмітке салып, мазақ қылу үшін біреулердің ойдан шығарған ойыны ғой» деп оқуды тастаса, енді біреулері «үмітсіз – шайтан» деген ұранды үкілеп алып, жатса да, тұрса да тынбай-талмай оқумен болды. Тағы да бірнеше айлар өтті, бірақ, амал қанша, байлыққа батып, қазынаға көміліп жатқан ешбір пенде байқалмайды. Осылайша ауыл халқы үміт пен үрейдің арасында жүрген күндердің бірінде ауылға бір жолаушы кеп қалады. Құптан намазын оқып болған соң, бұрын-соңды бұл естімеген бір дұғаны бүкіл жамағат жаппай оқып жатқандарына куә болады. Мешіттен шығып бара жатқанда имамды оңаша шығарып алып: «Уа, молдеке, мына жамағатыңыз оқып жатқан дұғаны маған да үйретіңізші, бұрын-соңды мұндай дұға естімеген екенмін» дейді. Оның ыстық ықыласына тәнті болған молдекең әлгі дұғаның бір данасын дереу қолына ұстата қояды. Дұғасын қолына ұстаған жолаушыны «Құдайы қонақсың ғой, менің үйіме жүр» деп бір кісі үйіне әкетеді. Ауыл халқы шаруаларын тындырып, еңкейген кәріден, еңбектеген балаға дейін ұйқы құшағына кеткенде әлгі жолаушы орнынан жайлап түрегеледі де, майшамын жағып, арабша жазылған дұғаны оқи бастайды. Кенет, қолына шам мен қағазын алып үйден шығады да, ауылдың қақ ортасында жайқалып тұрған алып шынар ағашының түбіне келеді... Тағы да қағаздағы дұғаны оқыды да, шынар ағашымен тұспалдап алып, ауылдың солтүстік жағында сылдырап жатқан өзенге қарай тартады. Ол жерге келіп, әлгі арабша дұғаны тағы да оқды да, өзенді бойлай өскен талдардың арасында ерекшеленіп тұрған үйеңкі ағашының түбіне келді. Тағы да дұға... Енді, әлгі үйеңкі ағашынан жүзін ауыл жаққа қарай қаратып тұп-тура жиырма бір қадам жасап, сол жерде жайрап жатқан қой тастардың бірінің түбін қаза бастады... Бір мезетте тастың астынан ағаш жәшікті суырып алды. Міне, керемет! Жәшіктің іші жалт-жұлт еткен алтынға толы. Көңілі өрекпіп, ерекше шаттанған жолаушы алтындарды қойын-қоншына толтырып алды да, жерге жарық түспей тұрып тайып тұрды... Таң қылаулап ата бастағаннан-ақ, ауылдың құс ұйқы қарттары тұрып алып, арабша дұғаны зырылдатып оқуға кірісті... Бірер уақыттан соң бүкіл ауылдың шамдары жанды да, күн көтерілгенше әлгі дұғаны оқумен болды... Үміттенгендері – Қазына. Халықтың күніне жүз мәрте оқып жүрген дұғаларында шынымен-ақ, дұрыс нәрсе жазылған екен...
Сөйтіп, қазынаға жолықтыратын дұғаны түсінбесе де зырылдатып оқи берген ауыл халқындай емес, түсіне, қорыта оқып, сол түсінгенін іске асыра білген әлгі жолаушы мол қазынаға кенеліпті. Ал, ауыл адамдары қолдарындағы дұғаны ертелі-кеш оқи беріпті, оқи беріпті. Тіпті, жатқа соғатын жағдайға да жетіпті... Оқысын, оқи берсін!
Бізде де мол қазынаға жолықтыратын теңдесі жоқ Кітап күнде-күнде оқылып жатыр, оқылып жатыр...