Тірі табиғат қаншаға бөлінеді?
Тірі табиғат қаншаға бөлінеді?
Биология пәнінің мұғалімі өзінің сабағын қызықты өткізу үшін, сонымен қатар алдындағы отырған "отыз миға" дұрыс тәрбие беру мақсатында әртүрлі сұрақтар қойып, мұсылманшылығы енді аяқтанып келе жатқан ұрпақтың алдындағы борышымды адал атқарсам екен деп барын салады. Бүгін де дәл солай сабаққа келе сала уақыт жоғалтпастан қарсы алдында отырған оқушыға:
 
 – Қанекей, тақтаға шығып сабақ айта ғой. Тiрi табиғат қаншаға бөлінеді?- деп сұрақ қойды. Тақтаға атып шыққан бала:
 
– Төрт түрге бөлінеді, - деді ойланбастан. Сыныптағы озат оқушыдан бұндай жауап күтпеген мұғалім: 
 
– Сен қателесіп тұрған сияқтысың, қане атап-атап айтып шықшы, жанды тіршілік иелеріне нелер жатады? - деп сұрақты тағы да қайталады.
 
– Өсімдіктер, жан-жануарлар, адамдар, балалар... 
 
Бұл жауапқа мұғалім мен сыныптағы оқушылар ду күлді де:
 
– Балалар да адамдардың қатарына кірмейді ма? - деді. 
 
– Рас айтасыз ағай, онда жанды тіршілік иелері үш түрге бөлінеді. Олар: өсімдіктер, жан-жануарлар және балалар, - деп тағы да барлығын күлкіге қарық қылды. Не болса да бұл баланың ар жағында бірнәрсені айтқысы келіп тұрғанын сезген сезімтал мұғалім:
 
– Адамдар ше? - деп сұрады. Сонда бала:
 
– Жүректеріне махаббат пен сүйіспеншілікті қазық қылып қадап, мейірімді қалыптарынан айнымағандар бала болмыстарында қалды, ал, қалғандары болса жануарлардың қатарына кіріп кетті, - деп жауап берді. Сыныптағылар сілтідей тынды. Осы сәтте мұғалімнің санасында "Сен оларды тыңдайды, түсінеді деп ойлайсың ба? Олар хайуан тәрізді, бәлкім, хайуандардан да бетер жолдан адасқан" деген аят жаңғыра берді. Үйіне жеткенше әлгі оқушының жауабы мен Алланың ақиқаты қайта-қайта ойына оралып: "Ақыл жастан, асыл тастан" деп басын шайқай берді.  Расында да, мейірімге шөлдеген қоғамның хайуаннан бетер болып кететіндігін күніге көзіміз көріп жүргені жасырын емес-ау.
Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
10 жыл бұрын 8317
5 пікір
  • Рас сөз. Адам болу оңай емес. Екі аяқтының бəрі адам емес!
    10 жыл бұрын
  • Махаббатсыз дүние бос,
    Хайуанға оны қосыңдар.
    10 жыл бұрын
  • балалы үйдің ұрлығы жатпайды деген осы
    10 жыл бұрын
  • маған блоктағы осы суретің ұнайды, өте сәтті шыққан. суретке түсе білу де өнер, әдемілікті алла да жақсы көреді. бұл да адамның өз басын алып жүрудің бір көрінісі десе де болады
    10 жыл бұрын
    • Алла разы болсын аға, айналада Алла жаратқан көркемдікті кез-келген адам көре бермейді...оны көре білу де өнер....)))
      10 жыл бұрын
Блог туралы
0
29830 200 345 261 209