"ТІЛ ТАҒДЫРЫ" деп тақырып қойып, кілең «Т» әрпімен басталатын сөздерді ғана пайдаланып жазған мына еңбекті оқып көріңіздерші. "Дүйсен деген ініммен бірлесіп отырып жазған нұсқада 500 ден астам сөз болған. Соның қысқартылған нұсқасын ұсынып отырмын, қанша «Т» қалды екен… санамадым…" Автор: МУХАМБЕДИЯ АХМЕТ
Тіл тағдыры, тәуелсіздігі – талай-талай талқылауға, талас-тартысқа түскен тақырып. Тіл тағдыры талай тарландарымызға тыным таптырмаған, түйткілі тарқамаған тақырып. Тарихты терең талдасақ, тіл тағдыры толғантқан талай танымал тұлғаларымыз түрмелерге тоғытылған, тамұққа түсіп төбеттерге таланған. Тоталитаризмнің «товарищтары» Тұрарларымызбен тапанша тілінде тілдесті. Тәуелсіздігіміздің туы тігіліп, тайпа тағдыры тұрақтағалы тіліміздің түбегейлі тірілуін, туған тұғырына тік тұрып түрақтауын тай-тұяғымызбен, түгеліміз тіледік. Тілінің тілеуін тілемейтіндердің тізіміне:
– төл тілінде түсініспейтін тексіздерді;
– тегін танымайтын тасбауырларды;
– тікішегін тезекке толтырып, тамаққа тойғанына тоқмейілсіген тоғышарларды топтастырдым.
Тағысын-тағы тізбелесек, топтасқан тұжырымсыз топастар, тіл тарихын түрпілеп түзетуге талпынып тоқайласқан тұрлаусыз тантықтар, тұрпайы түсініктерімен тәнімізге тағылған таңба тәрізді. Табаны тайғанақтап тұрған тіл тағдырына толғанбайтын, тәубені түсінбейтін, тәкаппар, төресымақ, табысқой танысыма тіл тазалығы туралы түсіндіргенімде, тулаған тайдай тарпынып, талағы тарс түсті.
– «Трагедизируешь! Таласып-тартысуға тұрмайтын тақырып. Тағынан түспейтіндердің таңдаған «трасттылық», «традициялық», «транспаренттік», «толеранттық» туралы тілшілердің тапқан терминдерінің түпнұсқасын талқылауың – тантықтардың теориясы. Так-то, Төреке !»
– «Тогда твоя теория тоже – твердолобая тупость (тәржімасы – топастық). Таңдағандарың – «тоталитарлық» тіл! Туран тіліміздің тарихи түптамырын түсінбейтіндердің, тіл тағдырын тендерге тоғытып, тікелей табысты тілейтіндердің тұжырымдамасы».
Тәйтік топаспен тәжікелесіп, түк таппадым. Тоқтадым. Тәңірден төзімімнің таусылмауын тіледім. Тіл төңірегіндегі тиіпқашпа талқылауларды түкке тұрмайтын текетіреске теңейді. Тілімізді Тойфл тәсілімен тестілеп-ақ тұғырына тұрғызбақ. Тілді тестілеп тәлімдейтін тұжырымдамаларына түсінбеймін. Тулақтай тырысқан тіліме тірек табылып, табалдырықтан төрге тартар тарихи тұлғалар табылса, тұнжырауым тарқап, түркітектес, текті тілімнің төрде тұрған тойында той-толатып тамадалық талантымды танытармын. Толғауы тоқсан тебіренісімнің тобықтай түйіні – тілімнің тағдыры. Тіл тақырыбын талдасақ:
– тіл тарихы табанға тапталған тақырып;
– тіл төркінін талдасақ – тамыры терең тақырып;
– тынысы тарылып, тығырыққа тіреліп тұрған тақырып;
– туған төрінен тұғырын таппай тұрған тақырып;
– талқылай- талқылай төзімді тауысқан тақырып;
– түбің түскір тексіздердің тәлкегіне түскен тақырып;
– тоны тігілгенмен, түймесі тағылмай тұрған тақырып;
– тіл тақырыбы – «тоқалдан туғандай» тақырып;
– табанын тас тескен, тасмаңдай тақырып;
– талапайға, талан-таражға, тендерге түскен тақырып;
– тіземен таптап, тезге тартып түзетуге төзбейтін тақырып;
– тілмашқа телмірген, тәржімашыға тәуелді тақырып;
– тар телпек тақиялы төбелтаздар түсінбейтін тақырып;
– толғағы толып, туғалы тұрған тақырып…..
Тек, тіл тақырыбының толғағы талықсып, түсік тастамауын тілейік.